Биыл Қарағанды облысында 13 арнайы жұмыс орны ашылды. Жұмысқа орналасқандардың арасында есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар бар, – деп хабарлайды Aykin.kz сайты Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Қарағандылық Найман Жақсыгорин «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігіне ерекше балаларға арналған үстел ойындары бойынша нұсқаушы болып жұмысқа орналасқан. Жұмыс орны жаңа қызметкерге барынша қолайлы жағдай жасау үшін «АСЕТ инклюзив» үй-жайды пандуспен, тұтқалармен, арнайы жиһазбен жабдықтаған.
– Арбаға таңылсам да өз дағдымды пайдалана алатын жұмыс іздедім. Еңбек ұтқырлығы орталығына жүгіндім. Онда маған «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде бос жұмыс орнын ұсынды. Бірден келісіп, директормен әңгімелесуден өттім. Сөйтіп, жұмысқа кірісіп кеттім, – деді Найман Жақсыгорин.
Тағы бір қарағандылық Алмас Мырзаханов есту қабілетінде күрделі проблемалары барына қарамастан, «АлтынПласт» компаниясында терезе монтаждаушы болып жұмыс істейді.
Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге мемлекет субсидиялар төлейді. Жалдаушыларға жаңа қызметкердің жұмыс орнына кіруіне қажетті пандустарды немесе өзге де жабдықтарды орнату шығыны өтеледі. Бұдан басқа, мемлекеттік субсидиялар ерекше мұқтаждықтары бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу шығынын ішінара өтейді. Жұмыстың бірінші жылында мемлекет жалақының 70%-ын жабады, егер ол 30 АЕК-тен аспаса. Екінші жылы – 65% және үшінші жылы – 60%.
Қарағанды облысында өткен жылы 1 318 мүгедек жұмысқа орналастырылды. Есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға 13 арнайы жұмыс орны құрылған. Биыл да 13 жұмыс орны тірек-қозғалыс аппараты бұзылған жандарға берілді.