Бұл тұрғыда оған «таңбалау-маркировка» атты тетік көмекке келді. Бұрын ол тек 3 тауар тобымен шектелді. Биыл тауарға таңба басу жаңа деңгейге шықты және оған іліккен өнімдер тізімі еселеп артқалы тұр. Мұның елге қандай пайдасы бар?
Таңбалы тауар – таза нарық
Таңбалауды бизнеске таңғанда, Үкіметтің басты дәйектемесі тұтынушы құқығын қорғау, осы мақсатта контрабандалық және контрафакт өнімдерге тегеурінді тосқауыл қою болды.
«2025 жылы таңбалаумен темекі өнімдері, аяқкиім және дәрі-дәрмек сияқты небәрі үш тауар тобы қамтылса, енді сыра, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, дәрілік заттар және басқа санаттар кезең-кезеңімен осы жүйеге қосылады. Бұл шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға, контрабанда мен контрафакт өнімдердің жолын кесуге, нарықтағы ашықтықты арттыруға және адал өндірушілерді қорғауға бағытталған», – делінген әлі күнге «Казмарка» тұғырнамасында.
Алайда цифрлық таңбалау сапа кепіліне айналмады. Елге заңсыз әкелінген немесе лас цехтарда қолдан жасалған тауарлар нарықта сол бұрынғыдай сатылу үстінде. Онымен күрес негізінен таңбалауға емес, жауапты құрылымдардың іс-қимылына сүйенеді. Мәжіліс депутаттары өндірушілердің тіпті жалған тауарға да таңбалау маркасын жабыстырып, оны заңды айналымға жібере алатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар таңбалауды енгізу бизнеске қосымша қаржылық және техникалық жүктеме түсіріп, тауар бағасының өсуіне ықпал еткені де жасырын емес. Осыған байланысты кәсіпкерлер енгізу мерзімдерін қайта қарауды сұрап жатыр. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін кәсіпкерлер түсіне алмай отыр. Үкімет басшысы болса, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін мойындады.
Ендеше мұның пайдасы неде? Ол салықшыға нарықта өткізілетін әрбір тауардың қозғалысын қырағы бақылап, сол арқылы бизнес нысандарынан әр сатыда толыққанды салық жинауға мүмкіндік береді. Тиісінше, тауарларды таңбалау саласына контрабандамен, контрафакт өнімдермен күреске құзырлы Әділет, Ішкі істер министрліктері, Қаржылық қадағалау агенттігі немесе басқа оқалы жағалылар емес, салық жинайтын Мемлекеттік кірістер комитеті жауап береді. Оны оператор ретінде «Қазақтелеком» жүзеге асырады.
Тапшы бюджетті толтыру мақсатында биыл бұл тетікке жан кірді. Осы бағытта жаңалықтардың үлкен топтамасы күшіне мінді. Әр дана, қорап, қалбырды таңбалау жүйесі бұдан былай тіпті киік мүйізі мен мотор майларына, ерлердің костюмі мен балалардың шұлығына дейін қамтымақ. Бұл сұр нарықты «ақтау» ма, әлде бағаның шарықтауына кезекті баспалдақ па? Оны уақыт көрсетеді.
Әзірге осы тетікті ілгерілетуге жауапты «Казмарка» порталы және «Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі» биыл сауда сөрелеріндегі өнімдердің «шығу тегін» анықтауға үлкен қадам жасалатынын жария етті. Бұл жай ғана техникалық талап емес, әрбір тауардың өндірілген сәтінен бастап, ақырғы тұтынушының қолына тигенге дейінгі жолын айқын-мөлдір ететін «цифрлық паспорт».
Жаңа белеске қадам жасау басталып та кетті. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізде сыра және сыра сусындарын цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен күшіне енді. Бұл тетік көбікті өнімнің әрбір шөлмегі мен қалбыры туралы мәліметтерді арнайы ақпараттық жүйеде нақты тіркеуге, өндіріс пен логистика кезінде оларға Data Matrix кодтарын таңуға байланысты үдерістерді қамтиды.
Нарықтың барлық қатысушысы жаңа талаптарға алдын ала дайындалып, жұмысын жаңа жағдайға бейімдей алуы үшін таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап кегтер мен бөтелкелердегі сыраны таңбалау қолға алынды. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алюминий банкілердегі сыра таңбалана бастайды. Әрі қарай 2027 жылғы 1 қаңтардан осы топқа жататын барлық тауар айналымының бүкіл тізбегі «толық қадағалау режиміне» көшіріледі.
«Ерекше атап өтеміз: таңбалау тек 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген өнімдерге қолданылады. Міндетті таңбалау енгізілген күнге дейін өндірілген, тиісінше, таңбаланбаған сыра және сыра сусындарының қалдықтарын кәсіпкерлер 1 жыл ішінде толық сатып шығуға тиіс», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары. Содан кейінгі қалдықтар заңсыз тауар деп танылады және бизнес нысандары оны өз бетінше әрі өз қаражатына жоюы қажет.
Одақ төл өзгерісін қосты
2026 жылғы 1 наурыздан бастап Еуразиялық одақ былғарыдан, теріден жасалған бұйымдарды Data Matrix форматындағы таңбалауға көшеді. Бұған дейін тон, ішік және басқасын маркировкалау бойынша Ресей мен Қазақстанда тиісті эксперимент жүргізілген-тін. Оның ақырғы қорытындылары не нәтиже әкелгені қоғамға сол бойы жарияланбады. Соған қарамастан қазақстандық тараптан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында табиғи тері-былғарыдан жасалған бұйымдарды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау қағидалары жаңартылды.
Тері бұйымдарын таңбалау ЕАЭО-да 2015 жылдан бері қолданыста. Мұндағы басты жаңалық: бұған дейін Қазақстанда айталық, әрбір сеңсең ішік, құндыз тон, бұлғын бөрікке «бақылау сәйкестендіру белгілері» (БСБ) жапсырылатын. Жапсырма тегін емес, әр данасын сатып алады. Одақ бекіткен жаңа тәртіпке сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап БСБ орнына Data Matrix форматындағы екі өлшемді штрихкод қолданылады. Осы арқылы Ресейдің тәжірибесі одаққа кіретін барлық елге таралып отыр.
Ресми түсініктеме бойынша Data Matrix – қара және ақ модульдерден тұратын шаршы немесе тікбұрыш пішініндегі екі өлшемді матрицалық штрихкод. Ол Ресейде, мысалы, киім, аяқкиім, темекі өнімдері, дәрілік заттар және басқа да көптеген тауарды міндетті таңбалау үшін пайдаланылады. Мұндай әрбір кодта тауар туралы 2-3 килобайтқа дейін шағын ақпарат сақталады. Оны ақпараттық жүйе арқылы өндіруші толтырады. Мысалы, өз деректерін, өнімнің негізгі сипаттамаларын, жарамдылық мерзімін және өзге мәліметтерін енгізеді. Дата матрикс 2D-сканер және смартфон арқылы оқылады.
Жаңа қағидаларға көшу үшін бизнесті үлкен шығынға отырғызбауы, олардың адал өнімдері тосыннан контрафакт деп танылып, жойылмауы үшін бұған дейін Қазақстанда БСБ-мен таңбаланған тауарларды 2027 жылғы 1 наурызға дейін сатуға рұқсат етілді. Сонымен бірге мүше мемлекеттер өз аумағында БСБ-мен таңбаланған тауарлардың айналым мерзімін бұдан да ұзартуға құқылы. Бірақ ол жағдайда БСБ-сы ғана бар тауарын Ресейге экпорттауына рұқсат етілмейді.
Киіктен шұлыққа дейін…
Таңбалау жүйесі 4 жаңа тауар тобымен толықты. Топ бір емес, бірнеше тауар түрінен тұрады. Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 22 қарашадағы №330-НҚ бұйрығымен таңбалауға жататын тауарлар тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұйрық бүгінде толық күшіне енді. Бірақ ондағы кейбір тауарға өтпелі кезең белгіленген. Сөйтіп, тізбеге жаңадан «сыра», «мотор майлары», «жеңіл өнеркәсіп тауарлары», «киік туындылары» топтары қосылды.
