in

Қасымхан Бұғыбай, актер: Актердің көңілі хрусталь секілді…

Құдіретті өнер қалады. Әрқайсысыңның орның бөлек», – деп актерге ақ батасын беріпті. Бүгін біз Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, көрерменнің көзайымына айналған сахна шебері, әр образын жүрегінен тудыратын талант иесі Қасымхан Бұғыбаймен сұхбаттастық.

– Бір сұхбатыңызда айтқаныңыздай, 1992 жылы Семей қаласына Құрылыс учи­лищесіне оқуға келген екенсіз. Кейін Дос­хан Жолжақсынов ағамыздың қолдауы­мен өнер әлеміне қадам басыпсыз. Жалпы, бала күніңізде кім боламын деп армандадыңыз? 

– Қазақта «баладай мұңсыз бол» деген тамаша сөз бар. Бұл сөз бата да болуы мүмкін. Ойланып қарасам, баладай мұң­сыз болу бақыттың шыңы шығар. Мен дәрігерлер отбасында өстім. Алтай тау­лары­ның ең асқар шыңдарының орта­сын­да, жан-жағымыз ну орман, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Дайын деген өлкеде дүние есігін аштым. Астымызға шыбық, қолымызға қамшы ұстап, сол шыбықты бірінші ат қылып мініп шапқылап өстік. Кейіннен атқа мінуді үйрендік. Содан өмір өзі жылжытып әкете берді. Бала күнгі ұш­қыр қиял мені жетектеп өнерге алып кел­ді. Жалпы, менің бала күнімде теле­ди­дар болмады. Себебі менің ата-анам көбі­не малшылармен жайлауға бірге барып, содан қыстау жаққа көшіп ауруханаларда халыққа қызмет етті. Үйіміздің ас бөлме­сін­дегі сөрелердің жоғарғы жағында ра­дио тұратын. Менің есімде қалғаны рад­ио­да «Дудар-ай» әні айтылып жатыр екен. Сонда мен өскенде осындай әнші бола­мын деп армандайтынмын. Әкемнің жан­ында ауруханаларға жиі барып жүрдім. Науқас жандарды көп көретінмін, мүмкін сол себепті шығар дәрігер болуды қалама­дым. Тағы бір есімде қалғаны, бір күні ауылымызда кино көрсететін болып, ар­найы шатыр құрылды. Ауылымыз өте тын­ыш болғандықтан, дауысы алысқа естіледі. «Қыз Жібек» фильмі еді. Сол ки­но­туын­дыны көргеннен кейін ертесіне бүкіл ауыл балалары атқа қонып, қолдары­на бір-бір уық, болмаса ұзын ағаш алып ат қылып шабатынбыз. Мен аттың бауы­рына түсіп, Шегенің әндерін айтатынмын. Сол­ай актер болуды армандадым. Менің бала күнгі арманым орындалды деп са­най­мын. Өйткені басқа мамандықты көз алдыма елестеткен де емеспін. 

– Театрдағы рөлдеріңіз жайлы сұрағым келеді. Ең алғашқы сахнадағы тәжірибеңіз Бек­зат кейіпкерімен басталған екен. Соны­мен қатар Кебек, Әміре, Қалтай, Давид, Шеге сияқты рөлдерде ойнадыңыз. Жалпы, өз кейіпкеріңізді зерттейсіз бе?

