in

Қызылордада қайырымдылық конференциясы өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қызылорда қаласында «Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, әріптестік, мұра» тақырыбында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізді.  Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Өнер сарайында өткен конференция қор қызметінің нәтижелерін қорытындылау, Қазақстандағы қайырымдылықты дамытудың келешегін талқылауға арналған басты алаңға айналды. Шараға Қордың әр аймақтағы қайырымдылық алушылары, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, қамқоршылық кеңесі мен Басқарма мүшелерінен құралған мыңға жуық адам жиналды, – днп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Жалпы бұған дейін өткізілген қордың қайырымдылық конференциялары жоғары маңыздылығымен ерекшеленеді.  Нақты айтқанда, 2022 жылы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өткен 1-конференцияда Қор қызметінің миссиясын, көзқарасын және қағидаттарын нақтылайтын жаңартылған Тұжырымдамасы бекітілді. Ал 2023 жылы өткен ІІ-конференция өңірлермен өзара байланысқа арналды.  Онда әкімдіктермен 20 меморандумға қол қойылып, «Өңірлер картасы» жасалды. Сол сияқты 2024 жылғы ІІІ-конференция «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп өткізіліп, бизнес пен серіктестікке бағытталған болатын.

Бұл жолы Сыр өңірінде өткен IV Конференция бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтыды. Атап айтқанда, жергілікті ҮЕҰ мен жұртшылыққа жұмыс нәтижелері мен жоспарлары көрсетілсе, өңірлік пресс-турлар өткізу арқылы журналистерді, блогерлерді және инфлюенсерлерді «Қазақстан халқына» Қорының қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік нысандармен таныстырды. Бағдарлама аясында Қор 14 өңірді қамтып, 19 қала мен 14 ауылға барды. Пресс тур барысында Қормен құрылған және қолдау көрсетілген барлығы 55 нысан көрсетілді. Олардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау саласындағы жобалар бар. 

Биыл қордың қорытынды отырысы алғаш рет Қызылорда қаласында өткізіліп отыр. Бүгінде қордың басты әлеуметтік нысандарының бірі – ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға арналған заманауи спорт-сауықтыру кешені салынып жатыр. Елімізде құрылып жатқан бұл спорт кешеніне қайырыдылықты алушы ретінде Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Мүгедектер спорт клубы» КММ бекітілген.

Қорытынды отырыстың бағдарламасы үш тақырыптық сессиядан құрылды. Оның ішінде «Тұрақтылық» – ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, кітапханалар базасында қоғамдық орталықтар құру, менталды бұзылыстары бар балаларды қолдау және жастарға арналған спорттық бастамалардан тұрады.  Сол сияқты «Әріптестік» – үздік білім беру тәжірибелерін енгізу, балалар мен жастарды инновациялық протез-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдарды оңалту мәселелеріне бағытталды. Ал «Мұра» – спорт пен білім саласындағы жобалар, ауыл жастарын қолдау, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек аясын қамтыды. 

Қатысушыларды Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ҚР Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева және «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева қарсы алды.

«Жүйелі қайырымдылық – бұл уақытша шара емес, ұзақ мерзімді өзгерістерге жол ашатын нақты іс. «Қазақстан халқына» қоры үшін бұл – адамдардың өмірін өзгертетін, болашаққа үміт сыйлайтын тұрақты жобалар. Біз мемлекет, қоғам және бизнес әріптестігі арқылы ғана шын мәнінде елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз. IV Конференция – бұл үш жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы. Бұл тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер іздеу және Қордың өңірлерге көрсетіп отырған нақты көмегін таныстыру алаңы. Мұның барлығы келер ұрпақ үшін берік мұраға айналады», – деді өз сөзінде Ләззат Чинкисбаева.

Өнер сарайының фойесінде өткен «Қазақстан халқына» қорының жобалар көрме-жәрмеңкесі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласындағы бастамаларды біріктірді. Қонақтарға жаңа жабдық қана емес, өзгерістердің нақты нәтижелері көрсетілді. Оның ішінде  STEM жобалары, робототехника, оқушылардың шығармашылық жұмыстары, инженерлік макеттер, 3D-модельдер, суреттер мен қолданбалы өнер туындылары қамтылды. Коеференцияда шеберлік сабақтары өткізіліп, қатысушылар өз қолымен тәжірибе жасай алды. Сол сияқты «QH Денсаулық жолы» жобасы аясында КТ, маммограф және УДЗ құрылғыларымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер орналастырылды. Көрме стендтерінде «Ақ жол-М» және «QH Оңалту орталықтары» оңалту орталықтарының тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту құралдары, сондай-ақ жастарға берілетін заманауи протез үлгілері көрсетілді.

Конференцияда белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы стелла табысталып, естелік суретке түсті. 

Негізінен «Қазақстан халқынан» сыйлығы мен стелласы 2024 жылы «Қазақстан халқына» қоры тарапынан тағайындалған. 2025 жылы «Қазақстан халқынан» стелласы Қордың серіктесі, «Тұсау кесер» бағдарламасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалардың болашағына елеулі үлес қосқан Садық Байымбетовке табыс етілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы