in

Қымыздың қызығына түскен күн

Елімізде ең үздік бапталған қымызды анықтайтын сайыс тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұл тойды көрген де, көрмеген де таңданысын жасырмады. Өйткені қымыздан бөлек, аттың сынын анықтап, жүйрік тазыны таныды. Ұмыт қалған ұлттық тағамды әзірлеп, ойын-сауық бағдарламасы кештің көрігін қыздырды. Қымыздың пайдасынан бастап ұлттық спортқа дейін жіктеген ғылыми конференцияның жөні бір басқа. Халық «жазда наурыз тойын тойлағандай болдық» десе, қатысушылар қымыз өндірісіне қатысты көтерілген мәселе жерде қалмауын сұрады. 

50 кәсіпкер – 30 мың тонна қымыз

Иә, екі күн бойы «Қазанат» атшабарында көз қызығар той өтті. Екі ай бұрын сауын айтқан мерекеге біз де асыға жеттік. Ақшаңқаң киізүйлер алыстан менмұндалайды. Үлкен сахнада ән әуелеп, халық құжынап жүр. Расымен, қымыз мерекесіне екі күнде 70 мың халық жиылған екен. «Жеңімпазға дауыс беру керек» деген соң жүгіре басып, ақ шатырдың алдына бардық. Жете бере сарайыңды ашар қымыз иісіне «мас» болдық. Шатыр ішінде тура 50 қатысушы тізіліп тұр. Бастапқыда айтқандай, 16 мың тонна емес, 30 мың тонна қымыз жиналыпты. Аста-төк дастар­қаннан екі күн бойы дәм үзілмеді.

«Еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам қымыз өндірушіні жинадық. Әрқайсысы 500 литр­ден астам қымыз алып келді. Соның арқасында жаңа рекорд орнаттық. Егер фестиваль жұртқа ұна­са, жыл сайын өткіземіз», –  деді Bai­Qymyz фес­­тивалінің ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаев.

Қымыздан дәм татып, дауыс беріп жатқан жұрттың есебі жоқ. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан, Орталық пен Батыстың қымызы самсап тұр. Жаймен басып, кезек пе кезек аралап, дәмін көрдік. Бір-бірін шатастырып алмау үшін, тостағанның түбіне ғана құйып беруін өтіндік. Жиылғандар қымызға тойып алайық деп емес, дәмінен қателеспейік деп қипықтады, білем. Ұлттық сусынның заты ғана емес, аты да қандай әсем десеңізші?! Alua қымы­зы, «Ақтерек» қы­мызы, «Ақарыс ақ бұлағы»,  Adil qymyz, «Шыңдағы шипа» қымызы, Aqsaqal қымызы, Qula қымызы, «Текті сусын», «Баянның бал қымызы», «Қымыз­ы­най» «Төре қымыз», «Шетыр­ғыз», «Дариға-дәу­рен» қымызы деп жалғаса береді. Тостағаннан ұрт­тап жатып, жан-жаққа көз тастадық. Сөре жан­ында сандық, түскиіз, одан қала берді қымыз өндіруші туралы баннер мен марапаттары тізіліп тұр. Қосетек көйлек киіп, күміс әшекейін жар­қыра­тып, сабасымен баптай қымыз сапырып тұрған келіншектің көркіне көз сүйсінеді. Бурабай ауданынан келген «Қымызынай» брендінің иесі «ата-бабамыз күмісті қадір тұтқан ғой, май шайқа­сам да, күбі піссем де күмісті жанымнан тас­тамай­мын» дейді. Байқап қарасақ, қатысушы­ның бәрі ұлттық киім киіп, әшекей бұйымын сай­лап кел­ген. Содан ба, гастрофестиваль жал­ғасып жатса, келер жылы  шапанымызды сайлай келеміз дестік. 

