1998 жылы 6 мамырда еліміздің еңселі елордасы – ресми Астана атауымен тарих сахнасына шықты. Сол жылы 1998 жылы 10 маусымда халықаралық тұсауы кесіліп, іле ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. VIII ғасырда қазіргі қала орнында Бозоқ атты қала болғаны туралы деректер бар.
Астана – іскерлік, мәдени, білім мен ғылымның тоғысқан орталығы ретінде әлем назарында. Жасыл желекпен көмкеріле, зәулім үйлер заманауи сәулет өнерімен түрлене түсіп, қанатын кеңге жайған әсем қала – заманауи сәулет өнерінің ең соңғы, ең таңдаулы туындысы саналады.
Мұнда 200 жылға жуық тарихы бар көне ғимараттар ғаламның соңғы ғажайыптарымен үндесе, сынын сақтап, тереңнен сыр шертіп тұр. Қаладағы ең ескі деп таңдалған ғимараттар саны – 47. Олардың ең ішінде ең көне, әрі ең таңдаулыларын санамалап көрейік…
Ең көне сарай
1834 жылдары салынған Керуен сарай, бүгінде халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге арналған мекеме. Керуен сарай атауы сан құбылып, бірде «Гостиный двор», бірде «ЦУМ», бірде Сине-Темпоре аталып, қазір халық игілігіне берілді.
Ең ескі мешіт
1838 жылы Ақмола округының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин өз қаражаты есебінен алғашқы мешіт салды. 1842 жылы мұсылман жамағатының қаржылай қолдауымен мешіт жанынан медресе ашылды.
Ертедегі көпес үйі
1846 жылы, яғни 179 жыл бұрын салынған ең көне көпес үйінде қазір – Сәкен Сейфуллин музейі орналасқан.
Ең көне шіркеу
1856 жылы салынған шіркеу Константина-Еленин шіркеуі деп аталған.
Ең тұңғыш мектеп
1907 жылы ашылған медресе қаладағы ең ескі мектеп саналады. 1912 жылы бұл мектепте жазушы, ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин балаларға сабақ берген.
Ең ежелгі сауда үйі
Қазіргі Кенесары көшесінің бойында тұрған «Астана» сауда орталығының 120 жылға жуық тарихы бар. 1905-1907-жылдары Матвей Кубрин көпес пен оның ұлдары салған бұл ғимаратта революциядан кейін қалалық кітапхана, баспахана, экономикалық бөлім жұмыс істеген.
Ең алғашқы гимназия
Бүгінде Астана қаласының мамандандырылған соты орналасқан ғимарат ХХ ғасырдың басында Мариин гимназиясы үшін салынған екен.
Қаладағы 47 көне ғимараттар ішінен ең алғашқыларын санамалай отырып, ендігі кезекте елорданың ең еңселі зәулім үйлері мен ең әсем, ең ерекше ғимараттарына да тоқталайық…
Ақорда
Ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылған ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр, үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады. Бұл ретте бірінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең.
Ең биік монумент
Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғаннан кейін бас қалада ең бірінші болып салынып бастаған ғимарат – Бәйтерек. Монумент бүгінде Астананың бас символына айналды. Құрылыстың биіктігі 97 метрді, конструкцияны айнала қоршаған шармен қоса 105 метрді құрайды. Жалпы ауданы – 36 мың шаршы метр. Жоба авторы – британдық архитектор Норман Фостер.
Астанадағы пирамида
Биіктігі 62 метр болатын «Бейбітшілік және келісім» сарайы, пирамида пішінінде салынған бұл ғимаратта әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының халықаралық конгресі және басқа да халықаралық жиындар жиі өтеді.
Ең көрікті мекен
«Астана Опера» опера және балет театры. Қазақи дәстүр мен грек-рим мәдениеті әдемі үйлесім тапқан өнер ордасы.
Ең биік ғимарат
Елорданың еңсесін асқақтатып, заңғар көкке тік шаншыла бойтүзеген ең биік ғимарат – 2021 жылы салынған 78 қабатты Абу-Даби Плаза, оның биіктігі – 311 метр.
Пішіні ерек «Хан Шатыр»
Алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатырдың құрылысы 2010 жылы аяқталды. Әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген, британдық Foster&Partners фирмасы жобалаған бұл нысанның металл қаңқасы – 2 300 тонна, биіктігі 150 метрді құрайды. Ал жалпы ауданы – 127 мың шаршы метр. Сондай-ақ ол әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді.
Ең үлкен мешіт
Астанадағы Бас мешіт сыйымдылығы жағынан әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енеді. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Сонымен қатар мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүмкіндігі бар.
«Нұр Әлем» сферасы
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ең танымал нысаны болды. «Нұр Әлемді» елорданың ғана емес, тұтас Қазақстанның жаңа символы деп атауға болады. Шар тәрізді шыны ғимараттың диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі 100 метрге жетеді. Жоба авторы, неміс сәулетшісі кіші Альберт Шпердің қиялынан туған сфера «Нұр Әлемнің», «мұнайдың соңғы тамшысы» және барша адамзаттың, болашақтың энергиясына өтетін дәуірінің символы саналады. Сондай-ақ мұнда бір уақытта 7 тоннаға дейінгі салмақты көтере алатын мөлдір шыныдан жасалған көпір бар.
Ең ұзын ғимарат
Елордадағы ең ұзын ғимарат – Министрліктер үйі. Ұзындығы 1,5 шақырым, жалпы аумағы 228 мың шаршы метрді құрайтын және 20 блоктан тұратын бұл ғимарат Үкімет, Сенат, Мәжіліс, Ақорда және алаң айналасындағы өзге де ғимараттармен бір кешенде ойластырылған және Бас жоспарға әкімшілік-тұрғын үй кешені ретінде енгізілген.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