– Театрдағы ең алғашқы рөлім «Пай-пай, жас жұбайлар» қойылымында қара­пай­ым ауылдың баласы Бекзат бол­ды. Өте кішкентай рөл болса да, сәтті шықты. Ре­жис­сер Нұрлан Жұманиязов еді. Негізі, менің рөлдерім Алматыда Өнер академия­сында басталды. Есім Сегізбаев, Кәукен Кенжетаев, Тілектес Мейрамов сияқты ұс­таз­дарымның айтуымен Өнер академия­сында біраз рөл ойнадым. Ал Алматыға Мұхтар Әуезов театрына келгенде ең ал­ғашқы сомдағаным «Еңлік-Кебек» қойы­лы­мындағы Кебектің рөлі болды. Сол кезде Кебекті ойнауды армандадым, кейін ескі Қуанышбаев театрында осы рөлді алып шықтым. Спектакльде ойнаған кез­де есімде қалған бір оқиға бар. Мен Еңлік­ке «Қимасым, құштарым кеш мені» деп ай­тамын. Қойылым барысында эмоция­ның әсерімен «қимасым» деген сөзді «Қи­ма­шым, құштарым кеш мені» деп ай­тып қалыппын. Қатты сасып қалдым, бірақ көрерменге қимасым болып естілсе керек. Кейін барлығы мені құттықтап жат­қанда, Нұркен Өтеуіл құшағын жайып: «Бәрекел­ді, Қашымхан күшті ойнадың», – деді. Сондай бір қызық оқиға болып еді. Сол қойылымға дейін бе әлде кейін бе есімде жоқ, бірақ менің Еңлік деген қыз­ым дүниеге келді. Ал Әміре – мен үшін ерек­ше рөлдердің бірі. Өйткені ол рөлге жанымды салдым. Себебі маған әсіресе әншілігі жағынан өте жақын рөл еді. Әміре­нің тағдыры бәрімізге белгілі. Париж­ге барып келгеннен кейін, «Қыз Жібектің» премь­ера­сы болатын күні түнде қауіпсіздік комитеті соңына түсіп, оны қасақана өлтірді. Бұл қойылым маған Әміренің аса ауыр тағдырымен есте қал­ды. Спектакль өте сәтті шықты. Қойылым Батыс Қазақ­стан облысында өткен фести­вальде бірінші орын алған болатын. Де­ген­мен, өкінішке қарай, декорацияның, костюмдердің нашарлығынан жаңа театр­ға келгенде репертуардан түсті. Әрине, спектакльдің кетуіне қарсы болып жинал­ыс­та Әмірені қайта қояйық дегенде ре­жис­сер қарсы болды. Жалпы, қандай рөл болса да, ерекше қатты дайындаламын. Әрбір рөлде басқа кейіпкерлерге ұқсамай­тындай бір ерекшелік табуға тырысамын. Мысалы, Әлімбек Оразбеков қойған «Қор­ғансыздың күні» қойылымында біраз уақыт Қалтай­дың образын таба алмадым. Қасымда партнерім Ерлан Малаев бар. Бір жарым ай ізденіп жүріп, тура шығар кез­де құла­ғымның бір жағын басып, ар­қам­ды бүкірейтіп алдым. Жақында Бер­тольд Брехтің «Кавказдағы борлы шең­бер» пьесасының желісімен жас режиссер Ұлан Қабылды «Шеңбер» деген спектакль қойды. Сол жерде Давид рөлін сомдадым. Давидті алғаш берген кезде маған ұнама­ды. Себебі 80 беттік пьесаны оқып отыр­сам, Давид өтірік ауырып, соғыстан қаш­қан пасық адам екен. Неге екенін білмей­мін, осы рөлді оқып отырған кезде мұр­ны­ма сасық иіс келді. Режиссерге барып: «неге маған осы рөлді бердің?» – деп сұрағаным­да: «Аға, сізге бұл кейіпкерді әдейі бердім. Көресіз, бұл жақсы дүние болады», – деді. Шынымды айтсам, басында осы жобаға шақырып жатыр де­генде аса ұнатпадым, бірақ Ұлан бауырым­ның алға қойған мақсатына, жинаған білі­міне қарап оған сендім. Өзім де бұл қойылымға өте мұқият дайындалдым. Әріптестердің, көрермен­дердің айтуы бойынша жақсы шықты. Мағжан Жұма­баев атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Жалпы, елімізде мықты жастар өсіп келе жатыр. Сол жас буынға қолдау көрсетіп, оларға сенуіміз керек екеніне тағы бір көзім жетті. Шеге кейіп­кері­не келер болсақ, «Қыз Жібек» спек­так­лі біздің театрда екі рет қойылды. Бірін ескі театрда Сайлау Қамиев қойды. Жаңа театрда «Қыз Жібек» өте ауқымды жоба болды. Себебі бұл қойылымда Базарбай, Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай барлығы қам­тылды. Екі қойыл­ымда да Шегені ой­надым. Бұл кейіпкерді жақсы білгендіктен аса дайындалғаным жоқ. Бірақ қойылым болатын күні тама­ғымды ауыртып алып, қат­ты қиналдым. Екінші премьерада ой­науым керек еді, алайда туған жеңгем қай­­­­тыс болды, сол себепті қатыса алмадым. 

– Жақында «Жошы хан» атты тарихи танымдық туынды жарыққа шықты. Тари­хи деректі фильмде жыршының рөлін сом­дап­сыз. Бұл жобаға кастинг арқылы кел­діңіз бе?

– «Жошы хан» атты деректі фильміне дейін Майя Бекбаеваның жобаларында Шәкәрімді ойнағанмын. Содан соң маған хабарласып, «Жошы хан» жобасында Кет­бұға рөлін ұсынды. Яғни, кастинг арқылы емес, өздері хабарласып шақырған бола­тын. 

