in

Қазақстан БҰҰ аренаcында: дипломатиялық бастамалар мен бейбітшілік жолы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөз сөйлеп, халықаралық институттарға деген сенім дағдарысы, жаһандық қауіп-қатерлер және көпвекторлы дипломатияның мәні туралы ой бөлісті. Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, аймақтық тұрақтылық, климаттық өзгерістерге қарсы күрес, экономикалық даму және гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы бастамаларына ерекше назар аударды. Осы мәселелерге қатысты Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін, бейбітшілік пен сенімді нығайтудағы дипломатиялық стратегиясын жан-жақты бағалап, өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

 – Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың маңыздылығын атап өтті және «БҰҰ Құрылымын іріктеп қолдану оның беделіне нұқсан келтіреді» деді. Сіз қалай бағалайсыз, мүше мемлекеттер арасында консенсусқа қол жеткізу мүмкіндігі қаншалықты және мұнда Қазақстан қандай рөл атқара алады?

– БҰҰ реформасы, яғни оның жалпы қайта құрылуы жайлы П резидент бірнеше жылдан бері айтып келеді. Өйткені қазіргі көпполярлы әлемде ең басты қауіп – халықаралық нормалар мен құқықтық негіздердің толық жүзеге аспауы. Әсіресе, әлемдегі түрлі шиеленістер мен қауіпсіздік мәселелерінде, соғыстар кезінде БҰҰ сияқты ірі халықаралық ұйымның негізгі рөлін атқаруы әлсіреген. Бұл жағдай халықаралық құқықтық жүйенің сенімділігін төмендетіп, кейбір даулы мәселелерде объективті арбитр ретінде әрекет ету мүмкіндігін шектейді.

Сондықтан президент бұл мәселені БҰҰ Бас Ассамблеясында көтеріп, Қазақстанның мүмкіндіктері аясында реформалардың қажеттілігін және қазіргі дағдарысты атап көрсетті. Қалыптасып отырған реформалар аясында Қазақстан өз ұстанымын нақты көрсетті. Мұнда маңызды аспект – Қазақстанның өз беделін арттыруға бағытталған стратегиясын таныту және халықаралық аренада белсенді рөл атқару мүмкіндігін көрсету.

– Президент ядролық державалар арасындағы диалогты және жан-жақты ядролық қаруды таратпау шараларын қайта жандандыру қажеттілігін ерекше атап көрсетті. Орта державалар, соның ішінде Қазақстан, осындай келіссөздерге бастамашы немесе алаң бола алуы қаншалықты шынайы?

– Бүгінгі таңда Қазақстан тек ірі державалармен теңгерімді сақтауымен шектелмей, құндылықтарды дамытуға, қарсыластармен келіссөз жүргізуге және шекара мәселелерін шешуге тырысады. Орта державалар ретінде Қазақстан көбінесе өзінің тәжірибесіне сүйене отырып әрекет етеді.

Ядролық қару саласындағы Қазақстанның жасаған қадамдары дипломатиялық медиация тәжірибесінде айқын көрінді. Мысалы, Сирия мен Иранға қатысты келіссөздерде Қазақстанның үлесі халықаралық қауымдастық тарапынан ерекше бағаланды. Осы тәжірибе Қазақстанға көпполярлы әлемде тек ірі державалардың ғана емес, орта державалардың да дауысы естілетін мемлекетке айналуға мүмкіндік берді.

Қазақстан ортақ концепция мен бірлескен шешімдер арқылы мәселелерді шешуге шақырып отыр. Бұл қазіргі жағдайда өз үлесін қосуға нақты мүмкіндік береді. Дипломатиялық келіссөздерге бастамашы немесе алаң болу – шынайы және іске асатын мүмкіндік, себебі елдің тәжірибесі мен беделі бұл рөлге дайын екенін көрсетеді.

– Президент жаһандық шиеленіс пен инвестициялық ағындардың бөлшектелуі елдердің, соның ішінде Қазақстанның, белсенді ұстанымын қажет ететінін айтты. Қазақстанның дипломатиялық бастамалары халықаралық аренада тұрақтылық пен экономикалық болжамдылықты нығайтуда қандай рөл атқара алады?

– Қазір өршіп тұрған екі аймақ бізге жақын. Қазақстан аймағы көпжылдық шиеленістерге толы, олардың бір өте қауіпті фазасына өтуде: Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс, сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы соғыс. Қазақстан сонымен қатар Азербайжан мен Армения арасындағы келіссөздерге де үлес қосты.

Кейбіреулер «мен басты келісімге қол қойдым» деп айтуы мүмкін, бірақ біздің президентіміз осы мәселені шешуге арағайындық жасап, барынша күш салды. Президенттің әлемдік саясаттағы таңдаған стратегиясы — дипломатиялық шешімдерге басымдық беру — Қазақстанның орнын нақты көрсетті. Осы арқылы Қазақстан тек өз аймағында емес, халықаралық деңгейде де маңызды дипломатиялық ойыншы екенін дәлелдеді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанның дипломатиялық стратегиясы бейбітшілікті сақтаудан бастап климаттық бастамалар мен цифрландыруға дейін елдің әлемдік саяси картасындағы жаңа бейнесін қалай қалыптастырады?

– Қазақстанның ядролық қару саласындағы тәжірибесі, әсіресе Кеңес дәуіріндегі тарихи тәжірибені ескере отырып, Иранға қатысты келіссөздерде ерекше көрінді. Қазіргі таңда халықаралық қауымдастықтың Иранмен дипломатиялық шешімге жетуіне Қазақстанның қосқан үлесі маңызды болып саналады.

Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның медиациялық әлеуеті, мультивекторлы дипломатиясы арқасында жоғары бағаланады. Әрине, тиімділік қатысушы тараптардың шешіміне байланысты, бірақ Қазақстан әрдайым келіссөз алаңы мен медиация алаңы ретінде дайын және аймақты өз саясат ұстанымына сәйкес бейімдей алады.

Қазақстанның дипломатиялық стратегиясы бейбітшілікті сақтау, климаттық бастамалар, цифрландыру, ядролық қауіпсіздік, энергетика және экономикалық даму салаларын қамтиды. Бұл тәсіл халықаралық аренада Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырып, елді сенімді, жауапты және ықпалды мемлекет ретінде танытады.

– Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, уран банкі, атом электр станциялары, биологиялық қауіпсіздік, энергетика және мультивекторлы дипломатия саласындағы бастамалары елдің БҰҰ-дағы және жалпы жаһандық саясаттағы рөлін қалай нығайтады?

– Қазақстан әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналдардың бірін бейтарап түрде басқарған алғашқы ел ретінде өзінің тәжірибесін көрсетті. Ал 90 жылдары аясында Ресеймен серіктестікте ядролық қаруды жоюға қажетті материалдарды қауіпсіз өңдеуге мүмкіндік бердік. Бұл қауіптілікті төмендетіп, елдің үлесін арттырды.

Сонымен қатар еліміздегі уран банкі маңызды рөл атқарады. Қазақстан бейбіт ядролық мақсаттарды қолдау бағытында атом электр станцияларын салу туралы референдум өткізді және консорциум арқылы Қытай мен Ресейдің мүмкіндіктерін пайдаланып, атом электр станцияларын салуға шешім қабылдады. Биологиялық қауіпсіздік саласында да президенттің ұсыныстары батыл қадам болып саналады.

Энергетика мен климаттық тұрақтылық мәселелерінде Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытып, климаттық конференциялар өткізуге ниетті. Транзиттік логистика мен халықаралық инфрақұрылым дипломатиясы елдің имиджі мен геосаяси рөлін нығайтуда.

Қазақстанның мультивекторлы дипломатиясы халықаралық аренада елдің табысты кейсін көрсетіп, маңызды ойыншы ретінде қабылдануына мүмкіндік береді. Елдің дипломатиялық стратегиясы тек қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға ғана емес, сонымен қатар экономикалық даму мен климаттық тұрақтылыққа да бағытталған кешенді саясатты қамтиды.