Көрме еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің заманауи технологиялары, жоғары өнімді техникасы мен инновациялық әзірлемелері таныстырылатын ең ауқымды демонстрациялық алаң болып саналады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биылғы ауқымды шара 17-18 шілде күндері Ақмола облысындағы «Ақтық» АҚ демонстрациялық алқаптарында өтеді.
Jańa Dala / Green Day ‘2025 алаңында жақын және алыс шетелден 20-дан астам елдің 200-ден аса компаниясы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен агробизнес саласының 5 мыңнан астам кәсіби өкілі жиналады деп күтілуде. Қазақстан мен әлем ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті және келешегі зор бағыттар «Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары», «Егін шаруашылығы», «Мал шаруашылығы», «Тиімді гектар» секциялары арқылы таныстырылады.
Көрме аясында 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы мен кең қолданылатын жоғары технологиялы жабдық түрлерінің таныстырылымы мен көрсетілімі жоспарланған. Сонымен қатар іс-шара бағдарламасында мал шаруашылығы, генетика мен селекция, ветеринария, агрономия, агрохимия және органикалық егіншілік салаларындағы жетістіктер мен заманауи жаңалықтар ұсынылады.
Көрмеде жаһандық агроөндірістегі жаңа үрдістер де көрсетіледі. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі цифрлық технологиялар, өсімдіктерді биологиялық әдіспен қорғау, сүт фермаларын роботтандыру, топырақты талдауға арналған сенсорлық технологиялар, агродрондарды пайдаланудың кеңеюі, фермерлерге арналған заманауи жол талғамайтын көліктер мен пикаптар бар.
Мазмұнды іскерлік бағдарламамен қатар, техника мен технологиялар көрмесі аясында Jańa Dala / Green Day ‘2025 өз қонақтарын ғылыми-тәжірибелік мазмұнмен және қызықты шоу-бағдарламалармен қуантпақ. Олардың ішінде ет бағытындағы ірі қара мал тұқымдары арасындағы Ұлттық байқау – Jańa Dala / Green Day ‘2025-тің «Үздік бұқасы», Black Angus, Qazaq Aqbas, QALMAQ Meat өкілдерінің қатысуымен өтетін шеберлік сабақтары мен конкурстар, ауыл шаруашылығы жануарлары көрмесі және басқа да шаралар бар.
Сонымен қатар Қазақстан ветеринариялық мамандарының алғашқы құрылтайын өткізу жоспарланып отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.