Режиссерден Жошы ханның рөлін сұрадым

– Театрда «Жошы хан» қойылымы жүр­іп жа­тыр. Ол жерде Кетбұғаны ойнай­сыз. Екі «Жошының» айырмашылығы қан­дай? 

– Шынымды айтсам, спектакльде Жошы ханды ойнағым келді. Өйткені Жошы ханның тарихын өте жақсы біле­мін. «Жошы хан» қойылымы театрда ең сәтті жобалардың қатарында. Себебі бұл спектакльді Мемлекет басшысы өзі келіп тамашалады. Сонымен қатар осы қойыл­ым аясында біздің театрға «Ұлттық театр» мәртебесі берілді. Әрине, Болат Ұзақов ағамыздан Жошы рөлін сұрадым. Ол кісі бұл рөлді басқа актерге беріп қой­ғанын айт­ты. Кейін Кетбұға кейіпкерін зерттеп отыр­сам, мықты қолбасшы болған хан­дар­дың деңгейіне тұрарлық тұлға екен. Өкінішке қарай, Кетбұғаның сахнасы ре­жис­сердің шешімімен қыс­қарып қалды. Сол сәтте қатты өкінгенім бар еді. Жалпы, бұл қойылымға да ерекше дайындалдым. Есімде қалғаны – Жошы ханға арнап жыр айтылу керек болды. Оңай жол іздеп бұ­рын­нан келе жатқан екпінді термеге сала салуыма болар еді, алайда жаңашылдық іздедім. Қойыл­ымның композиторы Еділ Құсаинов болса да, халық әншілерінің арасынан әрі әнші, әрі актер Құмарбек Қал­қатай ағаға өтініш айтып, жеке ән жаздырттым. Негізі, маған режиссердің қой­ған талабы бойынша жырды тамаққа салып айтуым керек болды. Дайындық бары­сында қойылған талапты орындадым, бірақ олай орындау менің дауысымды отыр­ғызып тастады. Ал домбыраны сыңар бұрау арқылы өте керемет әуен шықты, бүгінгі күні қойылымның басында орын­дап жүр­мін. Өкінішке қарай, режиссердің шеші­мімен бұл жыр қойылымда қалды да, Кетбұғаның болмысы ашылатын негізгі сахна қойылмайтын болды. Бұл екі жоба­да Кетбұғаның айырмашылығына келер болсақ, фильм ақпараттың көрерменге жетуіне театрдан қарағанда көп әсер етеді. Майя Бекбаеваның бұл туындысында Кет­бұғаның жыршы ретіндегі қырын көр­сетуге көп назар аударылды. Мен «Ақсақ құлан» атты күйді орындадым, аңыз бой­ынша Шыңғыс хан күй арқылы Жошы­ның өмірден өткенін түсінеді. 

Жалпы, кейбір адамдарға қарап «осын­­дай тұлға болсам» деп ойлаймын, сондай адамдардың бірі – Болат Ұзақов. Себебі ол – өте сабырлы, ұсақ-түйекке мән бермейтін интеллекті жоғары адам. «Маған дәл қазір Кетбұғаны ойнайтын адам маңызды болып тұр, сенен басқа еш­кім жоқ» деген сөзіне тоқтадым. Ал шын мәнінде, Жошыны ойнағым келді. Бүгінгі күні Жошыны өте жоғары деңгейде Қайыржан есімді жас актеріміз сомдайды. 

– Жаныңызға театр жақын ба әлде кино ма?

– Әрине, маған театр жақын. Себебі театр – менің екінші үйім. Сахнадағы әр­бір ойнаған рөлім өзімнің балам сияқты. Бірақ киноны да алыс өнер деп айта ал­май­мын. Қазақстан ұлттық арнасы түсір­ген «Абай» телехикаясында Жиреншені ойнадым. Жиренше кейіпкері жаныма жақын болды. Жалпы, рөл ойнардың ал­дында образға толық кіремін. Әрине, қой­ыл­ым алдында ауырып қалған кез­дерім де болды. Бірақ сахнада оның бар­лы­ғы ұмытылып кетеді. Сол тұрғыдан маған театр жақын, дегенмен қазақтың мәдениетіне, өсіп-өнуіне әсер ететін кинолар болса түсер едім. 

– Түріктің, кәрістің тарихи киноларына көрермен тамсанып қарайды. Ал қазақтың тарихи киноларына не жетіспейді?

