Қостанай облысының тұрғыны аса қатыгездікпен екі адамды өлтіргені үшін 19 жылға сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Сот дерегінше, 2025 жылдың шілде айында айыпталушы отбасылық жанжал кезінде жұбайына және оның анасына бірнеше пышақ жарақатын салған. Жарақат салдарынан екі әйел оқиға орнында көз жұмған. Осыдан кейін ер адам қашып кеткен.
Мемлекеттік айыптаушы оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленушілер өкілі де қатаң жаза тағайындауды талап еткен. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады.
Сот Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратынын атап өтті. Істе жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмаған. Қылмыстың сипатын және айыпталушы туралы деректерді ескере отырып, сот оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сонымен қатар моральдық залал өндіру туралы азаматтық талап толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
