Осыдан 9 жыл бұрын Иордания тәуелсіздігінің 70 жылдығына арналған шарада мемлекет патшайымы Рания әл-Абдулла қазақ бойтұмарын тағып шыққан еді. Әшекейді жасаған зергер, реставратор Берік Әлібайдың есімі осы ақпараттан кейін баспасөз беттерінде біраз талқыланды. Кейінірек «өз үйін жеке музейге айналдырыпты» деген хабарды естідік. Жақында ұлттық өнерді ұлықтап жүрген зергердің музей-үйіне барудың сәті түсті. Астанадағы Қордай 54 мекенжайында орналасқан мұражайды бірден аңғаруға болады. Себебі есіктің кіреберісінде Сақ патшайымы Томирис пен Алтын адамның айбарлы бейнесі менмұндалап тұр. Дегенмен шағын ауданда орналасқан музейді қала тұрғындары көп біле бермейді екен. Бізді жеткізген такси жүргізушісі де бұл жерге алғаш рет келгенін, міндетті түрде қайта оралып, мұражайды аралайтынын айтты. Музейге келген қонақтарды Берік аға өзі қарсы алуға тырысады. Бізді де кірген сәттен бастап, жылы қабақ танытып күтіп алды.
Жалпы Берік Әлібайдың қазақ қолөнеріне деген махаббаты жастайынан басталған. Бала күнінде ауылдағы ақсақалдардың ұстаған қылышы мен таққан өңіржиегіне қызығып, сол заттардың сиқырлы бір әлемге бастайтынын сезген. Кеңестік кезеңде ұлттық дүние туралы ашық айтуға да, оны жинауға да болмайтын. Бірақ жас Берік ата-бабасынан жеткен құнды мұраны сақтап қалуды мақсат тұтты.
– Мен бұл экспонаттарды сонау бала кезден жинадым десем болады. Музейде атамнан, әкемнен қалған құрал-саймандар бар. Олар 70-жылдардан келе жатыр. Менің атам ұста болған кісі. Балалық шағымда атамның жасағандарын көріп өскеннен болар, бойымда осындай бір қызығушылық пайда болды деп ойлаймын. Кейін ер жеткен кезде қару-жарақтар жинап бастадым. Пышақ, қылыш, семсер сияқты бұйымдарды жинауды әдет қылдым. Сол заманның ерекшілігі шығар, барлық бала қылыш, пышақ сындыларға көп қызығатын. Кішкентайымыздан батырларымыздың ұстаған қаруларын көргеннен бе, әйтеуір патриоттық сезіміміз оянатын. Одан кейін 90-жылдардан бастап мен зергерлікпен айналыса бастадым, – дейді шебер.
2016 жылы Берік аға үйінің есігін туристерге ашты. Ал 2017 жылы Астанада өткен EXPO көрмесі оның ісіне серпін берді. «EXPO үшін миллиондаған турист келейін деп жатыр дегенді естіп, еліміздің туризмін дамытуға, өзіміздің этнографиялық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық бұйымдарымызды көрсетеміз деп осы үйімді босатып, музейге айналдырған едім. Басында уақытша көрме деп жасаған едік. Кейіннен халықтың сұранысынан, келушілердің көп болуына байланысты осындай әдемі музейге айналды» дейді ол.
Қазір бұл музейге туристік компаниялар шетелдік қонақтарды тұрақты әкеліп тұрады. Ал әлеуметтік желідегі аз ғана видеолардан кейін қазақтардың өзі де жиі келе бастаған. Қазір ол тұрып жатқан үй толықтай музейге айналған. «Мемлекеттен көмек болған жоқ. Біз тек жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп отырмыз» дейді Берік аға. Бірақ оның көздегені атақ та, қаражат та емес. Оның ниеті – халыққа қызмет ету, ұлттың рухын ояту. «Қазақтың осындай өнері бар екенін шетелге көрсету – басты мақсат», – дейді ол.
