Елдегі ет бағасы жарты центке де жетпейді деген шенеунік нарық құнынан хабарсыз секілді көрінді. Өйткені мұндай баға берекелі де мерекелі 2010 жылдардың өзінде де болмаған. Мұны Ranking орталығының мамандары саралап білді.
«2010 жылдың қаңтарында ресми статистика бойынша бір келі сиыр еті 641 теңге тұрған. Ол кездегі бағаммен есептегенде шамамен 4,5 доллар. Яғни, сол жылдардың өзінде ет жарты цент болмаған. Халықаралық деректерге сүйенсек, Африка елдерінің өзінде сиыр етінің бағасы кемінде 5,4 доллардан басталады», – делінген сараптама орталығының мәлімдемесінде.
Ұлттық статистика бюросының ескі деректеріне сәйкес, сиыр етінің бір келісі 214 теңге болған кезең 2000 жылдың наурыз айына сәйкес келеді. Яғни, бұдан ширек ғасырға жуық уақыт өткен. Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа. 2026 жылдың ақпанының басында сүйексіз сиыр етінің орташа бағасы 4 900 теңгеге жетті. Жылқы еті – 4 100 теңге, қой еті – 3 900 теңге.
«Халық ет жеуді, қасап мал союды қояды-ау…»
Ақпанда ірі қалаларда сиыр еті өткен жылмен салыстырғанда, орта есеппен 26,8 пайызға өсті. Кейбір өңірлерде өсім тіпті қатты сезілген: Жезқазғанда баға бір жылда 48,2 пайызға, Көкшетауда 40,9 пайызға, Түркістанда 37,2 пайызға көтерілген. Баға шарықтауы былтырғы қыркүйектен бастап үдей түсті. Ол кезде жылдық өсім 19 пайыз шамасында еді, ал желтоқсанға қарай 22,6 пайызға жетті. Әсіресе, сиыр мен қой еті қатты қымбаттады.
Бұл көрсеткіштер елдегі ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы бағаларды қосып есептегендегі орташа сан. Мысалы, Алматыда бір келі сүйексіз сиыр еті орта есеппен 5 100 теңге тұрады. Ал нақты дүкенге барсаңыз, баға одан да жоғары болуы мүмкін: қарапайым төс еті 5 мың теңгеден басталса, жамбас еті 11 мың теңгеге дейін барады. Ең қымбат қала – Астана. Мұнда орташа баға 6 100 теңге. Петропавлда – 5 600, Қонаевта – 5 200 теңге. Ал салыстырмалы түрде арзан өңірлер – Павлодар (4 100 теңге), Семей мен Талдықорған (шамамен 4 200 теңге).
Мал бордақылап күнелтіп отырған ауыл тұрғындары да мәселе жақын арада шешімін таппаса, ел ет жеуден қала ма деп алаңдаулы. Мысалы, қасапшы Оспан Жұмаділлаев бағаны көтере алмаймыз, үстінен қалатын аулақ ақшаны қанағат тұтып отырмыз деген уәж айтып отыр.
– Ауылда мал бордақылап, соғымға жылқы соямыз. Бірақ қазір малдың өзі де, жем-шөбі де қатты қымбаттап кетті. Бұрынғыдай емес, әр шығынды есептеп отырамыз. Жылқыны сатып аламыз, жем-шөпті сырттан тасимыз – бәрі ақша. Соның бәрін қосып, малды бағып-қағып, семіртіп, жілікке бөліп сатамыз. Бірақ бағаны 3 000-3 200 теңгеден асыра алмаймыз. Одан жоғары қойсақ, халықтың қалтасы көтермейді. Оны да түсінеміз. Бірақ бағаны осылай ұстап тұру бізге де оңай емес. Шығынымызды әрең жауып, үстінен аз ғана тиын қалады. Соған шүкір деп отырмыз. Бұрынғыдай пайда көріп жатырмыз деп айта алмаймыз, – дейді ол.
Қасапшының сөзінше, қазір бәрі қымбат – жем-шөп те, жанармай да, жұмыс күші де. Ал еттің бағасын көтерейін десең, елдің қалтасы көтермейтіні де рас.
– Осындай қыспақ жағдайдамыз. Алдағы уақытта не болатынын ешкім нақты айта алмайды. Егер бәрі осы қарқынмен жалғаса берсе, жақында халық ет жеуді, қасап мал союды қояды-ау. Қасапшылықтың да қадірі кете ме деп алаңдаймыз, – дейді ол.
Мұндай жағдай тек бізде емес. Әлемнің өзінде ет бағасы өсіп келеді. Мал азығы, дәрі-дәрмек, тасымал шығындары қымбаттады. Жалпы инфляция да өндіріс шығынын арттырып отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы келтірген мәліметке қарағанда, өткен жылы әлемде ет бағасының көрсеткіші 116-127 пайыз аралығында болған. 2026 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 123,8 пайыз деңгейінде тіркелді.
Ет бағасы Еуропамен теңесті
Халықаралық Global Product Price порталының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айында Қазақстан сиыр етінің қымбаттығы бойынша 76 елдің ішінде 42-орында тұрған. Платформа көрсеткен баға – 15,1 АҚШ доллары, яғни шамамен 7 400 теңге. Бұл – қазақстандықтар базар мен дүкендерден көріп жүрген шынайы бағаларға жақын көрсеткіш.
Қазақстан рейтингтің дәл ортасында тұр. Бірақ біздегі сиыр еті кейбір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне қарағанда қымбат. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде бір келі сиыр еті 12,5 доллар тұрады – бұл Қазақстандағы бағадан шамамен 17 пайызға арзан. Ал отандық өндірушілер етті дәл осы Әмірліктерге және Үндістанға экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Словенияда (14,6 доллар), Румынияда (14,2 доллар), Сингапурда (13,7 доллар), Мексикада (12 доллар), Сауд Арабиясында (9,9 доллар) сиыр еті бізден арзан.
«Бәйтерек» басшысының негізгі ойы – ет бағасының төмен болуы фермерлердің дамуына кері әсер етеді дегенге саяды. Баға тым төмен болса, мал өсірушілер шығынын жаба алмайды, жаңа жобаларға қаржы сала алмайды.
Мұнда шындықтың үлесі болуы мүмкін. Бірақ мәселенің екінші жағы бар: Қазақстанда жалақы ет бағасындай жылдам өсіп жатқан жоқ. Фермерлердің мәселесін халықтың қалтасы арқылы шешу оңай емес. Егер ет бағасы шамадан тыс өссе, адамдар оны аз сатып алады немесе мүлде алмай қояды. Ал бұл халықтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан басты шешім – халықтың табысын арттыру.
Инвестиция жағына келсек, өткен жылы мал шаруашылығына салынған негізгі капитал көлемі 47,4 пайызға өсіп, 32,7 млрд теңгеге жеткен. Дегенмен бұл өсім 2024 жылғы төмен көрсеткіштен кейінгі қалпына келу кезеңімен байланысты. 2024 жылы инвестиция көлемі екі есеге жуық қысқарған еді.
Барлық инвестицияның шамамен 73 пайызы ірі қара мал өсіретін кешендерге бағытталған. Бұл бағытта қаржы көлемі 13,6 млрд теңгеден 23,8 млрд теңгеге дейін артқан.
Күйігімізді «киік еті» баса ма?
Мемлекет нарықтағы қысымды азайтудың бір жолы ретінде киік етін ресми айналымға енгізуге бет бұрғандай. Яғни, ірі қара мал еті қымбаттаған кезеңде, билік арзандау балама ұсынып, бағаны белгілі бір деңгейде тұрақтандыруды көздеген сыңайлы. Өйткені киік санын реттеу жай ғана әңгіме күйінде қалған жоқ. Соңғы екі жылда бұл мәселе нақты іске ұласты. 2025 жылдан бастап киік еті ресми түрде дүкен сөрелеріне шығып, арнайы базарларда сатыла бастады. Яғни, бұрын тек табиғатты қорғау тұрғысынан талқыланған тақырып енді экономикалық айналымға енді.
Алдымен дүкендерде киік етінен жасалған консервілер пайда болды. Артынша жаз айларында салқындатылған етті кең көлемде сату жолға қойылды. Осылайша, киік санын реттеу науқаны біртіндеп жүйелі өндіріс үдерісіне айналды. Киікті ату, оны арнайы орындарға жеткізу, сою, тексеру, одан кейін ғана саудаға шығару – бәрі белгілі бір тәртіппен жүргізіледі.
Бұл жұмыс Экология министрлігіне қарасты «Охотзоопром» мекемесінің бақылауында. Оған қоса Сауда министрлігіне қарасты тиісті құрылымдар да қадағалайды. Ел бойынша лицензиясы бар 35 сою нысанының 27-сі іске қосылған. Олар жеті өңірде жұмыс істеп тұр. Барлығы ветеринарлық талаптарға сай тексерілген, арнайы цехтары мен тоңазытқыштары бар.
Ең көп қойылатын сұрақ – жабайы аңның еті қаншалықты қауіпсіз? Ресми мәліметке сүйенсек, сою орындарына 196 мыңнан астам киік жеткізілген. Әрбір тұтас ет міндетті тексерістен өтеді: ішкі ағзалары қаралады, арнайы сынамалар алынады, радиациялық деңгейі өлшенеді. Сараптамадан өтпеген өнім сатылымға жіберілмейді. Ел ішінде 137 мыңнан астам тұтас киік еті саудаға шыққан. Олардың бәріне ветеринарлық анықтама берілген.
Киік етінің көтерме бағасы жария етілмейді. Ал дүкендердегі баға ашық. 2026 жылдың басында бір келі киік еті 1 300-2400 теңге аралығында сатылып жатыр. Көбіне 1600-1800 теңге шамасында. Бұл сиыр етімен салыстырғанда, әлдеқайда арзан. Кей өңірлерде сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асып кеткенін ескерсек, айырмашылық айқын.
Заң бойынша сараптамадан өтпеген етті сатуға болмайды. Базарлар мен дүкендерде инспекторлар құжаттарды, таңбаларды, тасымал жағдайын тұрақты тексеріп отырады. Мамандар да киік етін тек арнайы, рұқсат етілген орындардан сатып алуға кеңес береді.
Мал өсіруге мемлекет қолдау көрсетпек
Әзірге киік етімен «алдана» тұрсақ, алдағы уақытта ірі қара мал етінің де қолжетімді болар күніне жетуіміз мүмкін. Себебі енді елімізде ет өндірісін күшейтуге бағытталған жаңа бағдарлама іске қосылмақ. Оның аясында фермерлерге жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаржыға шаруалар әрі өзіміздің, әрі шетелдің асыл тұқымды малын сатып ала алады. Жоспар бойынша жыл сайын 110 мың бас мал алынуға тиіс. Соның 50 мыңы – отандық мал болса, 60 мыңы – сырттан әкелінетін асыл тұқым.
Бірақ қағаз жүзіндегі жоспарды орындау оңай емес. Қазақстан мал өсірушілер одағының жетекшісі Даурен Салықовтың айтуынша, 60 мың бас аналық малды қолжетімді бағамен табу – үлкен мәселе.
Мәселен, биыл Ресей ең көбі 20 мың бас ұсына алады. Беларусь – 3 мың бас, Еуропа елдері шамамен 12 мың бас шығаруы мүмкін. Бірақ бұл – сатуға дайын тұрған көлем ғана. Оны кімге береді, бәрі ұсынылатын бағаға байланысты. Сондықтан сарапшылар бұл көрсеткіштердің жартысына ғана сенуге болады дейді.
Ал қалған малды қайдан аламыз? АҚШ пен Канада әзірге тиімді бағыт емес. Ол жақта ірі қараның бағасы тым қымбат – бір қашар 5 мың доллар тұрады. Оның үстіне бұл сомаға тасымал мен карантин шығыны қосылмайды. Қазақстанға жеткізгенше мұндай мал «алтынмен пара-пар» болып кетеді.
Салыстырмалы түрде қолайлы нұсқа – Аустралия. Онда бір қашар шамамен 3 мың доллар. Сонымен қатар Уругвай, Аргентина, Бразилия сияқты Оңтүстік Америка елдері де қарастырылып отыр.
Тағы бір маңызды жайт бар. Бұрынғы тәжірибеге сүйенген мамандар қатал климатқа тез бейімделуі үшін малды бір жасқа толмай тұрып әкелу керек дейді. Жас мал жаңа ортаға жеңілірек үйренеді. Бұл талап сатып алу шарттарына енгізілмек.
Кәмила ДҮЙСЕН
