Сондай-ақ Түркі академиясының бастамасымен археологиялық мұраны сақтап қалу мақсатында қазба алаңы үстіне орнатылған қорғаныш жабындысының ашылуы өтті.
Аталған археологиялық ескерткіштегі бірлескен қазба жұмыстары 2023 жылы басталып, зерттеуге Өзбекстаннан (Я.Гулямов атындағы Самарқанд археология институты) және Қазақстаннан (Қорқыт ата атындағы университет жанындағы Археология және этнография ғылыми орталығы мен А.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы) мамандар қатысты.
Қазба жұмыстары Жанкент археологиялық ескерткішін жан-жақты зерттеп, сақтау және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында жүргізілуде.
Салтанатты іс-шараға Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев, Академияның вице-президенті Асхат Кесікбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Майнұр Бөрібаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Самарқанд археология институтының маманы Айсұлу Искандерова, сондай-ақ археологтар, ғылыми қызметкерлер, қазба жұмыстарына атсалысқан қазақстандық студенттер, БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев Жанкенттің X ғасырға дейін Сырдария оғыздары мемлекетінің астанасы ретінде аймақ тарихында ерекше орын алған шаһар екендігін атап өтті. Жібек жолы бойында орналасуының арқасында шаһар Еділ-Орал өңірі мен Мәуереннаһр, Хазар қағанаты мен Хорезм арасында маңызды сауда және мәдени байланыстар торабына айналды.
Ортағасырлық деректерде Жанкент әртүрлі атаулармен аталады, олардың барлығы «Жаңа қала» деген мағынаны білдіреді: көне түркі тілінде – Янгикент, араб тілінде – әл-Карьят әл-Хадиса, парсы тілінде – Дих-и-нау. Мұндай атаулар қаланың аймақтағы тарихи маңыздылығын бейнелейді.
2023 жылдан бастап қазбалар цитадельдің кіреберіс қақпалары мен тұрғын үйлерде, сондай-ақ қаланың шахристан бөлігінде жүргізілді. Қазба жұмыстарының басты мақсаты – төменгі Сырдария өңіріндегі ортағасырлық қала типіндегі қоныстардан алынған археологиялық материалдарды жүйелі түрде жинақтап, жіктеу және талдау болды.
Алынған нәтижелер VII-X ғасырларда Сырдария өңіріндегі түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу және даму сатыларын нақтылауға мүмкіндік беріп, Орта және Төменгі Сырдария аймақтарындағы этникалық жүйелер туралы түсініктерді айтарлықтай кеңейтеді.
Археологтардың жүргізген жұмыстары Жанкент тұрғындарының өзіндік мәдениеті болғанын көрсетеді. Ал қаладағы тұрғын және шаруашылық ғимараттардың құрылымы оның ауқымды әрі дамыған инфрақұрылымын бейнелейді.
Үш далалық маусым бойы жүргізілген қазба жұмыстары барысында Жанкенттің материалдық мәдениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, бұрын-соңды кездеспеген пішін мен қолдану мақсатына ие қолдан жасалған керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қошқар басы бейнесіндегі тұғырлардың түрлі өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады.
Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері жасырылған күміс көмбесі. Жанкенттен алғаш рет табылып отырған тарихи жәдігер ежелгі қаланың Жібек жолындағы ірі сауда және мәдени орталық ретіндегі маңыздылығын көрсетеді.
Айта кетейік, археологиялық зерттеулер – Түркі академиясының ғылыми қызметіндегі басты бағыттардың бірі болып табылады. Мәселен, қазіргі таңда Моңғолиядағы Номғон жазығында Түркі қағанаты дәуіріне жататын мемориалдық кешенге қатысты дала жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 2024 жылы Академия тарапынан Маңғыстау облысында оғыз-қыпшақ дәуірінің қорымдарын зерттеуге арналған ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.