Бұл топтарды тарата кетсек, 2026 жылғы 1 ақпаннан алкогольсіз сыра; мотор майлары; компрессорлық жағармай; турбиналық жағармай; мұнай өнімдері бар майлау материалдары таңбалана бастайды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жағармайлар; антифриздер; гидравликалық және басқа мақсаттарға арналған сұйықтықтар; ашық түсті майлар; вазелин майы; металдарды өңдеуге арналған құрамдар; тотығуға қарсы майлар; электрлік оқшаулағыш майлар міндетті таңбалаудан өтпек. Ары қарай 1 желтоқсаннан бастап таза теріден, композициялы, жасанды теріден жасалған киім; трикотаж; тоқыма, мақта-мата жібінен жасалған ерлер және әйелдер киімі; төсек жаймалары, асхана, дәретхана, асүй жаулықтары ілікті.
Келесі жылғы көктем Мәскеу жақтан таңбалаудың жаңа талаптарын әкеледі. Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 2027 жылғы 1 наурыздан бастап әрбір бірлік свитер, пуловер, кардиган, кеудеше; ұқсас трикотаж бұйымдары; әйелдердің блузка, блуза және блузондары; пальто, қысқа пальто, желбегей, плащ, күрте, жадағай, шекпен және ұқсас бұйымдар; химиялық жіптерден жасалған киім заттары; орамал, шарф, мойын орамал, мантилья, бетперде және ұқсас бұйымдар; галстуктер, мойынтақтар таңбалануға тиіс.
2027 жылғы 1 қазанда таңбалану кезегі костюм, жакет, блайзер, көкірекшесі және баулары бар комбинезон, бриджи, белдемше-юбка, көйлектер, шолақ шалбарлар мен спорттық костюмдерге келеді. Жалпы, тізім өте ұзын, шұбатылып кете береді. Оған жеңіл өнеркәсіп тауарларынан, зергерлік бұйымдардан, биологиялық белсенді қоспалардан бастап киіктің қалдықтарына, тіпті шұлыққа дейін кіргізілген. Айтпақшы, былтыр атуға рұқсат етілген ақбөкеннің мүйізі-тұяқтары-тұмсықтары, сондай-ақ осы өнімдердің ұнтағы мен қалдықтары 2025 жылғы 1 қарашадан таңбалана бастады.
Әрине, салада қордаланған проблема жетерлік. Оның бәрін шешпей, шенеуніктердің таңбаланатын тауарлар ауқымын қатты арттыруын бизнес ауырсына қабылдады. Кәсіпкер Сергей Никитин одақ ішінде бұл тұрғыда Ресей және Қазақстан ғана әсіребелсенді екеніне, Қырғызстан мен Армения таңбалау түрінде бизнеске қосымша қаржылық жүктеме түсіруге асықпай отырғанына назар аудартты.
Депутаттар таңбалау шығындары тауар бағасының қымбаттауына әкелді деп алаңдайды. Премьер-министрдің өзі жуырда бизнес тарапынан көптеген тауар тобына таңбалауды кеңейтуге қатысты шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ол жауапты министрлік кәсіпкерлерге таңбалаудың маңыздылығын, оның оң әсерін түсіндіру бойынша жеткілікті жұмыс жүргізбегенін айтты.
– Тауарды цифрлық таңбалау жобасы отандық нарықты контрафактілік және сапасыз өнімнен қорғауға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру қажет, – деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің тұжырымдауынша, цифрлық таңбалау – қысқа мерзімде қиындықтар туғызғанымен, ұзақ мерзімде экономиканың көлеңкелі тұстарын сейілтіп, тұтынушының сенімін бекемдеуге, сол арқылы әділ әрі өркениетті нарық қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.
Айхан ШӘРІП