– Жалпы, түріктер – ешкімге жалтақ­та­майды, тарихы бұрмаланбаған, сан ғасырлар бойы ешкімге тәуелді болмаған рухы биік ел. Түркияға барғанымда қызы­ға да қызғана қарадым. Себебі өздерінің тарихына өте үлкен жанашырлықпен қарайтын халық. Түрік­тердің кинотуын­дыларының мықты бола­тын себебі де сол. Ал кәрістер де тарихын ешкімге бұрмалат­паған халық. Жалпы, кез келген тарихи туындыда ұлтының рухын көтеру үшін көркемдік әдіс-тәсіл­дерді қолданады. Мысалы, бір ел екінші елден жеңілген бол­са, жеңіс өз жағында етіп көрсетеді. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақтың рухын көтеру. 1932-1933 жыл­дар­дағы Голощекин бастаған ашаршылық сияқты басқа да біздің тағдырымызға әсер еткен оқиғалар көп болды. Біздің кез кел­ген киномызда бірінші орында өзіміздің ұлттық құнды­лық­тарымыз айқын басым­ды­лық­пен тұруы керек. Бұрмаланып жаз­ыл­ған тари­хы­мызды дұрыстап, көркемдеп жеткізсе, қазақтың рухы көтерілер еді. 

Кино саласына көркемдік кеңес керек 

– Бүгінде кино саласында комедия жанр­ында табыс көбірек деген түсінік қал­ыптасқан. Комедияны да кімнің ақшасы бар болса, сол түсіріп жүр. Сұраныстың арт­уы көрермен талғамының төмендігінен бе? 

– Бұл жерде көрерменді кінәлауға болмайды. Себебі көрерменге не ұсына­сың, соны жұтады. Әрине, үлкен мақала­лар жазып, сын көзімен қарайтын сауатты көрермен өте көп, лайым солай болады да. Мен де мағынасы жоқ арзан дүниелерге қарсымын. Бірақ жақында «ЗаманBack» комедиясын көрдім. Өте тамаша, маған қатты ұнады. Енді тарихи киномен, бол­ма­са басқа драмамен ғана отыруға тағы бол­майды ғой. Кейде адам шаршаған кезде комедияны таңдағысы келеді. Біз­де­гі осы кино саласына көркемдік кеңес керек сияқты. Адамдардың қыруар қара­жа­тын шығармай тұрып, сараптама жа­сайтын кезге жеттік. Әйтпесе, халықтың на­разылығын тудыратын туындылар кө­бе­йе береді. Жалпы, есті, мағыналы коме­диялардың түсірілуіне қарсы емеспіз. 

– Бір сұхбатыңызда шығармашылық «әттеген-айларыңыз» жайлы айтқан едіңіз. «Менің кезегім келмеді-ау деп тартын­шақтап қалған кездерім болды» дедіңіз. Сол жайлы айтып беріңізші?

– Менің шығармашылық «әттеген-айларым» өте көп, өйткені мен өз мүмкін­діктерімді білемін ғой. Мінезім өте шап­шаң, тез ашуланып, тез қайтамын және еш­қашан кек сақтаған адам емеспін. Жал­пы айтқанда, қызуқанды адаммын. Дегенмен іштей «ұят болады, ыңғайсыз бола­ды» деген сынды керітартпа мінезім де  бар. Осы қазақи мінез шығармашылыққа келмейді екен, яғни осы мінезімнің кес­і­рі­нен біраз дүниелерді жіберіп ал­ған­ым анық. Мені осыдан 2-3 жыл бұрын театрда кадр бөліміне шақырды. Маған бір мінез­деме жазылған екен. Ол жерде «бұл актер басты рөлдерді ойнауға қабілет­сіз» деген сынды пікір жазылып, құжат бол­ып қат­та­лыпты. Менің ашуланғаным сонша, өмірімде бірінші рет қан қысымым көтер­і­ліп жаңағы қағазды жыртып жібер­дім. Кейде көңілге қатты тиетін әрекеттер адам­дарды сындырып жібереді. Актердің көңілі хрусталь сияқты, жақсы дүниеге жадырап, жаман әрекетке құлазып қала­сың. Біздің театрымыздың директоры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек қыз­метіне өте қатал болса да дипломатияны сақтайтын. Көпшіліктің алдында актердің намысына тимей, шалыс басқан жерімізді әдемілеп жеткізетін. Сол кезең біздің теа­тр­ы­мыздың ерекше алға басқан кезі еді. Ал қазіргі біздің айналамыздағы адамдар сол дипломатияны жоғалтып алды. 

