Рух пен жігердің сыны
Айталық, мұндай бәсеке елордада алғаш рет өтті. Елімізде бұрын-соңды пара дзюдодан Әлем чемпионаты ұйымдастырылмады. Әрі бұл дода 2028 жылғы Лос Анджелес паралимпиадасына іріктеу турнирі статусына ие. Сондықтан балуандар барын салып, арманына бір қадам жақындағандай болды. Кіл мықтылар тұлпарын қосқан аламанда жергілікті жүйріктер бос қайтқан жоқ.
Иә, әуелде Ақмарал Науатбек, Ерғали Шәмей, Даяна Федосова, Жұрқамырза Шүкірбековтен жүлде күткеніміз рас. Оған қоса, елорда татамиінде бразилиялық Алана Мальдонадо, жапон Южито Широ, румын Флорин Болога, өзбек Шерзод Намозов, түрік Ибрахим Бөлүкбашы белдесті. Осыдан-ақ тартысқа толы бәсеке өтеріне күмән болған жоқ. Барлығы 10 салмақта 40 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 46, 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласты.
Жарыстың алғашқы күні сенсацияға толы болды. Жүлде күткен Ақмарал Науатбек (J2,52 келі) ширек финалда сүрінді. Қарсыласынан жеңілгенінен емес, ереже бұзған соң жарыстан шеттетілді. Бұған жанкүйердің көңілі түсті, білем. Ұзақ уақыт трибунадан қарсылық үні тынған жоқ. Мұндайды күтпеген төреші ауық-ауық артына бұрылып, жанкүйерлерге қарап қояды. Ал Даяна Федосова (J2, 60 келі) 1/8 финалда екі дүркін Паралимпиада чемпионы неміс Рамона Бруссигті қапы қалдырып, кішігірім сенсация жасады. Ширек финалда түрік Донду Есілюртке мүмкіндік бермеді. Бірақ жартылай финалда бейтарап елдің өкілі Дарья Стакановадан айласын асыра алмады. Десе де, қола үшін белдесуде Барзилия спортшысы Мария Дос Сантос Линсты таза жеңді. Бұл Даянаның жаһан додасындағы екінші медалі еді.
«Маған қола бұйырды. Финалға шыға алмағаныма қынжылдым. Сәті түспегені өкінішті. Жарысқа барынша дайындалдым. Келесі жолы алтын жүлде еншілеймін деп ойлаймын», – деді Даяна Федосова.
Сонымен, жарыстың бірінші күні пара дзюдошылар бес жүлде еншіледі. Ішінде бір алтын, бір күміс пен үш қола бар. Бексұлтан Құлмырза (J2, 81 келі) алтын алса, Ғалымжан Смағұлұлы (J2,81келі) күміспен күптелді. Ерғали Шамей (J1, 81 келі), Даяна Федосова (J2,60 келі) және Айназ Куралова (46келі, J1) қола медаль алды.
Ал жарыстың екінші күні де тартысқа толы болды. Пара дзюдоның тек спорт емес, рух пен жігердің сыны екені көпке белгілі. Бұл додада татамиге шыққан дзюдошының жөні бөлек. Ол алдымен өзімен күресте жеңіске жетіп, содан кейін жеңісті жолын жалғауға қадам басып тұр. Содан болар, мұны жанкүйерлер де жанымен түсінді. Барынша қолдады, дем берді, керек кезде сынап алды.
Әрине, екінші жарыс күнінің жұлдызы – Жұрқамырза Шүкірбеков. Ал сол күннің батырлары – Ерлан Өтепов (J1, +95 келі ) пен Бағланбек Оңалбек (J1, +95 келі ). Ерлан Өтепов қоланың жолында ширек финалда моңғол балуаны Ерденебилег Лхагвадоржды 27 секундта жеңді. Ал Бағланбек Оңалбек сол кезеңде Аустралия спортшысы Шаун Эдварсты 12 секундта таза жеңді. Екі спортшының күресіне ел сүйсініп, ақ жол тіледі. Бірақ Өтепов жартылай финалда Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ион Басокқа жол берді. Бағланбек Оңалбек болса өткен паралимпиаданың чемпионы Вилианс де Арауходан ұтылды. Ал қола үшін белдесуде екеуі де аянбай, жарқын күрес көрсетті.
Сол күннің жауһары Аяла Мереке (J2, 70 келі ) жанкүйерін жүйелі күресімен тәнті етті. Ширек финалда Лондон Паралимпиадасының қола жүлдегері Дугу Четені юко әдісімен жеңгені қандай-ды. Жартылай финалда жапон балуаны Ацуми Нишимураны таза жеңіп, финалға өткенде халық тұрып қол соқты. Осылайша, Аяла Мереке осы әлем чемпионатында финалға шыққан алғашқы ару атанды. Ал ақтық сында екі дүркін Паралимпиада чемпионы Алана Мальдонадоға жол берді. Жоғарыда жазғанымыздай, Алананың бұл бәсекеге босқа келмегенін күні бұрын сездік. Десе де, Аялаға Парижде бұйырмаған жүлдені туған топырағы сыйлады. Бұған ол қажырлы еңбек, ерік-жігер мен табанды режимнің арқасында жетті.