Бұл – бизнес емес, миссия
Музейдің іргесін қалауда Берік ағаның жары Гүлнәр ханымның рөлі зор. «Әлі есімде, Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының шағын жатақханасында тұратын едік. Сол уақыттарда қолымдағы қаржыға күнде бір экспонат сатып аламын. Сондай бір күндерде келіншегім: «Қашанғы жерге жата береміз? Бір диван алайықшы» дейді ғой. Сол кезде бір ұялғаным бар еді. «Қаншама білезік, сақинаны сатып ала беріп, бір диван алмаппын ғой» деп бірден «Мерей» комбинатынан бір қызыл диван сатып алып келгенмін. Міне, осындай уақыттарда жолдасым қолдамаса, мен осыншама коллекция жинамас та едім» дейді ол.
Берік аға үшін демалыс деген ұғым ұмыт қалған. Бар тапқанын экспонат алуға жұмсап келгенін өзі де жасырмайды. Оның ішінде қазақтың ұлттық әшекейлері – өңіржиек, бойтұмар, білезік, сақина мен сырғалар; жауынгерлердің қару-жарағы – қылыш, найза, айбалта; батырлардың мінген ер-тұрмандары, сауыт-саймандары мен тұрмыстық бұйымдары бар. Әрбір бұйымның өзіндік тарихы, иесі болған. Тіпті, кейбір экспонаттармен жылдап саудаласқан кездер де болыпты.
– Бұрынғы келісімдерім есімде жоқ. Кейінгілерден EXPO көрмесі кезінде оңтүстіктен келген бір әйел өңіржиек алқасын сатуға қойған еді. Сол әйелмен бағасына келісе алмай ұзақ жүрдім. Басында алқасын 3 миллионға бер дегенге көнбеді. Біраз адам бағасына келісе алмай ақыры сатылмай кетті. Кейіннен 6-7 жыл өткеннен кейін сол кісі хабарласып, ақыры басқа бағаға келісіп алдым. Экспонаттардың ішіндегі ұзақ келісілгені осы шығар. Себебі маған дейін де бұл алқа талай жыл сатылмай жүріпті, – дейді зергер.
Күміс – денсаулық пен тазалық кепілі
Берік Әлібай – тек коллекция жинаушы емес, шебер зергер. Ол темірді де, асыл тасты да сөйлете алатын қолөнер иесі. Бірақ Берік аға алтынмен жұмыс істемейді. Оның бұл шешімі — тек кәсіптік емес, рухани ұстанымнан туған таңдау.
– Алтынмен жұмыс жасамаймын. Алтын жүрген жерде шайтан жүреді, – дейді шебер. – Алтынды тек сәндік, әшекейлік мақсатта пайдалануға болады. Менің қолөнерімнің негізі – күміс. Қазақ күмістің адам денсаулығына пайдалы екенін ертеден білген. Оның табиғаттағы микробтарды өлтіретінін, уланған суға күміс тастап ішсең уы дарымайтынын ата-бабаларымыз жақсы білген.
Қазір Қазақстанда күміс өндіретін зауыттар бар. Берік аға сол зауыттармен арнайы келісімшарт арқылы жұмыс істейді.
– Мемлекетке тіркеліп, нөмір аламыз. Сол нөмір арқылы шикізатты заңды түрде сатып аламыз. Қазір күміс табу – қиын емес, тек ниет керек, – дейді ол.
Берік Әлібайдың музей-үйінде металл бұйымдар ғана емес, киізден, тері мен ағаштан жасалған түрлі жәдігер сақталған. Бірақ олар ерекше күтімді қажет етеді.
– Киіз – тірі дүние. Қазір жасалған киізге көбелек, құрт түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін күн сайын қарап отырамын. Ең қызығы, ХХ ғасырдың басындағы киіздерге көбелек қонбайды. Өйткені ол кезде бояуға улы шөптер, жусан қосатын. Бүгінгі синтетикалық бояулар оған жетпейді, – дейді шебер.
