in

«Қара алтынды» көлегейлеген квазисектор

Кейінгі жылдары осы түсінік өзгеріп жатыр. Мұнайды тек сатып қана қоймай, одан өнім шығарып, өзімізде өңдеу – енді басты бағытқа айналып келеді. Осы мақсатта салаға арнайы заң да әзірленіп жатыр.

Астанада өткен Kazneftegaz­service-2026 жиынында айтылған бір жаңалық осы өзгерістер жа­йында болды. Соның бірі – елі­мізде дайындалып жатқан мұнай-газ химиясына арналған алғашқы заң. Бұл жай ғана құжат емес. Бұл – саладағы реформаның құқық­тық бағытта күш алғанын білді­ретін сигнал. Сала сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуын­ша, мұнай-газ химиясы сала­сындағы негізгі мәселе – шикізат және оған қолжетімділік. 

– Қазір ірі жобаның басым бөлігі ұлттық компаниялардың қолында, яғни «Қаз­Мұ­найГаз» немесе QazaqGaz арқылы жүзеге асып жатыр. Өкінішке қа­рай, жеке сектор мен жеке капи­тал үшін бұл жобаларға қатысу өте қиын. Ал, шын мәнінде, жеке ком­паниялар мұндай жобаларды жылдамырақ, арзан әрі мемле­кеттік қаржыға тәуекелсіз іске асыра алады. Жаңа заң жобасына келсек, ол шикізат мәселесін, нақтырақ айтқанда, оның қалай бөлінетінін реттемейді, – дейді маман.

Оның сөзінше, негізі, заңда нақты механизм қарастырылуға тиіс: мысалы, газ өңдеу зауытын QazaqGaz салса, онда мұнай-газ химиясына бағытталатын белгілі бір көлемдегі шикізат болуы ке­рек. Сол көлем бойынша ашық тендер жарияланып, «осындай шарттармен шикізат жеткізуге дайынбыз, кім қандай баға ұсына­ды?» деген принциппен ұсыныс­тар қабылдануға тиіс.

– Әрине, ең жоғары баға ұсы­нып, тиісті банктік кепілдіктерді қамтамасыз еткен компания сол шикізатқа қол жеткізуі керек. Ал қазіргі жағдайда біз ірі жобаның барлығы дерлік ұлттық ком­па­ниялардың қатысуымен ғана жү­зеге асып жатқанын көріп отыр­мыз. Мен ұлттық компа­ния­ны бірнеше рет сынға алғанмын. Өйт­кені олардың жобалары, әдет­те ұзаққа созылады, қымбатқа түседі және тиімділігі төмен. Өкі­нішке қарай, бұл үрдіс әлі де сақ­талып отыр. Мысалы, Атыраудағы полипропилен өндіретін KPI жо­­басын алайық. Қазір ол ша­мамен өз қуатының жартысымен ғана жұмыс істеп тұр. Іске қосыл­ғанына біраз уақыт өтсе де, толық қуатқа шыға алмай келеді. Ал бұл жобаға 2,6 миллиард доллар жұм­салған – өте үлкен қаржы. Жалпы, осыған ұқсас жағдай басқа жо­баларда да байқалады, – деп сөзін жалғады Олжас мырза.

Заң ішкі нарықты реттеуге бағытталған

Сарапшының пайымдауынша, негізі, мұндай жобаларды жеке биз­нес жүзеге асыруы керек. Баға бойынша да, шарттар бойынша да бәсеке болуы қажет. Өкі­нішке қарай, ондай бәсеке жоқ.

– Мұнай-газ химиясы туралы заңға келсек, ол көбіне ішкі на­рықты реттеуге бағытталған. Яғни, өндірілген өнімнің қандай көлемі және қандай шарттармен ішкі нарықта қалуы керек деген мәселені қамтиды. Мысалы, KPI шығаратын полипропиленді тұ­тынушылар баға саясатына, өнім түрлерінің шектеулі болуына жиі шағымданады. Ал «ҚазМұнайГаз» бұл жобада стратегиялық серік­тестер бар екенін, өнімді өткізу мен маркетинг солардың құзы­рында екенін айтады. Сондықтан мұнда да сұрақ көп, – деді маман.

Ең бір өкініштісі, сарапшының айтуынша, біз мұнай-газ химиясы саласында уақытты өткізіп ал­ғанымыз. 

– Осы аралықта Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан сияқ­ты елдерде ірі өндіріс пайда бол­ды. Қытайда, әсіресе бізбен ше­ка­ралас өңірлерде, 2000-жыл­дардан бері шамамен 20 зауыт са­лынды және бұл ел өндірісті әлі де ұлғайтып жатыр. Олар болашақта Қазақстанда іске қосылуы жос­парланған полиэтилен зауытына да бәсекелес бола алады, – деген пайымын ортаға салды сарапшы.

Оның сөзінше, тағы бір ма­ңызды мәселе – әлем біртіндеп пластиктен бас тартып, эколо­гия­лық баламаларға көшіп жатыр. Ал біз дәл қазір ғана мұнай-газ хи­мия­сы жобаларын қолға алып отыр­мыз. Бұл да белгілі бір тәуекел.

– Дегенмен бұл жобалар қа­жет. Заң жобасы жалпы алғанда, саланың дамуына негіз қалыптас­тырады. Бірақ шикізатқа қолже­тімділік, оны бөлу тетігі, талдау мәселелері сияқты маңызды сұ­рақтарға әзірге толық жауап бер­мейді. Бұдан бөлек, заңда тауар биржаларына қатысты нормалар да қарастырылмаған. Біз жұмыс тобы аясында зауыттар өз өнім­дерін Қазақстандағы биржалар арқылы сатуы керек деген ұсыныс айтқанбыз. Сол арқылы мәмі­ле­лер ұлттық заңнама негізінде отан­дық немесе шетелдік компа­ниялармен жасалуға тиіс еді. Алайда бұл механизм де енгі­зілмеген. Сондықтан бұл заң – негіз боларлық, яғни қажет құжат. Өйткені кез келген инвестор, ең алдымен, саланы қандай заң реттейтінін қарайды. Бірақ қазіргі нұсқасында ол барлық мәселені толық шешеді деп айту қиын, – деп сөзін түйіндеді ол.

Үлкен жобаға үлкен қаражат қажет

Қызығы, заң әлі қабылданба­ға­нымен, саланың өзі қазірдің өзін­де едәуір жоғары көрсет­кіш­терге қол жеткізіп үлгергенін кө­руге болады. Мәселен, соңғы екі жылда өндіріс 73 пайызға өсіп, 358 мың тоннадан 619 мың тон­наға жеткен. Қағаздағы цифр сияқ­ты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында жұмыс істеп тұрған зауыттар, іске қосылған желілер тұр. 2026 жылы өндірісті 600 мың тонна шамасында ұстап тұру жос­пары бар. Бұл енді «өсіп жатыр­мыз» деген кезеңнен «тұрақтанып келеміз» деген кезеңге өткенді білдіреді.

2029 жылға қарай тағы бір­неше ірі жоба жоспарланып отыр. Ақтөбеде карбамид зауыты салы­нады. Бұл – тыңайтқыш. Яғни, ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін өнім. Ал Атырауда бутадиен өндірісі қолға алынбақ. Бұл – шиналар мен резеңке бұ­йымдарға қажет маңызды шикізат. Бұрын біз мұнайды саттық, кейін бензин шығардық. Енді одан да терең өңдеуге көшіп жатырмыз. Әр деңгей сайын өнімнің құны өседі. Яғни, сол бір баррель мұ­найдан бұрынғыдан әлдеқайда көп табыс табуға мүмкіндік бар.

Осындай үлкен жобалар, әри­не, үлкен ақшаны талап етеді. Жал­пы есеппен 12 миллиард дол­лар инвестиция тарту жоспар­ла­нып отыр. Бұл – жай ғана сан емес. Бұл – Қазақстанға деген сенім.