Тарихпен үндескен атакәсіп

Айтса-айқандай, әр қымыз өндірушінің өз тари­хы, көрген-білгені бар. Дауыс берушіге бәрін тәптіштеп түсіндіріп, әрбіріне қымызды қалай өндіргенін түсіндіреді. Жұмажан Қалтаев айтқан­дай, гастрофестиваль әр кәсіпкерге өнімін жар­на­малауды, маркетинг техникасын үйретіп, жаңа нарыққа шығуды нұсқағандай. Өйткені халық кей қымыз брендінен дүкені бар-жоғын, қалай сатып алатынын сұрап, байланыс нөмірін сұрап жат­ты. Жамбыл облысынан келген қатысушы қымыздың көп бөлігін бірінші күні-ақ сатып тастағанын, келесі жолы жарты тонна жеткізуді жоспарлап қой­ғанын айтты. Алматы қаласынан келген Abzal қымыз бренді іс-шара өзі ойлағаннан да жоғары деңгейде өткенін, кәсіпкерлерге қол­дау білдіріп жатқанына дән риза екенін жеткізді. Қымыз ұрттап жүріп, кәсіпкердің мұң-мұқтажын да тыңдап үлгердік. 

«Қымыз өндірісі, баптау туралы қаншама құн­ды дерек айтылды. Конференцияда көтеріл­ген тақырыпты көріп, конференц-шатырға тар­тып отырғым келді.  Маған Қадырбек Мейрам­бековтың сублимацияланған бие сүтінің ауқымды өндірісі туралы ойы ұнады. Өзім де өнімімді суб­ли­мациялап, өндіріске шығарғым келеді. Қазір де өткізгім келгенімен, жақын маңда зауыт жоқ. Сублимация жасау үшін қымызды бабымен апаруың керек. Сол үшін қымызды көп өндіретін облыстардан бір-бірден шағын зауыт ашып, іске кіріссе. Жұмыс күші көбейіп, ұнтақталған қы­мыз­ды шетелге экспорттау көлемі де артар еді. Кәсіпкерлерге, соның ішінде ұлттық сусын өн­діріп отырғандарға жеңілдік жайын да қарастырса. Осында көтерілген мәселе аяқсыз қалмай, шеші­мін тапса екен», – дейді «Жоламан» қымыз брендінің иесі Нұрғали Жоламанұлы. 

Ұйымдастырушылар айтқандай, гастрофес­тивальге өндірісте жүргеніне үш жыл болған немесе көзін ашқаннан атакәсіпті дөңгелетіп отыр­ғандар да келген. Соның бірі «Текті сусын» брендінің иесі – Жылқыбай Төлегенұлы. Қызығы сол, шешесі жайлауда қымыз сауып жүріп тол­ға­тып, соның құрметіне атасы есімін Жылқыбай қой­ған екен. «Жылқысы көп болсын, қымызы тәт­ті, мол болсын» деп батасын берген. Төлеген­ұлы­ның атакәсіпті жалғастырып жүргеніне жар­ты ғасырдан астам уақыт болған. Қазір балалары мен немерелерінен бөлек, 25 адамды жұмыспен қам­тып отыр. «Текті сусынды» ата-бабасынан қалғ­ан, шешесі үйреткен технологиямен өндіріп жүр.

«Біріншіден, қымыздың бабына жылқының жеген шөбі де әсер етеді. Таудың жем-шөбі бөлек. Екіншіден,  ішіндегі бактерияны өлтірсін деп қайыңның қодырымен ыстаймыз. Біреу қаймақ қосатынын, ендігісі сары май қосатынын айтады. Біз бие сүті болған соң, семіз жылқының қазысын қосамыз. Сонда қымыз реакция беріп, ерекшеленеді. Байқаудың бірінші күні 800 литр әкелгенбіз. Бүгін 600 литр қайта алдырдық. Бас-аяғы 1.5 тонна қымыз әкелдік. Ішінде сатылғаны да бар. Ел ішіндегі нарыққа биыл шыға бастадық. Конференцияда қымызды ұнтаққа айналдырып, экспорттау жайы айтылды. Бұл менің арманым, ұзақ жылдар бойы ойда жүрген іс. Сублиматорды Қытайдан, болмаса Германиядан алдырсам ба деп ойланып жүргенмін. Болашақта өндірісті қолдап,  мемлекет несие беретінін де айтты. Мен­ің­ше, ел ішіндегі, шетелдегі сұранысты қамтама­сыз ете аламыз. Қымызды Бурабайдан Алтай өл­кесіне, Ресейге, Түркия мен Қытайға алып кет­е­ді. Енді ұнтақтап сату жүзеге асса, тасымалдау да жеңіл болар еді.  100 грамм суға бір қасық қы­мыз ұнтағын қоссаңыз, таза сүт болып шыға келеді. Мұның кәдімгі қымыздан ешқандай айырмасы жоқ», – деді ол. 