Қос әлем чемпионы
Есте болса, турнирдің бірінші күні 81 келіде J2 санаты бойынша финалда қос қазақ кездесті. Бірі Бексұлтан Құлмырза болса, екіншісі – Ғалымжан Смағұлұлы. Екі ұланның белдесуі 3 минут 11 секундтқа созылды. Бірін-бірі ала алмай, осал тұсты таба алмай біраз әбігерге түсті. Біразы белдесу «алтын уақытқа» ұласатынын топшылады. Алайда Бексұлтан ұрымтал тұсты пайдаланып, қарсыластың жауырынын жерге тигізді. Осылайша, ол мансабындағы алғашқы алтынның дәмін татты. Жай алтын емес, әлем чемпионатының алтыны. Құлмырза 1/8 финалда Германиядан келген Самуеэль Ван Мелледен, ширек финалда ұлыбританиялық Еван Моллойды, жартылай финалда Шахбан Курбановты жеңді. Шардараның талантты ұлы спортта шекара жоқ екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Күміс еншілеген Ғалымжан Смағұлұлы да осы тунирді жадында сақтайды. Өйткені карьерасындағы алғашқы жүлдені атына жазды. Еліміздің бәсекеге қабілетті екенін, бұл салмақта фавориттерді тәрбиелейтінін дәлелдегендей. Қызығы, Ғалымжан спорттағы мансабын 26 жасында бастаған. Нағыз ерік-жігердің не екенін, еңбектің дәмін білетін пара дзюдошы. Ол 1/8 финалда корей Донгхун Кимді, ширек финалда Оңтүстік Африка өкілі Жак Жоубертті, жартылай финалда литвалық Освалдас Барейкисті қапы қалдырды. Финалдан кейін екеуі құшақ айқастырып, жеңісті бірге тойлады. Бексұлтан Ғалымжанның да қолын көтеріп, «жеңіс біздікі» дегендей ымдады. Жанкүйердің де бойын рух кернеп, Әнұранды шырқар сәтті күтті.
Жарыстың екінші күні +95 келі салмақта J2 санаты бойынша Жұрқамырза Шүкірбеков әлем чемпионы атанды. Шүкірбековтің аянып қалмайтынын жанкүйері жақсы білді, білем. Париж паралимпиадасынан кейін «алтын алғым келген, алда әлі талай мүмкіндік болады, қазаққа алтын сыйлаймын» деген-ді. Жігіт сөзінде тұрып, әлем чемпионатының алтын тұғырына шықты. Шығып қана қоймай, жартылай финалда бітіспес қарсыласы, грузин балуаны Реваз Чикоидзені айналып өтті. Ол Париж Паралимпиадасының жартылай финалында дәл осы спортшыға есе жіберген еді. Ал шешуші белдесуде Париж Паралимпиадасының чемпионы, түрік Ибрахим Белюкбашины жеңді.
Туған жерге тарту
Туған жерге тарту дейміз бе, әлде татамидегі триумф дейміз бе, оны жанкүйердің еншісіне қалдырдық. Айтпағым, жарыстың үшінші күні ерлер мен әйелдер құрамасы командалық сында топ жарды. Бұған дейін бағынбай жүрген биік аласарғандай көрінді. Әйелдер құрамасы айналмалы жүйе бойынша күресіп, жеңіске жетті. Олар Түркия, Үндістан, Өзбекстан құрамасынан басым түсті. Тек бастапқы кезеңде бір ұпаймен Бразилияға жол жерді. Ал алтын үшін айқаста өзбек қыздарымен өткен белдесу эмоцияға толы болды. 4-3 есебімен алға шығып, тарихи жеңіс тіркеді.
Иә, ерлер де аянып қалмады. Финал нағыз драмаға толы кино десек, сценарийін жігіттер жазды. Өйткені негізгі белдесуде алма-кезек жеңіс тіркеліп, турнир овертаймға жалғасқандай әсер қалдырды. Суперфиналда Жұрқа-
мырза Шүкірбеков Париж паралимпиадасынының қола жүлдегері Марсело Касановатен ваза-ари әдісімен айласын асырды. Осылайша, ерлер құрамасы әлем чемпионатының алтынын еншіледі. Бапкерлер бөркін аспанға атып, Жекпе-жек сарайында «Қазақстан» аты жаңғырды. Жеңістен соң бапкердің «сендер нағыз батырсыңдар! Қазақстанның қандай қуатты қарсылас екенін дәлелдедіңдер! Әлем чемпионы болып бір дәлелдесеңдер, мынау – екіншісі. Мен сендермен мақтанамын» деп қолпаштады. Осыған қарап Ту ұстаған елдің тұғырдан түспегені қандай ғанибет деп марқайып қайттық.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