– Бұл турнир жаңғырып, осымен екінші рет өтті. Биыл форматы бөлек. Спортшы қыздар жөнінде не дейсіз?
– Дұрыс айтасыз, мұндай форматтағы турнирді бірінші рет ұйымдастырдық. Әлем чемпионаты мен Олимпиадада балуандар осылай екі күн күреседі. Сондықтан оларды бір сынап алуды жөн көрдік. Бір күнде бәрі шешілмей, ертеңіне күресетін спортшы қайтадан салмақ қуалап, бабын жоғалтпаудың жолын іздейді. Психологиялық қысымға, жарыс атмосферасына қалай төтеп беретінін көргіміз келді. Өйткені алда әлемдік жарыста тосырқап қалмағаны дұрыс.
Бұрыннан көзге түсіп, күресіп жүрген қыздардың бабы мен бағы келгені 1-2-орын алғаны рас. Олардан бөлек, көзге түскен екі қыз бар. Бірі – Петропавл тумасы, 57келіде қола жүлде еншілеген Анна Стратан. Жалпы, Аннаны жастар мен ересектер қосыла жаттығу жиынын өткізгенде көрдім. Сонда белдесуін байқап, еңбекқор, алдына қойған мақсаты айқын қыз екенін білдім. 62 келіде күміс жүлде алған Әнел Шоқаева Ақмола облысынан қатысты. Талантты спортшы. Алайда осы жерде бір кілтипан бар. Былтыр жастар арасында жүлде алған қыз, биыл ересектер арасында финалист атанды. Байқасаңыз, ерлер арасында жастардан ұлттық құрамаға жету жолы қиын. Бәсеке жоғары, ал әйелдер күресінде бәсеке жоғы осыдан-ақ көрінеді. Мысалы, Шоқаева алтын алғанда оны әлем чемпионатына апаруым керек болады. Ересектерге енді қосылған қыз әлемдік аренада тосылып қалатыны белгілі. Сондықтан бәсеке бар жерде сапа да бар. Әйелдер күресін көтеру үшін өңірдегі күресті қолға алып, бапкер тартқан жөн. Көбіне, ерлерді жаттықтыратын бапкер қыздарды да қосып алады. Қазір барлық өңірде жасөспірім қыздар командасы бар. Ал ересектер арасында Атыраудан құрама шықпады, солтүстіктегі күрес нашарлап кетті. Бәсеке күшеюі үшін облыста іріктеу өтуі керек.
Иә, кей салмақта бес жыл бұрын, он жыл бұрын күресті қойып кеткен қыздар келіп белдесті. Декреттік демалыстан келіп, денсаулық жағдайына байланысты үзіліс алғаны бар. Қызығы, соның ішінде жеребе арқылы финалға шыққаны тағы бар. Ақтық сында күрескенімен, олардың амбициясы жоқ. Ойы ұлттық құрамада жүріп, айлыққа ілігу. Арасында «ішкі турнирге қатысып, оқу-жаттығу жиынына барсам болды» деп ойлайды-ау. Әлем чемпионатына қатысамын, басқа да әлемдік аренада күресемін деген сенім жоқ. Олармен жастар, жасөспірімдер құрамасында жұмыс істегенмін. Басында көрсеткіштері жақсы болғанымен, кейін отбасын құрып, декреттік демалыс алды. Ал қазір күреспей жүріп-жүріп, жарты жыл жаттығу жасап, қайтадан жарысқа шығып жүр.
– Сонда кубокте жүлдеге іліккендер арасынан ішінара іріктеп, Әлем чемпионатына жолдама бересіз бе?
– Тікелей олай емес, бірақ кубок нәтижесі ескеріледі. Әлем чемпионатына іріктеу критерийі бар. Кубок жеңімпаздарына көз жұмбаймын. Бірақ кубокте күреспей, оның алдында жүлдеге ілігіп жүрген қыздар барын ұмытпайық. Мысалы, Зейнеп Баянова, Нилуфар Раимова, Марал Тәңірберген «сен тұр, мен атайын» дейтін балуан. Олар алдағы Азия чемпионатына дайындалып жатқан соң, бұл турнирге қатыспады. Сондықтан алда Польшада өтетін жарыста кубок жүлдегерлерін апарып, аужайын байқаймын. Егер жүлдеге ілігіп, өзін көрсетіп жатса, ӘЧ-ге жолдама алуы мүмкін. Бұл жерде бәрін көрсеткіш шешеді.
– Психология жайын қозғадыңыз, ұлттық құрамада дәрігер мен психолог түгел ме?
– Арнайы бекітілген дәрігер мен массажист бар, тәжірибелі жігіттер. Айта кетерлігі, оларды Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы бекітеді. Онда басқа да федерацияның дәрігері тіркелген. Сондықтан әр жарысқа бірге ертіп бара алмаймыз. Бәрі қаражатқа тіреледі. Басқа федерацияда маңызды халықаралық жарыс өтсе, сол мекеменің дәрігеріне сапарға қаржы бөлінеді. Сонда бізге қарасты дәрігерлер қалып қояды. Солар қатардан қалмаса екен деген тілек бар. Мұны барған жерімде мәселе ретінде көтеріп, айтып жүрмін.
