in

Қорғаныс қуатын цифрландыруға мүмкіндік

Жеке құрам Мемлекет басшысының жаһан­дық технологиялық трансформациялар жағда­йын­да ел дамуының басым бағыттары және ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық техноло­гиялардың рөлін күшейтуді көздейтін стратегиялық үндеуін ерекше мақтанышпен қабылдады.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы бағдарламалық құжат­тары еліміздегі ахуалға әділ баға беріп қана қоймай, алдағы мақ­сат-міндеттерді де нақты белгілеп оты­рады. Биылғы Жолдаудың ерек­­шелігі жасанды интеллект тех­нологияларын тиімді пайда­лану, барлық салаға цифрлық транс­формацияны енгізу, сондай-ақ энер­гетика саласын дамыту, оның ішінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен технологиялық өр­леуінің негізгі тетігі ретінде атом электр стансаларын салу мәсе­ле­сіне баса назар аударылуында болып отыр.

Президент атап өткендей, жа­санды интеллект пен цифрландыру ел экономикасын ілгерілететін қоз­ғаушы күшке, басқару сапасын арттыратын құралға әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді тетігіне айналуға тиіс. Мемлекет басшысы инновациялық технологияларды өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және қор­ғаныс салаларына енгізудің ма­ңыздылығын айта отырып, Қазақ­станның жаһандық технологиялық процестердің белсенді қатысу­шы­сына айналуы қажеттігін қадап айтты.

Осы орайда, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін тың мүмкін­діктер мен жаңа көкжиектер ашы­луда. Армия қазіргі заманғы цифр­лық шешімдерді енгізу арқылы басқару жүйелерін автоматтандыру мен цифрландыру бағытын дәйекті жүзеге асырып келеді. Қорғаныс министрлігі құрылымында жа­санды интеллект технологияларын дамытуға арналған арнайы бас­қарма құрылып, «Сарбаз+» пи­лот­тық жобасы іске қосылды, сондай-ақ цифрлық әскери комиссариат жүйесі енгізілді.

Бүгінде мониторинг, байланыс және навигация жүйелері белсенді дамып, ұшқышсыз ұшу аппарат­тарын қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Жасанды интеллект алго­ритмдерін жауынгерлік іс-қимыл­дарды жоспарлау мен басқару процестеріне ендіру бойынша жү­йелі жұмыс жүргізілуде. Осы ба­ғыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық – 2025» оқу-жаттығулары барысында Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің алғаш рет сынақтан өтуі болды. Бұл – қорғаныс архитектурасын жаңғырту жолындағы айрықша бетбұрыс. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 1 тамызда Қорғаныс министрін қабылдау барысында берген нақты тапсырмалары мен нұсқаулары Жолдауда көтерілген мәселелермен тікелей үндесіп жат­қанын айта кету керек. Осы тап­сырмалар шеңберінде Қорғаныс министрлігі әскерлердің ұтқыр­лығын және олардың қауіп-қатер­лерге жедел ден қою қабілетін арт­тыру, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін, аумақтық бөлімшелер мен ҰҰА құрамаларын дамыту, цифрлық трансформация талаптарын ескере отырып, әскери инфрақұрылымды жаңғырту, мем­лекеттік қорғаныс тапсырысының тетігін жетілдіру, әскери қызметтің қауіпсіздігін арттыру және жара­қаттанудың алдын алу, сондай-ақ қазіргі заманғы технологиялар не­гізінде Қарулы Күштердің жа­уынгерлік әлеуетін нығайту жө­ніндегі шараларды іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. 

Аталған басымдықтарды орын­дау – еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамта­масыз етудегі стратегиялық ма­ңызды міндет. Инновациялық шешімдерді енгізу, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту және білікті мамандар даярлау Қазақ­стан Қарулы күштерінің XXI ға­сырдың сын-қатерлеріне лайық болуына және мемлекет тірегі ретіндегі рөлін нығайтуына кепіл болмақ.

Президент Жолдауы барша қазақстандық қоғам үшін маңызды бағдар болмақ. Ал армия үшін бұл құжатты одан әрі жаңғыртуға, қорғаныс қуатын арттыруға және цифрлық технологиялар арқылы тиімділікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты әрекет жоспары деп білеміз. Біз, әскери қызмет­ші­лер, Мемлекет басшысы ұсынған бағыттың толығымен жүзеге аса­тынына сенімдіміз. Еліміздің Қа­рулы Күштері алдағы уақытта да ин­новациялар мен жоғары жауын­герлік дайындық стандарттарына сүйене отырып, алға баса бермек.

Д. ҚОСАНОВ,

Қорғаныс министрі,

авиация генерал-лейтенанты