Қазақ күй өнерін насихаттау бағытында бүгінгі таңда түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Бірі – кәсіби сахнада домбыра тартып, шәкірт тәрбиелесе, енді бірі – әлеуметтік желі арқылы ұлттық мұраның үнін кең аудиторияға жеткізуге тырысып жүр. Күйге деген ықылас әркімнің шама-шарқына қарай әртүрлі көрініс табуда. Мұның ешқайсысын «дұрыс» не «бұрыс» деп бөлуге болмайды. Себебі күйге деген ықыластың өзі – құнды құбылыс. Алайда бұл насихаттың барлығы дәстүрдің шеңберінен шықпай, күйдің мазмұны мен болмысын бұзбай жүзеге асса ғана өзінің шынайы құнын сақтап қала алады деп есептейміз.
Бүгінгі сөз дәл осындай бағытта жасалған ерекше бір жобаның төңірегінде. Ол – «Шежірелі құлақ күйі» деп аталады. Жобаның аты түсінікті болғанымен, мазмұны қандай? Бұл бастаманың басты ерекшелігі не? Соны саралап көрмекпіз.
«Шежірелі құлақ күй» – 20 бөлімнен тұратын деректі жоба. Бұл топтама күйді жай ғана музыкалық туынды емес, халықтың тарихи жадын, ұлттық болмысын және отарлық қысымға қарсы қару ретіндегі тілін ашып көрсетуге арналған.
Жоба авторлары отарлау дәуіріндегі күйдің трансформациясына арнайы назар аударады. Патшалық және кеңестік кезеңдердегі отаршыл саясаттың күй өнеріне тигізген ықпалы архивтік деректер мен ауызша шежіре арқылы зерделенбекші. Осы кезеңде домбыра аспабының стандартталуы, күйшілердің саяси қуғын-сүргінге ұшырауы, күйдің мазмұны мен аңыздарының идеологиялық мақсатта бұрмалануы, тыңдау мәдениетінің өзгеруі – барлығы да жан-жақты талданып, күйдің тарихи және әлеуметтік контексті қалпына келтіріледі.
Жобада «Күй – қарсылық тілі», «Репрессияға ұшыраған күйшілер», «Ашаршылық және күй», «Мәдени отарлау», «Идеология құрсауындағы күй», «Күй тыңдау мәдениетінің трансформациясы» сияқты өзекті тақырыптар қозғалады. Бұл сериялардың барлығында белгілі тарихшылар, музыкатанушылар, әлеуметтанушылар мен күйшілер бас қосып, отарлық әсердің күй арқылы қалай көрініс тапқанын ғылыми негізде, бірақ қарапайым оқырман мен көрерменге түсінікті тілде түсіндіреді.
«Күй – тек өнер емес. Ол – халқымыздың тарихы, қайғысы мен қарсылығының үні. Күйдің үнінде, шежіресі мен тағдырында отарлаудың барлық аспектілері бар. Бұл жобада біз күйді деколониал көзқараспен қайта тыңдап, оның көпшілікке беймәлім мағыналарын ашуға тырыстық», – дейді жоба жетекшісі Әннәс Бағдат.
«Шежірелі құлақ күй» жобасы – бұл жай ғана ақпараттық фильмдер топтамасы емес. Бұл – ұлттық мәдениетке, оның ішінде күй өнеріне қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған рухани қадам. Авторлар жобаның жас ұрпақтың ұлттық мұраға қызығушылығын арттырып, күйге деген көзқарасты өзгертетініне сенеді. Сонымен қатар бұл бастама ғылыми ортада да жаңа пікірталастарға жол ашады деп күтілуде.
Бүгінде жобаның үш сериясы жарыққа шықты.
«Күй – қарсылық тілі» атты алғашқы серия отарлау заманында күйдің қандай рухани құралға айналғанын көрсетеді. Бұл бөлімде Махамбет пен Құрманғазы, Қазанғап пен Сейтек сияқты күйші-қарсылардың өмірі мен шығармашылығы тарихи деректер, аңыздар және музыкалық талдау арқылы баяндалады. Күй – тек музыка емес, халықтың ішкі бұлқынысы, астыртын айтылған шындығы, отарлық қысымға берілген үнсіз жауап ретінде көрініс табады. Империяға ашық қарсы шығуға болмайтын заманда күй ғана шындықты айтып қалды. Бұл серия – күйді саяси жады ретінде ұғынуға жасалған алғашқы қадам.
«Шежірелі құлақ күй» жобасының екінші бөлімі кеңестік қуғын-сүргіннің күй өнеріне салған салмағын баяндайды. ХХ ғасырдың 30-жылдары Арқа мектебінің ондаған күйшісі атылып, олардың шығармалары мен есімдері ұмыттыруға ұшыраған. Аққыз, Әбди, Сембек, Мақаш, Ахметжан сынды тұлғалардың тағдыры арқылы домбыраның өзі де саяси айыптың дәлеліне айналғанын көреміз. Күй тек шертпе мұра емес, тарихи естелік, заман үнінің куәсі ретінде қарастырылады. Бұл бөлім – үнсіз қалған тарихтың үнін қайта естіртуді мақсат етеді.
«Шежірелі құлақ күй» жобасының үшінші бөлімі күй мен Алаш қозғалысының арасындағы рухани сабақтастықты көрсетеді. Бұл бөлімде Алаш зиялыларының күй мұрасын жинауға, сақтауға және нотаға түсіруге жасаған жүйелі жұмысы баяндалады. Ахмет Байтұрсынұлы, Махамбет Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов сынды қайраткерлердің Затаевичпен бірлесіп жұмыс істеуі арқылы көптеген тарихи күйлер хатқа түсіп, ұрпаққа жеткен. Кеңестік кезеңнің репрессиясы бұл еңбектің жолын кескенімен, күйді сақтау жолындағы күрес те, құрбандық та ұлт жадында қалды. Бұл бөлім – күйді ұлт рухының бір бөлігі ретінде сақтауға ұмтылған ерлер тағдыры туралы.
«Шежірелі құлақ күй» – ұлттық музыканы тарихи-пәлсапалық тұрғыда зерделеп, күй өнеріндегі ұмыт қалған шындықтарды қайта тірілтуді мақсат еткен ерекше жоба. Ол күйді тек көркем туынды емес, тарихи жады мен рухани қарсылықтың құралы ретінде ұсынады. Отарлық саясаттың күйшілік өнерге тигізген ықпалы нақты деректермен, архив материалдарымен және шежірелі естеліктермен дәлелденеді. Жоба мазмұны бүгінгі ұрпаққа күйді тыңдаудың да, түсінудің де жаңа қырын ұсынады. Жаңа бөлімдер әр сәрсенбі сайын жобаның YouTube арнасында жарияланып отырады.