in

Қазақстанда әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынды

Енді Қазақстанда мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, “AMANAT” партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс отырысында тиісті заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

– Жаппай тыйым салу емес, тек 200 адамнан жоғары сыйымдылығы бар мәдени бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы-құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдар болатын болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі. Басқа жерде ең бірінші көрерменнің, тұтынушының мүддесін алға қою керек. 25-50 мыңға билет алған көрермен «аузын жыбырлатқан әншіні тыңдау керек» деген қағида болмауы керек. Барғаннан кейін әншінің концертке деген дайындығын, деңгейін көруге құқылы деп ойлаймыз, – Ринат Зайыт.

Ал заңды бұзып, әншінің фонаграммамен ән айтуына жол берген мәдени шараны ұйымдастырушылар айыппұл арқалайды.

– Фонограмма қолдану бойынша ұйымдастырушыларға жауапкершілік қарастырылған. Бұл нормативтік құқықтық-актілерде нақты бекітіледі. Әзірге айыппұл сомасын 1000 АЕК мөлшерінде деп белгілеп отырмыз, – деді депутат.