Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» фильмі Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде биіктен көрінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Картина фестивальдың басты марапаттарын жеңіп алды. Атап айтсақ, «Үздік фильм», «Ең үздік ер адам рөлі» (Ербол Төлепберген), «Үздік режиссура» (Қанағат Мұстафин) және «Үздік сценарий» (Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков) номинациясын иеленді.
Фильм режиссері Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кіріскен. 2020 жылы түсірілімін бастап, он жылдан астам уақыт зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде туынды өткен жылы үлкен экранға ұсынылып, прокатқа шықты.
Қажымұқан Мұңайтпасов – француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Ол әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық супер ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Балуан өзінің спорттық мансабында 50-ге жуық медаль мен марапатқа ие болып, ұлт мақтанышына айналды.
Айта кетейік, IPAAF-Apoxiomeno фестивалі 30 жылға жуық ұйымдастырылып келеді. Фестиваль әсіресе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайтын, көркемдік деңгейі жоғары және мәдени дамуға ықпал ететін шығармаларға баса назар аударады. Әр жылдары бұл фестивальда әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрнекті өнер қайраткерлері жеңімпаз атанған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.