Ол музей тәжірибесіне сүйене отырып, әр бұйымның сақталу температурасы мен ылғалдылық деңгейін бақылайды. Мұны өзі жылдар бойы үйреніп, шәкірттерге де үйретіп келе жатыр.
Бір қылыштың құны – бір үй
Берік Әлібайдың қолынан шыққан дүниелердің құны кейде ақшаға шақталып өлшенбейді. Бірақ соның ішінде ерекше есте қалған бір оқиға бар.
– 1996 жылы Алматыға Малайзияның премьер-министрі келді. Орталық музейде сувенир сататын дүкен болған. Соған өзімнің шеберлікпен жасаған қылышымды апарып, матамен керіп, төрге іліп қойған едім. Ол қылышты мен бір үйдің құнындай өте жоғары бағаладым. Солай күндердің бір күнінде Малайзия премьер-министрінің көзі түсіп, сатып алып кетті. Соның ақшасына Алматыдан үй алдым, – дейді зергер.
Бұл оқиға – өнердің шынайы бағалануының дәлелі. Қазақтың зергерлік өнері мен шебер қолдың қадірін түсінетін жан үшін ол жай ғана бұйым емес, тұтас мәдениеттің, рухтың символы.
– Өз қолыңнан шыққан еңбекті өзің бағаламасаң, оны өзгеден күту қиын. Ал өз өнеріңді құрметтесең, бағалайтын адам табылады, – дейді Берік Әлібай.
Берік аға қазір жас шеберлерді тәрбиелеумен де айналысады. Зергердің туған жері Меркі ауданындағы Қызылсай ауылынан 30-дан астам зергер мен шебер шығыпты. Олардың әрқайсысы қазақтың ұлттық өнерін жалғастырып келеді.
– Ұлттық өнер – тек қолөнер емес, бұл – рухани тәрбие, мәдени иммунитет. Осы дәстүр үзілсе, біз кім екенімізді ұмытамыз, – дейді шебер.
Ұлы Абай 33 қара сөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Өнерді сенен ешкім тартып ала алмайды. Өйткені өнер адам бойындағы қасиет. Берік Әлібайды үйіне іздеп келетін халықтың қарасы көп. Өзінің айтуынша, тапсырыс та аз емес.
– Қазақ мінген атына да тұмар таққан. Тұмар тіл көзден сақтайды. Алыс жолға шыққан адам тұмарының ішіне ауылының топырағынан салып алған. Егер де барған жерінде жазым болса, сол туған жерінің топырағын бірге көмген. Ислам діні келгеннен кейін тұмардың ішіне Құранның сүрелерін жазып немесе ата-анасының тілегін жазып, бойына тағып жүрген. Кейінгі кездері «Тұмар тағу– Аллаға серік қосу» деп жаңсақ пікір пайда болып кетті. Бірақ тұмар атам заманнан келе жатқан әшекей. Иордания патшайымы Рания әл-Абдулла тұмар таққаннан кейін тұмаршаға деген сұраныс артты. Қанша тұмар жасасақ, соншасы сатылып кете береді. Күніне он шақты жасайтын біз цех емеспіз. Айына бір тұмар жасауымыз мүмкін, – дейді зергер.
Жалғыз ұлдың құлағын тесіп, сырға тағыпты
Берік Әлібайдың айтуынша, қазақ зергерлік бұйымдарға ақық тасын қолданған. Өйткені ақық Қазақстанның барлық өңірінде бар. Музейдегі бұрынғы заттарды қарасаңыз, барлығында ақық тасы қолданылған. Бирюза, маржан тасты көп пайдаланған. Бирюза оңтүстікте, Келіншектауда, Шет ауданында, Майқайың ауданында бар. Бирюза – шетелдегі аукциондарда сатылатын құнды тас. Ал біздің халық табанының астында жатқан байлықты байқамайды. Бирюза жердің астында 30-40 метр тереңдікте өседі. Ортасын жарып қарасаңыз, іші аспан көк түсті.
– Сол тастарды шикізат ретінде сатып алып, өңдеп пайдаланамыз. Бирюза – адаммен бірге өмір сүретін тас. Адамның көңіл күйіне қарай түстерін өзгертіп отырады. Тас та табиғаттың бір бөлшегі. Адам жаман ауруға шалдықса, таққан тас та ағарып кетеді екен. Маржан тас Жібек жолы арқылы сонау Қызыл теңізден, Араб мемлекетінен, Үндістаннан қазақ жеріне келген. Маржан тастардан ішек, асқазан ауруларына дәрілер жасаған деп айтады. Зоб ауруына да маржан тастары бар моншақтар таққан. Тастар адаммен бірге өмір сүреді, адамға қызмет етеді. Қазір адамдар жұлдыз жорамалына, туған күніне байланысты тастар тағады, – дейді зергер.
Қазір жастар арасында басының бос екенін білдіру үшін жіптен жасалған білезік тағу трендке айналды. Ал қазақта тұрмыс құрмаған қыз «құстұмсық жүзік» таққан. Себебі жүзіктің басы құстың тұмсығына ұқсатып жасалған. Ал құс еркін, қай жерге қонатынын да, ұшатынын да өзі біледі. Сондықтан қыздың басы бос екенін үлкен тойларда жеңгелер қолындағы жүзігіне қарап білген. Қыз құстұмсық жүзігімен бірге ұзатылған. Барған жерінде бақытты болса, құстұмсық жүзікті орамалға орап, төркініне беріп жіберген. Жүзік келген кезде ата-анасы «қызымыз барған жерінде бақытты екен деп» шағын той жасаған. Ал құстұмсық жүзік келмей қалса, ата-анасы уайымдайды екен.
– Ол кезде ажырасу деген атымен болған жоқ. Күйеуі қайтыс болып кетсе де, әмеңгерлікпен қайта тұрмыс құрған. Қазақ жесірін жылатпаған халық қой. Ал қазір салт-дәстүріміз де ұмыт болды. Ажырасу да көбейді. Неке сақинасының баламасы да болған. Оны қазақ «отау жүзік» деп атаған. Пирамида, сәукеле тәрізді жүзік. Қыз босаға аттағаннан кейін енесі отау жүзікті келініне тағып «осы шаңырақтың түтінін түтет, ұрпағын көбейт» деп ырымдаған. Отау жүзік ұсақ-ұсақ бүршіктерге ұқсайтын элементтерден құралған. Мұның да мағынасы тереңде. Құдағи жүзікті қазір екі жас үйлене салып, құдалар бір-біріне тойда тағып жатады. Бұл дұрыс емес. Құдағи жүзікті бір жылдан кейін қыздың шешесі құдағиына беруі керек. Кейде қыздың анасы құдағиына риза болмаса, ол жүзікті бермеуі де мүмкін. Ал жүзіктің көлемі құдағиының ризашылығына қарай болған. Қазақ ыммен түсініскен халық. Қазір бетің бар ма, жүзің бар ма демей бірден ұрысқа бой алдырамыз. Отағасы үйіне кірген кезде қамшысын босағаға тастай салса әйелі «күйеуім асығыс екен» деп тез шай дайындаған, – дейді Берік Әлібай.
Зергердің айтуынша, ер адамдар тек күміс әшекейлер таққан. Кейбір азаматтар сырға таққан.
– Мысалы, менің әкемнің құлағында сырғаның тесігі бар. Өйткені әкем бір әкеден, бір шешеден жалғыз болған. Жалғыз ұлдың құлағын тесіп, сырға тағыпты. Жаудың өзі құлағында сырғасы бар азаматтарды өлтірмеген. Бұл сонау сақ заманынан келе жатқан дәстүр. Мысалы, Алтын адамның құлағынан да сырға табылған. Бала тоқтамағаннан кейін әкемді басқа біреуге беріп жіберіпті. Кейін үш қап тезекке қайта сатып алыпты. Сосын сол заманда белінде кемер белдігі жоқ еркек болмаған. Өйткені белдік ең қадірлі сыйлықтардың бірі болып саналған. Кемер белдік таққан азаматтың сегіз көзіне де суық тимеген,– дейді зергер.
Ауыр атлетикаға қатысатын спортшылар қазір беліне дәл сондай жалпақ белдік тағып жүр. Кемер белдік ауыр көтергенде де көп көмектескен. Бүгінде кемер белдік тұрмыста қолданылмаса да, сыйлық ретінде ұсынылып жүр. Бір өкініштісі, осындай ұлттық бұйымдарымыз Наурыз мерекесінде ғана еске түседі.
Музейде Абайдың түпнұсқа домбырасы бар
Берік Әлібайдың музей-үйіндегі экспонаттар санына жету мүмкін емес. Орналасқан жері шағын болса да, коллекцияның көлемі ауқымды. Біз зергерден қанша экспонаты бар екенін де сұрадық.
– Қазақ баласының санын айтпаған. Сол сияқты мен де музейімде қанша экспонат бар екенін нақты білмеймін. Соңғы кездері экспонаттарымның санын жиі сұрап кеткен соң ең оңайы ғой деп коллекциямдағы картиналарды санадым. 1970-1980 жылдардан бергі қазақстандық суретшілердің майлы бояумен, сулы бояумен салған 600 картинасы бар екен. Ал қолөнер бұйымдарының санына жете алмай қойдым. Қазір музейдегі қызметкерлер санын көбейтіп, музей ретінде мәртебе алсам ба деп экспонаттардың санын есептеуге күш салып жатырмын, – дейді ол.
Музейдегі ең көне экспонаттар сақ, сармат дәуірінен келе жатқан – қола қазандар. Ал белгілі тұлғалардан Абай Құнанбайұлының түпнұсқа домбырасы бар. Алатау деген батырдың найзасы да сақталған.
– Біздің ең үлкен қателігіміз ХVII-ХVIII ғасырдан бері жасалған бұйымдардың ешқайсысы таңбаланбаған. Оны кім жасағанын, қай дәуірге жататынын табу өте қиын. Ал көрші Қытай елі бүгін болған жаңалықты бүгін хатқа түсіріп, мұрағатқа жинап отырған. Бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қытай, Ресей архивтеріне кіріп, Қазақстан тарихы туралы көптеген тың ақпарат табылған еді, – дейді зергер.
Қазір Carter, Bulgari сынды әлемге танымал зергерлік брендер ел аузынан түспейді. «Болашақта Берік зергердің жасаған бұйымдары да брендке айналуы мүмкін бе?» деп шебердің өзінен сұрадық.
– Әлемдік брендтер тек жарнама үшін жұмыс істейді. Ал бұйымға қарасаң, көңілге қонымды дүние емес. Бірақ аты да, бағасы да дардай. Бренд қалыптастыру үшін жарнамаға да көп ақша салу керек. Бірақ мен жарнаманы жақсы көрмеймін. Керек еткен адам өзі іздеп бізді табады. Көп адам неге әлеуметтік желіде жауап бермейсіз деп ренжижді. Бірақ мен Instagram-да жиі отырмаймын. Жыл сайын мемлекеттен жасаған бұйымдарыма нөмір аламын. Былтыр ГЖВ деген нөмір берсе, биыл ДЖГ деген нөмір берді. Осы таңбаның жанына маған арнайы куәлік береді. Сынамалық таңба қоятын палата осы нөмірге қарап сынама қояды. 925 деген сынаманы біз емес, мемлекет қояды. Біз 925 деген саны бар болса, күміс екен деп ала береміз ғой. Бірақ олардың көбі күміс болмай шығады. Шетелден келетін металдардың көбі жалған. Шын күмістің сынамасы барыстың суретімен және KZ925 санымен тұрады, – дейді Берік Әлібай.