Инвесторлар ақшасын оңай сала салмайды. Олар ұзақ ойла­нады. Егер тұрақтылық болмаса, заң түсініксіз болса – ешкім кел­мейді. Сондықтан жаңа заңның дайындалып жатқаны өте маңыз­ды. Бұл заң, ең алдымен, әділ ойын ережесін қалыптастыруы керек. Мысалы, зауыт салған кә­сіп­орын шикізатқа оңай қол жет­кізе ала ма? Бағасы қандай бо­ла­ды? Инфрақұрылым бар ма? Осын­дай сұрақтардың бәріне нақ­ты жауап болуға тиіс.

Тағы бір маңызды мәселе – Атыраудағы арнайы экономи­ка­лық аймақ. Бұл жерде кәсіп­орын­дарға салық жеңілдіктері беріледі. Яғни, бизнеске қолайлы жағдай жасалып жатыр. Оның үстіне аймақ Теңіз кен орнына жақын. Шикізат та, логистика да ыңғай­лы. Жалпы, мұнай-газ химиясы – Қазақстан үшін жай ғана жаңа өндіріс емес. Бұл – ойлау жүйе­сі­нің өзгеруі. Бұрын «мұнай бар – сатамыз» деген түсінік болды. Енді «мұнай бар – одан өнім жа­сай­мыз» деген көзқарас қалып­тасып келеді.

Әрине, бәрі бір күнде өзгеріп кетпейді. Үлкен зауыттар – үлкен тәуекел. Кейде кешігеді, кейде қым­баттайды. Кадр жетіспеуі мүм­кін. Технология жағынан сырт­қа тәуелділік бар. Мұның бәрі – шынайы қиындықтар. Бі­рақ соған қарамастан бағыт дұрыс сияқты. Өйткені әлемде шикізат­қа ғана сүйеніп отырған елдер ұзаққа бармайды. Ал өңдеу, өн­діріс, технология – тұрақты даму­дың негізі.

«Сабақты ине сәтімен»

Ең қызығы, бұл өзгерісті қара­пайым адам бірден байқамауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе оның әсері сезіледі. Жаңа жұмыс орындары, жаңа кәсіпорындар, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мұнайын бұрынғыдай тек сатып қана қоймай, одан табыс табудың жаңа жолдарын іздеп жатыр. Ал мұнай-газ химиясы – сол жолдың ең маңыздысы.

Әлемдік нарықтағы жағдай да Қазақстанның бұл бағытты неге жеделдетіп жатқанын түсіндіре түседі. Кейінгі күндері халықара­лық сарапшылар мұнай бағасы­ның күрт өсуі мүмкін екенін ай­тып дабыл қағуда. Мәселен, JP Morgan сарап­шылары Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдер ұзақ уақытқа бұзылса, мұнай бағасы 120-130 доллардан асып, тіпті 150 долларға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Бұл – тек бағаның өсуі емес, тұтас эконо­микаларға әсер ететін тәуекел.

Мұндай жағдайда мұнай экс­порттаушы елдер қысқа мерзімде ұтады. Баға өссе, бюджетке түсетін табыс көбейеді. Бірақ бұл – уа­қытша мүмкіндік. Себебі бағаның ұзақ уақыт жоғары болуы әлемдік экономикаға қысым жасап, сұра­ныстың төмендеуіне, тіпті рецес­сия қаупіне әкелуі мүмкін. Сон­дық­тан бүгінгі жоғары бағаға се­ніп отыру тұрақты стратегия емес.

Осы тұста Қазақстанның мұнай-газ химиясына бет бұруы кездейсоқ шешім емес екені анық көрінеді. Шикізатты қымбат кезде сатып пайда табу – бір жол. Ал сол шикізаттан өнім шығарып, оны тұрақты түрде экспорттау – әлдеқайда сенімді бағыт. Яғни, әлемдік нарықтағы құбылмалы бағаға тәуелді болмай, өз өндірісің арқылы табыс табу.

Кәмила ДҮЙСЕН