Мәдени шара аясында ұйымдастырылған жылжымалы көрме көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Көне дәуірлерге саяхаттайтын көрмеге мыңнан астам тарихи жәдігер қойылды, әсіресе қаған тәжінің көшірмелері, алтын әшекейлер, қимақ жауынгерлерінің қару-жарағы, Үржар абыз әйелі және Шілікті қорғанынан табылған аты аңызға айналған «Алтын адамның» реконструкцияланған бейнесі ерекше қызығушылық туғызды.
Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан, Якутия және Түркиядан келген өнер шеберлерінің қатысуымен өткен гала-концерт фестивальдің сәнін келтірді. Мерекелік кештің шарықтау сәті – Берел қорғанынан табылған қасиетті Штандарт бейнесінің сахнада салтанатты түрде таныстырылуы болды. Бұл түркі халықтарының рухани тұтастығын білдіретін символ ретінде ұсынылды.
Тарихпен тілдескен жәдігерлер
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль аясында өз қорынан ерекше жәдігерлерді ұсынды. Облыстық музейдің экспозициялық көрмелермен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Альфия Бакбаеваның айтуынша, бұл шараның негізі бұған дейін Катонқарағайда өткен тарихи жиындардан бастау алады. Биыл музей тарапынан Шығыс Қазақстан аумағынан табылған, археологиялық құндылығы зор экспонаттар әкелініп, көрмеге қойылды. Бұл жәдігерлердің дені «Ұлы даланың алтыны» деп аталатын арнайы экспозициядан алынған.
Музей мамандары бірнеше жыл бойы бұл жәдігерлерді түрлі көрмелерде көрсетіп келеді. Олардың басты мақсаты – Алтай өңірін ежелден мекен еткен көшпелі тайпалардың мәдени мұрасын көпшілікке паш ету. Археологиялық деректерге сүйенсек, көне дәуірдегі тайпалар Алтайдан бастап Дунайға дейінгі аумақта тіршілік еткен.
Шығыс Қазақстанда Берел, Шілікті, Елекесазы, Қарақаба, Ақжайлау сияқты атақты қорымдар орналасқан. Осы қорымдарда 2016 жылдан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Белгілі археологтар Зейнолла Самашұлы мен Әбдеш Төлеубаев зерттеген ескерткіштерден алынған артефактілердің ішінен ең құндысы – 7-8 ғасырларға жататын алтыннан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен әшекейлер. Эксклюзивті жәдігерлердің арасында ат әбзелдері, алтынмен қапталған киім жапсырмалары, тұрмыстық заттар бар. Олардың барлығы аса шеберлікпен таза алтыннан жасалып, жоғары температурада балқытылған. Көрменің тағы бір ерекшелігі – сол дәуірдегі хан, бекзада, ханшайым тұлғаларының реконструкциясы. Археологиялық қазбалардан табылған сүйектердің негізінде олардың киімі, баскиімі, алтын бұйымдары мен тұрмыс-салтын қалпына келтіріп, көрермен назарына ұсынды. Көрмеде ерекше көзге түскен жәдігер – қаған бейнесі салынған алтын жапсырма.
«Бұл жапсырма Тарбағатай өңіріндегі Елекесазы қорымынан табылған. Ерте түркі дәуіріне жататын жәдігер сол заманның билеуші қағанының тақта отырған бейнесін бейнелейді. Археологиялық зерттеулер барысында ғалымдар алтынмен қапталған киімдер, ат мініп отырған қаған мүсіні, тіпті мөр орнатылған жүзік те тапқан. Жүзіктегі таңба – таутеке бейнесі, ол түркі қағанатындағы Ашина тайпасының белгісі болған», – дейді Альфия Нұрланқызы.
Шежірелі бейнелер
2005 жылы Таскескен – Бақты жолының бойынан табылған Үржар ханшайымы да көрмеден орын алды. Бұл – ханшайым емес, емші әйелдің бейнесі. Жанында алтыннан гөрі дәрілік өсімдіктер мен шөптер табылған. Киімі мен баскиімі емшілерге тән ерекшеліктерді көрсеткен. Тағы бір маңызды реконструкция – Қарақаба қорымынан табылған Қимақ жауынгері.
«Ол домбырасымен бірге жерленген, сол себепті «музыкант жауынгер» атанған. Оның дулығасы мен аспабының қалдығы табылып, зертханада сараптама жасалған. Сондай-ақ Тарбағатай өңірінде орналасқан Елекесазы қорымынан табылған 17-18 жастағы бозбаланың бейнесі де назар аударарлық. Бұл – сақ дәуіріндегі ақсүйек бекзаданың бейнесі. Оның мүрдесінің тонаусыз сақталып қалғаны – үлкен ғылыми олжа. Фестиваль аясындағы осы көрменің басты мақсаты – көшпенді өркениеттің тарихын Алтайдан таратып, әлемге таныту. Ал Шығыс Қазақстан – бұл өркениеттің бастау бұлағы екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін мекен», – деп атап өтті музей маманы.
