in

Ту, Елтаңба, Әнұран: Мемлекеттік рәміздердің тарихы

1992 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумы жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөнінде жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларына байқау жарияланып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік Ту бойынша 1 200-ден астам эскиз ұсынылды. Елтаңба бойынша – 245 сурет жобасы мен 67 сипаттама, ал Мемлекеттік Әнұран үшін   750 нұсқа әзірленді.

Байқауға қатысушылардың алдында үлкен міндет тұрды: мемлекеттік рәміздер тек эстетикалық талаптарға сай келіп қана қоймай, тарихи, саяси және мәдени символизмге сәйкес болуы тиіс еді. Егемен мемлекеттің болмысын, рухын, мақсатын айшықтайтын көркем әрі мағыналы шешім қажет болды.

Бұл жауапты міндетті Шәкен Ниязбеков (Ту авторы), Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов (Елтаңба авторлары), Шәмші Қалдаяқов (Әнұранның музыкасы), Жұмекен Нәжімеденов (Әнұран мәтіні) секілді шығармашыл тұлғалар сәтті орындады.

Мемлекеттік рәміздерді бекіту барысында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі айрықша болды. Ол Әнұран мәтініне түзетулер енгізіп, авторлық ұжымға енді. Сонымен қатар оның бастамасымен «елтаңба», «әнұран», «нышан», «рәміз» секілді терминдер қазақ тілінде ресми түрде бекітілді.

Мемлекеттік рәміздер 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде қабылданды. Бұл күн – Қазақстан тарихындағы маңызды белеске айналды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстанның Мемлекеттік Туы – көгілдір түсті, тік бұрышты мата. Оның ортасында алтын түсті шұғылалы күн, астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнекпен көмкерілген тік жолақ орналасқан. Ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.

Геральдика дәстүрінде көк түс – адалдықтың, бейбітшіліктің, сенімділіктің белгісі. Сонымен қатар бұл түс түркі халықтарының киелі түсі болып есептеледі. Ежелгі түркілер көк аспанды Тәңірге балаған. Осыған орай, Тудағы көгілдір түс еліміздің тұтастығы мен бейбіт дамуын білдіреді.

Күн бейнесі – байлық пен молшылықтың, өмір мен қуаттың символы. Оның шұғылалары алтын масақ формасында бейнеленіп, еліміздің еңбексүйгіштігі мен берекелі болашағын сипаттайды.

Бүркіт – биік мақсаттар мен еркіндіктің, мемлекеттің қуаты мен тәуелсіздігінің символы. Ол қазақ халқының ежелгі дүниетанымында қасиетті құс ретінде қабылданған. Тудағы бүркіт – тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке ұмтылысын бейнелейді.

Сабындағы ұлттық өрнектер – халқымыздың көркемдік ойлау мәдениетін, дәстүрін және өзіндік болмысын айшықтайды. Бұл элемент Тудың көркемдік құндылығын арттырып қана қоймай, оның мазмұнын тереңдете түседі.

Қазақстан Туының жеңісті жолы

Қазақстан Туы – ел мақтанышы. Ол әлемнің ең биік шыңдарына, ең алыс нүктелеріне және ғарышқа дейін көтерілді. Сол оқиғалардың бірқатарына тоқталсақ:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Елтаңба – мемлекеттіліктің, бірегейліктің, тәуелсіздіктің белгісі. «Герб» сөзі неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» деген мағынаны білдіреді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы алғаш рет 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Жандарбек Мәлібеков – 1942 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтын бітіріп, көптеген сәулеттік жобалар жасаған. Ол «Құрмет» орденінің иегері, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі.

Ол Елтаңба жобасына үш ай бойы дайындалып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін терең зерттеген. «Шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын, босағаң берік болсын!» деген ұлттық тілек негізінде Елтаңба идеясын құрған.

Шот-Аман Уәлиханов – 1932 жылы Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік сәулет институтын бітірген. Қазақстандағы ірі сәулет жобаларына қатысқан. Елтаңба образын алғаш түсінде көргенін айтып, оны қағазға түсіріп, одан әрі тарихи-мәдени деректермен толықтырған.

Елтаңбаның негізгі элементі – шаңырақ. Бұл өмірдің, бірліктің, мәңгіліктің символы. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей уықтар тарайды. Екі жақта қанатты пырақтар бейнеленген. Олар – сақ жауынгерлерінің символдық бейнесі. Елтаңбаның шеңбер пішіні – үйлесімділік пен мәңгіліктің белгісі. Ал орталықтағы  QAZAQSTAN жазуы еліміздің халықаралық аренадағы танымал атын білдіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – бұл тек көркемдік бейнелер мен ресми нышандар ғана емес, халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық рухтың, тәуелсіздіктің, бірліктің және болашаққа деген үміттің символы. Олар – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыздың, бай мәдениетіміздің және елдік санамыздың көрінісі.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті.