Жолдауда Президент ел дамуының негізгі бағыттарын қозғады. Инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту, өнеркәсіптік қаңқаны нығайту (өңдеу және тау-кен өнеркәсібі), ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні, көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру, ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлік экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде, адами капиталды дамыту – бәрі де басты назарда болады.
Агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығында өнім өндіруден бастап, оны өңдеп, толық өндірістік циклды жүзеге асыратын қолданыстағы агрохолдингтердің тәжірибесін таратуды тапсырды. Әр өңірде дайын өнім өндіруден бастап оны дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі бірыңғай тізбектер құрылуы керек. Мұнда инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді белсенді түрде тарту маңызды.
Жердің стратегиялық ресурс ретіндегі маңызы зор екенін атап өтті. 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері тұрақты айналымға тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Биыл жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тетігі өзгертіліп, шешімдер электрондық конкурстар негізінде цифрлық форматта қабылданатын болады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің спутниктік мониторингінің тиімділігі жердің сапасын, өнімділігін, жай-күйін және ауыл шаруашылығы дақылдарының таралуын кейіннен талдау үшін жасанды интеллектіні қолдану есебінен арттырылады. Кадастрлық деректерді, жер қойнауын пайдалану және инфрақұрылым жөніндегі мәліметтерді интеграциялай отырып, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы жасалады.
Қолданбалы аграрлық ғылымның жедел дамуынсыз АӨК ұзақмерзімді серпінді өсуі енді мүмкін емес. Осыған байланысты, серпінді технологияларды қолдануға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған агрономияны дамыту жоспары дайындалады.
Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның жаһандық цифрлық трансформация жағдайында орнықты дамуы технологиялық жаңартусыз және барлық салаға жасанды интеллект енгізусіз мүмкін еместігіне назар аударады. Азық-түлік қауіпсіздігінің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар экономиканың инновациялық дамуының драйвері болуға тиіс аграрлық секторға ерекше назар аударылды. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешенде және экономиканың басқа секторларында стратегиялық міндеттерді табысты іске асыру адами капиталға сүйенбей мүмкін емес. Бұл білікті мамандарды даярлау және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру мақсатқа жетудің негізі болуы керек.
2025 жылды Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Бұл, ең алдымен, өндірістік еңбек адамға да, елге де үлкен пайда әкелетіндігімен байланысты.
Сонымен қатар жеткілікті жоғары жалақысы бар мыңдаған бос жұмыс орындары толтырылмаған күйінде қалып отыр. Ал инженер, құрылысшы, ауыл шаруашылығы мамандары және мемлекет есебінен білім алған жұмысшы мамандықтарының басқа да көптеген өкілі мамандығы бойынша жұмыс істемейді, арнайы білім беруді қажет етпейтін жылдам жалақыны таңдайды.
«Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтқан тағы бір маңызды бағыт – көлік-логистикалық және туристік әлеуетті іске асыру. Президент туризмде елеулі әлеуеттің болуына да назар аударды. Сонымен қатар тежеуші фактор ретінде сала үшін сапалы кадрларға қажеттілік атап өтілді. Осыған байланысты орталық және жергілікті атқарушы органдар туризмді дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуге тиіс.
Бұл ретте мынадай құзыреттерді саралауды тапсырды: ЖАО инфрақұрылымды кешенді дамытуға назар аударуы және ол үшін жауапты болуға тиіс, ОМО шетелдік туристерді тартумен және ұлттық туристік саясатты құқықтық қамтамасыз етумен айналысуға тиіс. Бұл тәсіл туризмнің әлеуетін жүйелі және жан-жақты ашуға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауы жаһандық цифрлық трансформация жағдайында Қазақстанның нақты даму векторын белгілейді. Ел агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіптен бастап көлік, туризм және ТКШ-ға дейінгі барлық негізгі салаларға жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды интеграциялауға бәс тігуде.
Азық-түлік қауіпсіздігі мен инновациялық дамудың драйвері ретінде аграрлық секторға, сондай-ақ адами капиталға ерекше назар аударылады, онсыз ауқымды міндеттерді іске асыру мүмкін емес. Осылайша, Жолдаудың стратегиялық басымдықтары тұрақты, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымын нығайтуға бағытталған.
Талғат ЖҮНІСОВ,
сенатор