Көрменің ерекше бөліктерінің бірі – Шілікті қорғанынан табылған әйелдің мойнына таққан алтын моншақ. Бұл әшекей зергерлік өнердің «зернь» деп аталатын күрделі техникасымен жасалған. Пішіні тасбақаның сауытына ұқсас бұл моншақ көне көшпелілердің эстетикалық талғамының жоғары болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар әйел киіміне тағылатын алтын жабыстырмалар да көрермен назарын аудартты. Олар өте жұқа үлбір алтыннан жасалған және нәзік жұмысымен ерекшеленеді. Десек те, көрменің ең әсерлі және бұрын еш жерде көрсетілмеген реконструкциясы – қаған бейнесі. Ол ерте түркі дәуіріне тиесілі, арнайы зерттеулер арқылы қалпына келтірілген. Бұл бейнеде қаған салтанатты түрде тақта отырған, үстінде алтынмен апталған киім, басында тәж, қолында билік нышаны бар.
Аспан астындағы музей
«Фестиваль аясында Шығыс Қазақстанның Берел жерінде ауқымды ғылыми-мәдени іс-шаралар өтті. Фестивальдің басты ерекшелігі – шетелден келген танымал түркітанушы ғалымдардың қатысуы. Германия, Түрікменстан және басқа елдерден арнайы шақырылған профессорлар Алтай өлкесінің тарихи мұраларын зерттеуге атсалысты. Мамандар сапарының басты нысандарының бірі – Берел қорымы. Бұл – №5 оба «Аспан астындағы ашық музей» деп аталады. Қорым аумағында бірнеше оба бар, бірақ олардың ішінде ерекше назар аудартатыны – 11-обадан табылған 13 жүлді аттың сүйектері. Ғажабы сол – сол заманғы аттардың әбзелдері мен жабдықтары толық сақталған. Фестиваль аясында өткен халықаралық конференцияда ерте көшпенділердің саяси этногенезі, мәдениеті, тұрмысы кеңінен талқыланды. Ғалымдар сол дәуірдегі алтын, қола, темірді өңдеу технологияларын сөз етті. Бұл металлургиялық жетістіктер – көшпенділердің озық өркениетке ие болғанын дәлелдейді. Конференцияда айтылған тағы бір маңызды ой – сақ мәдениетінің ауқымы. Ғалымдардың пікірінше, бұл өркениет тек Қазақстанмен шектеліп қалмай, кеңауқымды территорияларға тараған. Әр өңірдегі көшпенділердің тұрмыс-салты, жерлеу дәстүрі, мәдени дамуы салыстырмалы түрде зерттелді. Жиын қорытындысында мамандар ежелгі көшпенді мәдениетін «дала өркениетінің негізі» деп атап, өткен мен бүгінді салыстыру арқылы оның жаһандық маңызын көрсетіп берді, – дейді Альфия Бакбаева.
Алтайдың алтын мұрасы
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала алтыны» залы – көне көшпенділердің шеберлігін, бай мұрасын паш ететін құнды экспозициялардың бірі. Бұл залда алтыннан жасалған әшекей-бұйымдар, тұрмыстық заттар мен ат әбзелдері көрермен назарына ұсынылған. Бірақ бұл көрме музей ішінде ғана шектеліп қалмай, халықаралық деңгейде де жоғары бағасын алып келеді. Музей мамандарының айтуынша, «Ұлы дала алтыны» көрмесі соңғы жылдары бірқатар шетелдік музейлерде ұйымдастырылып, әлем жұртшылығына көшпенділер өркениетінің көркем келбетін танытты. Атап айтқанда, Ұлыбританиядағы атақты Фицуильям музейіне 15 мыңнан астам алтын жәдігер қойылып, үлкен қызығушылық тудырды. Бұл көрменің мақсаты – Еуропа елдеріне дала өркениетінің терең тамырын, өзіндік мәдениетін таныстыру болатын. Аталған көрме тек көрермендердің ғана емес, ғылыми қауымның да назарын аударды. Тіпті, әлемге әйгілі Apollo өнер журналы бұл экспозиция туралы мақала жариялап, оны әлемдегі үздік бес көрменің қатарына қосты.
Фестиваль шеңберінде «Алтайдың табиғаты» атты жылжымалы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ этноауыл аумағында халықтық қолөнерді дамыту мен ұлттық брендті насихаттау мақсатында қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Мұнда киіз басу, алаша тоқу, ағаш және тері өңдеу, зергерлік бұйымдар жасау сынды ұлттық қолөнер түрлерінен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, аймақтың талантты шеберлері өз туындыларын ұсынды. Этноауыл аумағына тігіліп, көрмеге арналған киіз үйлерде әр ауданның мәдениеті мен жетістіктері паш етілді.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде «Алтай табиғаты» атты ерекше көрме болды. Музей директорының орынбасары Есенбол Нақтыбайұлының айтуынша, көрмеде ұсынылған туындылар – Шығыс Қазақстан Өнер музейінің қорында сақталған картиналар мен этюдтар.
Экспозицияға қойылған 20 жұмыс – 10 толық картина және 10 этюд. Бұл этюдтар – 2019 жылы өткізілген халықаралық пленэр барысында бір күнде жазылған, жергілікті және республикаға танымал суретшілердің қылқаламынан туған аяқталмаған шығармалар.
Аружан НҰРМАХАН