Жеке музей ашуға жағдай жасауымыз керек
Зергердің жеке музей туралы ойы да өзгеше. Қазір музей-үйдегі экспонаттар жыл сайын көбейіп жатыр. Егер Астана қаласының әкімдігі арнайы ғимарат берсе, жәдігерлерді сонда көшіруді де жоспарлаған. Ал 600 картинаның біразын туған ауылы Меркіге апарып, мәдени нысан ашу да зергердің мақсатында бар екен.
– «Президенттік мәдениет орталығы», «Алтын және бағалы металдар музейі», «Қазіргі заман өнер мұражайы» деген бірнеше музей жабылып қалды. Олардың ішіндегі экспонаттың барлығын Ұлттық мұражайға апарып жинап тастады. Ол ғимаратқа бірнеше музейдің заттары сыймай жатыр. Көбі музей қорында, қоймасында шаң басып тұр. Мемлекеттің жеке этнографиялық музей ашуына, жеке галерея жасауына мүмкіндік бар ғой. Шетелден келетін туристер «Бұл ұлт өткен ғасырда қалай өмір сүрген?» деп қазақтың тарихын зерттеуге келеді. Ұлттық музейде Тәуелсіздік залы, Астана залы сияқты залдар бар. Оларға туристер қызықпайды да. Себебі олар Қазақстанның бүгінін онсыз да көріп жүр. Көрші Түрікменстанда, Әзербайжанда кілем музейі бар. Оған қарайтын жеке кілем министрлігі бар. Ал бізде зергерлік музейін жеке ашуға болады. Зергерлік тарихымыз Сақ заманынан басталады. Қазір біз зергерлерімізді қадірлеп жүрген жоқпыз. Ешқайсысының жұмысын мемлекет сатып алып, қор жинап жатқан жоқ. Олардың барлығы жан-жаққа сатылып кетіп жатыр. 100 жылдан кейін сол зергерлік бұйымдарға өзіміз зар болып қаламыз, – дейді зергер.
Мұражай үйіне шетелдік туристер жиі келеді екен. Айталық, мамыр айында бір күнде 120-180 адамға дейін келген сәттер болыпты. Сол туристердің көбі этномузейде ұзағырақ уақыт өткізгісі келетіндерін жасырмайды.
– Бізде тығылып жатқан коллекционер көп. Олардың ішінде байлар да бар. Бірақ олар экспонаттарын шығаруға қорқады. Өйткені олар заттарды қандай ақшаға сатып алғанын дәлелдеуі керек. Маған да «Бұл зат сізге қайдан келді?» деп жиі сұрайды. Бірақ мен ешқашан мемлекеттік қызметте жұмыс істемедім. Еш жерде бастық болмадым. Музейде қарапайым реставратор болып жұмыс істедім. Сондықтан коллекция жинайтын адамдарға жеке музей ашуға жағдай жасауымыз керек. Жақында кітап шығаратындардан салықты алып тастау туралы мәселе Мәжілісте көтерілді. Депутат Аманжол Әлтай бұл тізімге қолөнершілерді қосу туралы да айтты. Қолөнершілердің мәртебесін көтермесек, қолөнер дамымайды. Қазір қолдаудың жоғынан кілем тоқу өнері «өлді». Сол сияқты ұлттық қолөнеріміздің салығын азайтып, арнайы субсидия бөлсек, көрші Өзбекстан, Қырғызстандағыдай қолөнер дамитын еді. Қазір кәдесыйларды Қырғызстаннан әкеліп, өзіміз шығардық деп сатып жүрміз. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Біздің ауруымыз осындай. Кәдесый жасайтындардың жұмысын заңдастыру жолдары өте қиын. Сондықтан қолөнердің дамуы үшін оған еркіндік беруіміз керек, – деп сөзін қорытындылады Берік Әлібай.
Музей-үйдегі екі жарым сағатымыз бес минутта өте шыққандай. Әр жәдігердің тарихын тыңдап шығу үшін бір күн де аз екен. Біз этномузейден рухани күш алып, қайта айналып келеміз деп қоштастық.
Көктем ҚАРҚЫН, Әсет ҚАЛИ