Психологке келсек, 2015-2018- жылдары Олимпиадада үш медаль алдық. Бұл көрсеткіштің сыры неде? Сол тұста ұлттық құрамамен Татьяна Лапшева есімді психолог жұмыс істеді. Өз ісінің шебері еді. Маманды федерация экс-президенті Ерлан Сәдуақасұлы тауып берді. Елімізде спорт психологиясы жеткілікті дамымаған. Иә, психолог көп. Анкета алып, қағаз жүзінде жұмыс істейтіні жетіп артылады. Бірақ ол не береді? Спорт психологі балуанның ішіндегісін суырып алып, жол көрсетуі керек. Кезінде Лапшева Рио олимпиадасының қола жүлдегерлері – Екатерина Ларионованы, Эльмира Сыздықованы аша білді. Спорт психологі болмаса да, ізденіп, семинарға қатысып, нәтиже шығарды. Қазір балуандардан сұрасам, «психолог керегі жоқ, анкета толтырудан әрі аспайды» деп жатады. Меніңше, әр өңірде жергілікті спорт психологі жұмыс істеуі керек. Спортшының үй-ішін, отбасы жағдайын жетік білетін, дер кезінде көмектесе алатын адам болғаны жөн. Өйткені ұлттық құрама психологі балуанмен оқу-жаттығу жиыны кезінде ғана жұмыс істейді. Оның ел аралап, спортшының жай-күйін бақылауға ресурсы жоқ, бюджет жетпейтіні тағы бар. Сондықтан осы мәселені жолға қойса игі. Жеке бапкер де осыған атсалысып, маман іздесе деймін. Мысалы, күресте жалпы дене дайындығы бар. Сол маманға да жеке бапкер спортшыны сүйреп апарып, уақытын белгілеп, бірге жаттыққаны дұрыс. Оқу-жаттығу жиынында балуанның тонусын көтеріп, функционалды жаттығуына көңіл бөлгенімізбен, екі аптаның ішінде бұлшықетін өсіре алмаймыз. Сол сияқты балуанның кітап оқып, рухани тұрғыдан өсуін де қадағалау керек.
– Кітап деп қалдыңыз, спортшының рухани тұрғыда бай болуы жетістігіне әсер ете ме?
– Әрине, күресіп қана қоймай, жан-жақты болғаны жөн. Техника мен тактика бірге жүреді. Өйткені техниканың бәрін білгеніңмен, айлаң жоқ болса, жолда қалғаның. Үйреткен әдісті сол қалпында істемей, икемдеп, нәтижелі аяқтау маңызды. Кітап ой-өрісіңді өсіріп қана қоймай, қиялыңды іске қосады. Кітаппен қатар, аспапта ойнай алса тіпті жақсы. Әлеуметтік желіде уақыт өткізбей, оқу-жаттығу жиынында кітап құшақтап жүретін қыздар бар. Бірақ санаулы. Үнемі спорттың ғұмыры қысқа екенін, одан кейінгі өмірге икемделуді нұсқаймын. Байқасам, балуандар жанына спортшы достарын жинап алады. Жоқ, басқа саладан да дос тауып, бір сәт күрестен алшақтау керек. Сонда тоқырамайсың, күреске басқа жағынан қарауды үйренесің.
–Бұдан бұрын Гюзель Манюровамен кикілжің туралы айтып қалдыңыз. Спортшы өзін ұлттық құрамадан биік қойғанда команда ішіндегі алауыздықты қалай шештіңіз?
–Бірінші тәртіпті жолға қойдым. Сол шақта 40 қыз қырық жаққа тартатын болса, не болады? Әрқайсы жеке жаттығамын, жоспарым бөлек десе, алауыздық басталады. Қандай нәтиже болмасын түбінде жүк бас бапкерге түседі. Олимпиада жүлдегері ме, басқа ма бәріне тәртіп бірдей. Жақында Шалыгина мен Кузнецованы тәртіп бұзғаны үшін Азия чемпионатынан шеттеттім. Бұларға көз жұмсам, ертең басқасы шығады. Жеке жоспарымен жүретін болса, ұлттық құраманың керегі қанша?
Рас, Гюзель бас бапкер болуымен қатар күресіп жүрді. Келе-келе федерация одан бірін таңдауды ұсынды. 2014 жылы Азия ойындарынан кейін күресті таңдады. Оны ешкім қумады, алып тастамады. Федерация конкурсынан кейін кандидаттар арасынан мені таңдады. Өйткені жасөспірімдер арасында 9 жыл жұмыс істедім, ересектер арасындағы шәкірттерім топ жарып жүрді. Таңдау маған түсіп, ұлттық құраманың арасындағы кикілжіңді реттеуге тырыстым. Бұл іс Манюроваға ұнамады. Менің жоспарыммен дайындалғысы келмеді. Өз жоспарымен дайындалуды сұрады, оған басшылық рұқсат бермеді. Содан өзім жоғарыға айтып, оның жеке дайындалуын сұрадым. Өйткені егер де нәтиже көрсетпей қалса, менің жоспарыммен дайындалғанын айтса, маған сын. Бір жағынан, бұрын бас бапкер болған соң құрамадағылар оның қас қабағына қарап жүрді. Ал екі бас бапкер жүрген жерде нәтиже болмасы анық. Кейін ол Олимпиаданың күміс жүлдесін алды. Бірақ 100 пайыз жеке дара дайындалған жоқ. Соңғы үш жарысқа менің жоспарыммен барып, дайындалды. Сондықтан жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Ол мені менсінбегені рас. Өйткені ойындағы адам бас бапкер болған жоқ. Кедергі жасағысы келді, жасады да. Бірақ бәрін еңсердік. Десе де тік сөйлеп, ойын ашық айтатын спортшы. Сол қасиетін бағалаймын. Осындайда тәртіп болмаған жерде жетістікке орын жоғын ескеру керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