Тиісті бірлескен бұйрыққа Әділет министрі Ерлан Сарсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Аталған жоба азаматтарға пәтерді сату-сатып алу мәмілесін қашықтан – банк қосымшасы немесе сайты арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Өтінім беруден бастап несие шартын рәсімдеуге, сатып алу-сату келісімін бекітуге және меншік құқығын тіркеуге дейінгі барлық процесс толық цифрлық форматта өтеді. Бұл үшін бейнеқоңыраулар, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және мемлекеттік деректер базаларымен интеграция қолданылады.
Пилоттық жобаға қатысу үшін екінші деңгейлі банктер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай болуы, жеке деректерге қол жеткізуді бақылау сервисіне қосылуы және мемлекеттік жүйелермен интеграцияны қамтамасыз етуі қажет.
Екінші нарықтағы тұрғын үйге «Цифрлық ипотеканы» қашықтан рәсімдеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Ипотекаға өтінім беру.
2. Алдын ала шарттар.
3. Жылжымайтын мүлік туралы ақпарат.
4. Банктің соңғы шешімі.
5. Сатып алу-сату шартын рәсімдеу.
6. Құжаттарға қол қою және несие беру.
Ә. МҰХАНБЕТ