in

Қызылордада әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға баспана берілді

Салтанатты рәсімге  Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қызылорда облысының әкімі қоныстой иелерінің қуанышымен бөлісіп, өңірдегі атқарылып жатқан өміршең жобалардың жай-күйіне тоқталды.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті. Осы бағытта аймақта ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.   Соның негізінде соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 4 мыңға жуық пәтер, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға пәтерлер сатып алынды. Нәтижесінде 9 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Осы орайда айта кеткен абзал,  биыл ұлтымызға тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанына және Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Ғасырлық той өңірде кең көлемде аталып өтіп жатыр. Осынау мерейлі жыл аясында облыс орталығында сәні мен салтанаты келіскен сәулетті де замануи ғимараттар бой түзеп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Алдағы уақытта бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 50 млрд теңге бөлініп, 2 765 пәтер табысталады. Бүгін осы жұмыстардың нәтижесі мен қуанышты сәтіне өздеріңізбен бірге жетудеміз. Бұл – мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін ерекше күн! Жаңа қоныстарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қоныстой рәсімінде мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Өз кезегінде сенат депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы тұрғындарға құттықтау лебізін білдірді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы