in

Халықаралық туристік пойыз Алматыға келіп жетті

Қытайдан келген туристерді қарсы алу құрметіне перронда ұлттық өнер көрсетіліп, домбыраның әуезді күйі шырқалған салтанатты рәсім өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға қос елдің мемлекеттік және көлік салаларының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Сиань қаласының мәдениет және туризм басқармасының директоры, Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы қатысты.

Құрам 9 вагоннан тұрады. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ғалымдар, мәдениет пен спорт саласының танымал өкілдері бар. Қытайлық қонақтар бес күн бойы еліміздің оңтүстік астанасының тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, түрлі шараларға қатысады. Бағдарлама аясында төмендегідей іс-шаралар жоспарланған:

▫️1 маусым – Сиань–Алматы мәдени туризм апталығының ресми ашылуы және қарсы алу рәсімі, Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою, Туристік және мәдени әлеуетті таныстыруға арналған форум;
▫️2 маусым – Республика сарайы алдындағы алаңда өтетін ауқымды мәдени-гуманитарлық фестиваль;
▫️3 маусым – Алматы қаласының музейлері мен көрнекті орындарына экскурсиялар;
▫️4 маусым – жастар мен спортшыларға арналған іс-шаралар, соның ішінде достық матчтар мен кәсіпкер әйелдермен кездесулер;
▫️5-6 маусым – пойыздың кері бағытта жолға шығуы;
▫️7 маусым, сағат 18:30 (Пекин уақытымен) – пойыздың Сиань қаласына оралуы.

Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени қарым-қатынасты тереңдетіп, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған бастама – теміржол туризмін дамыту және Қазақстанның халықаралық туристік мәртебесін арттыруға бағытталған басым жобалардың бірі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.