Бал қымыз, қазанат пен жүйрік тазы

Жәрмеңкедегі әр қымыздан дәм татып, дауыс беріп, шатырдан шыққанда түс ауған екен. Оның үстіне, халықтың дауысынан бөлек, ла­боратория анықтамасы, комиссия шешімі де әсер етеді. Одан бөлек, 50 шаруашылықтың презен­тация жасап, өзін-өзі жарнамалағаны тағы бар. Нә­тижесі шыққанша, халық қиқуы үдей түскен жақ­қа жеттік. Аужайласақ, «Ер қанаты» атты тұң­ғыш жылқы көрмесі екен. Асыл тұқымды сәйгүліктің бәрі бірінен-бірі өтеді. Тұяғымен жер тарпып «Менен асқаны бар ма?» деп тұрғандай. Ішінде гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқысы мен қазақы тұқым да бар. Жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай жыл­қы тұқымы да келген. Сондай-ақ «Ұлы дала жо­ры­ғы» бәйгесінің чемпиондары көрмеге сән бер­ген. Ат көрсе делебесі қозатын қазақ сүй­гү­ліктерді  күні ұзақ қызықтады. Аттың сынын біле­тіндер бірінің болмысына, бірінің тұрысына, ендігісінің желісіне таңырқады. Дегендей-ақ «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясында мұғалжар тұқымы топ жарды. Ал «Ең жүйрік жылқы» аталымында қостанай тұқымы үздік атанды. Одан бөлек, асылтұқымды тазылардың ішінен шапшаңы мен ептісін танып, марапаттады. Топ тазы алдыңнан жүгіріп өткенде бойыңды рух кернеп, ерекше бір күйге бөленесің. 

Мұндай тойдан балалар да құралақан қал­мады. Асық атып, алтыбақан теуіп, қой-радео­сына қатысты. Ересектер де 55 келі қойды көтер­іп, өзара мықтыны анықтады. Концерт тамаша­лап, ғылыми конференциядан білім жиғандар да бар. Қысқасы, байқау нәтижесі шыққанша еш­кім­нің іші пыспады. Бірақ бас-аяғы 45 миллион тең­генің иесі кім болары көпті қызықтырды, білем. Байқау жеңімпазын күн ұясына батқан мезгілде жария­лады. Абай облысы, Саржал ауыл­ы­нан «Жаныс» шаруа қожалығы «Ең үздік қы­мыз» иесі атанды. Жеңімпазға 20 млн теңге сый бер­ілді. Екінші орынды Қарағанды облысы, Қар­қаралы қымызы, «Қарынши» шаруа қожалы­ғы иемденді. Оларға 15 миллион теңге табыстады.  Ақ­мола облысы, Қым­ыз­ынай қымызы, «Қабду­лин» шаруа қожалығына үшінші орын мен 10  миллион теңге бұйырды. Одан бөлек, демеушілер «Алтын күбі», «Алтын қор», «Күміс торсық», «Кү­міс шара» ата­лы­мы бойынша сыйақы та­быс­тады. Сонымен, жо­ғары деңгейде ұйымдас­тырылған байқауға келген де, қатысқан да риза болып, жадырай тарқасты. 

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