Театрда елге танымал актерлер бар. Ол өте жақсы. Біздің кейбір режиссерлер таны­мал актерлерге қатты сенім артып, тек танымал актерлермен жұмыс істеп ке­те­т­ін кездері болды. Әрине, барлығы емес. Мысалы, Болат Ұзақов қойылымдар­ын­да бір жаңа есімді танытып, жас өнер­пазға қолдау көрсете алады. Ал кейбір ре­жиссерлер жаңа есімді танымал ету үшін жұмыс істеуге ерінеді. Ол бір актерге үйреніп қалып, басқа актерлерден де сол әрекеттерді күтеді. Соның нәтижесінде орынсыз сын-пікірлер айтылып қалады. 

Біржан салды ойнауды армандаймын

– Осы тұста жас буын өнерпаздарға ағалық кеңесіңіз бар ма? Жас актердің бой­ында қандай қасиеттер болуы керек?

– Біздің ізімізден еріп келе жатқан жас буын өте талантты, өте кішіпейіл. Оларға айтарым, ең алдымен шынайы болу. Қа­зақи мінез әрине жақсы, дегенмен шығар­машылыққа, өнерге келгенде ұялып, тар­тынып қалуды қою керек. Сонымен қатар уақытты тиімді пайдалануы шарт. Ең басты мәселе – уақытында ұйықтап, таңертең ерте тұруды әдетке айналдыру керек. Кез келген адамның қосымша та­бысы болуы қажет. Әрине, басқа жаққа көңілің ауып кетсе, актер бола алмайсың деген пікірлер айтылуы мүмкін. Бірақ актердің материалдық жағдайы дұрыс болмайынша, ешқандай рөлді дұрыс сомдай алмайды. 

– Қазақтың белгілі ақыны Серік Ақ­сұңқар: «Атилла айғай салады ылғи түсім­де: – Адамзатқа мен де ие болғам!» – деп», –  атойлай жырға қосқаны сияқты, сахнада әлем әміршілерінің тұлғасын сомдауды армандамайтын актер дүниеде жоқтың қасы. Сіздің арманыңыздағы рөл қандай?

– Жоғарыда айтқанымдай, Жошыны ойнағым келген. Сол сияқты әлемдік дең­гейдегі қолбасшыларды сомдауды арман­дай­мын. Оның арасында актердің оң жанбасына келетін рөлі болады, керісінше табиғаты мүлде жат кейіпкерлер де бола­ды. Актер болған соң кез келген образды алып шығуымыз керек. Сөз арасында айт­тым ғой, «Шеңбер» деген қойылымда Давид рөлі менің болмысыма қарама-қарсы кейіпкер еді. Режиссердің «Сізге басқа бағыттағы рөлдерді ойнау керек» деген сөзінен кейін осы рөлді сомдадым. Жалпы, режиссер де актерді тани білуі ке­рек. Бізде мынандай үрдіс бар, бір актер бас кейіпкерді ойнаса соңына дейін сол ойнайды. Өсіп келе жатқан жастар сол үрдіске қарсы. Бір актер бас кейіпкерді ойнаса, келесі спектакльде басқа қырынан ашылуы керек. Жақында бізде «Күй» деген қойылым қойылды, басты рөлді Сырым Қашқабаев ойнады. Өте мықты актер, сыйлаймын, құрметтеймін. Келесі құрамда Жәнібек Мұсаев басты рөлді сомдайды. Әр актердің психологиясы, физикалық қозғалысы басқа. Оның бәрі­не бір адам сияқты қарай беруге болмайды. Сырымның образы бір бөлек, Жәнібектікі бір бөлек. Келген көрермен басқа көз­қараспен қарайды. Актерге сенім артылса, кез келген рөлді сапалы алып шығады. 

Менің армандайтын рөлдерім көп. Қазіргі таңда Біржан салды қатты ойнағым келіп жүр. Адамның дауысы темір емес қой, жас өскен сайын дауысым да кейбір жерде көрініп қалатыны бар. Дауысым, мүмкіндігім бар кезде театрда Біржан сал­ды ойнағым келеді. Басты мақсатым – Біржан салдың композиторлық, әншілік, орындаушылық өнерін, Алла берген талантын өз деңгейінде жеткізу. Біржан ата­мыздың өнері арқылы дала академия­сы­ның қаншалықты деңгейде болғанын көрсету. Тіпті, Біржан салды көбісі біл­генімен, өмірінің қыр-сырын білмейді ғой. Ал көрермен театрдағы қойылым арқылы бір жарым сағаттың ішінде бір кітап оқығандай әсер алып шығады. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН,

Баян МАХСЕТ