in

Тәртіп пен тыныштықтың жаңа тетігі

Талқылауға Қоғамдық палата мүше­лерімен қатар заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қа­тысты.

Отырысты ашқан Айдос Са­рым Қоғамдық палата өз жұмысы барысында құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбын түрлі ас­пекті бойынша, оның ішінде есірткінің, ойынға тәуелділіктің және тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың таралуына қарсы күреске байланысты бірнеше рет қозға­ғанын атап өтті.

 – Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәсе­лелерді бөлшектеп емес, жүйелі түрде шешу керегін баса айтты. Бүгінде бұл жұмыстың жүргізілуіне қатысты негізді шағымдар бар, сондықтан осы заң пайда болды. Алда бізді үлкен реформа күтіп тұр, –деді А.Сарым.

Сондай-ақ ол бұл бағытта бір­неше түйткілді мәселе барын, оның ішінде тәуекел топтарына жататындары шешімді талап ете­тінін айтты. Ішкі істер ми­нистр­лігінің рөлі күшейе отырып, құ­қық­бұзушылықтың алдын алу мәселелерімен неғұрлым мақсатты түрде айналысуға тиіс екенін түсіну қажет. Оның сөзінше, рес­публиканың Құқықтық саясатын 2030 жылға дейін дамыту тұжы­рымдамасына сәйкес, мем­лекеттік саясаттың басым бағыты – реп­рессиялық шаралардан алдын алу шараларына екпін беру.

 Ішкі істер министрінің орын­басары Игорь Лепеха жиынға қа­тысушыларды «Құқық бұзушы­лықтың профилактикасы туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулердің ережелерімен таныстырды. Негізгі жоба аясында әкімдіктерге про­филактикалық іс-шараларды қол­дану құзыретін барлық мемле­кеттік органға беру арқылы алдын алу саласында нақты өкілеттіктер беру, қылмыстың алдын алу жүйе­сін оңтайландыру ұсы­нылады.

Бұл ретте жаңа заң қабылданған кезде қолданыстағы бес заң күшін жояды. Олардың қатарында «Тұр­мыстық зорлық-зомбы­лық­тың профилактикасы туралы» заң да бар. М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің қауым­дас­тырылған профессоры, Қоғам­дық палата мүшесі Мүсілім Ха­сенов мұндай әдіс былтыр қа­­­­был­данған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі мә­селелері бойынша заңмен нығай­тылған тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қарсы күрестің елімізде қалыптасқан жүйесіне нұқсан келтіретініне назар аударды.

 Сондай-ақ сарапшы құқық­бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі бірыңғай заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың ерекшеліктерін қарастыратын бір ғана бап бар екенін атап өтті. Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да қол­данылатын құқықбұзушы­лық­тардың алдын алудың жалпы шаралары белгіленгеніне қара­мастан, жалпы профилактикада тұрмыстық зорлық-зомбылық ерекшеліктерінің толық еске­рілмеу қаупі жоғары. 

 – «Тұрмыстық зорлық-зом­былық профилактикасы туралы» заң бірегей қорғау қызметін ат­қарады. Қолданыстағы заңды алып тастамай, керісінше, оның негізінде тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрестің ауқымы мен құрылымы кеңейетін заң қа­былдап, күшейту қажет. Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық мемле­кеттік саясаттың басты на­за­рында болып, жалпы қылмыстар ара­сында жоғалып кетпеуі керек, – деді М.Хасенов.

Жоғарғы Сот Кеңесі жа­нын­дағы сот төрелігі Академиясының қылмыстық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры Ардақ Биебаева заң жобасында құқықбұзушылықтың алдын алу субъектілері тым кең түсіндірілетінін, оның ішінде субъектілер қатарына қарапайым азаматтар да жатқызылғанын атап өтті. Оның пікірінше, ерекше мәр­тебесі жоқ азаматтарды тек про­филактикалық іс-шараларға қаты­сушылар ретінде қарастыруға бо­лады, әйтпесе бұл олардың жауап­кершілігінің орындал­мауы­на әкелуі мүмкін.

– Сонымен қатар қорғау нұс­қамасы сияқты қылмыстың алдын алудың жеке шарасын қолданудың негіздерін түсіндіру талап етіледі. Заң жобасында және қолда­ныстағы заңда әкімшілік немесе қылмыстық-процестік қамауға алу үшін негіздердің жоғы және заң­сыз әрекеттерді жасау фактісінің болуы көрсетілген. Қорғау нұс­қамасын қолдану негіз­дерінің анық еместігі уәкілетті лауазымды тұлғалар тарапынан әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзу­шылықты іс жүзінде жа­саған тұлғалар үшін жауапкер­шіліктен жалтарып, кейде сыбай­лас жем­қор­лыққа жол беретін теріс әре­кет­терге әкеп соғады, – деді Ардақ Биебаева.

 Өз кезегінде жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов заң жоба­сы­мен жұмыс барысында құқық­бұзушылықтың алдын алу, құқық қорғау органдарының қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен өзара іс-қимылына ерекше назар аудару жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар оның айтуынша, бұл мәселеде тек заң­намалық шаралар жеткіліксіз. Құ­қықбұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты нақты жос­парлауды қамтамасыз етіп, ел тұрғындарына құқықтық тәртіпті мектеп қабырғасынан бастап ен­гізу қажет.

 Мәжіліс депутаты жетілдіруді қажет ететін бағыттарға да тоқтал­ды. Атап айтқанда, «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу» ұғы­мын кеңейтіп, оған білім беру ұйым­дарының қызметкерлерін де енгізу керек. 

– Жұмыс тобының жетекшісі ретінде «Құқық бұзушылық про­филактикасы туралы» заң жоба­сын талқылау нәтижелі болады деп сенемін. Бұл жобаның мақ­саты биік, ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қоғамы үшін идеологиялық және саяси бағдар ретінде белгілеген «заң мен тәртіп» қағидасының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс, – деп түйін­деді сөзін М.Магер­рамов.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Ден­саулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, Maqsut Narikbayev University конституциялық және саяси зерттеулер инсти­туты­ның директоры Әлия Оразбаева, Қазақстанның кәсіби әлеуметтік қызметкерлерінің Ұлттық Альянсы­­ның атқарушы директоры Динара Есімова, «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК атқарушы директоры Алмас Қанатов және басқалар құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнамаға қатысты өз көзқарастарымен бө­лісті. 

Сөз соңында Айдос Сарым оты­рыс барысында айтылған пі­кір­лер мен сараптамалық қоры­тындылар Қоғамдық палатаның қорытынды ұсынымдарында жи­нақталып, заң жобаларымен одан әрі жұмыс істеу үшін жұмыс то­бына берілетінін атап өтті.

Мейір ЖАСЫН