Қытай әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие. Бұл елдің даму стратегиясы мен қарқыны көпшілікке үлгі. Еліміздің іргесінде осындай көршіміздің бары, серіктестік құруда сенім ұялатады. Президент бастамасымен инвестициялық ықпалдастықты арттыру нәтижесін беріп келеді.
Оның бір мысалы Түркістан облысында салынып жатқан 4 мың адамды жұмыспен қамтитын 8 зауыттың құрылысы, мемлекеттік деңгейдегі мега жобаға айналды. Қазірдің өзінде 1,5 жарым жұмысшы еңбек етіп бастады.
Былтыр еліміздің Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрап, рекордтық межеге жеткен. Бұл көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард доллардың төңірегінде. Қытайдың қолдауы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып, бізге 26 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді.
Президенттің пікірінше, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді. Қазақстан Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан бас тартпайды. Жалпы, инвестициялық әріптестік әлем бойынша дамыған үрдіс. Алпауыт компаниялар өз өнімінің өрісін кеңейту үшін, көптеген елдерде инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Бұл бизнестің бәсекеге қабілетін арттыратын да заңды құбылыс.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді», – деді.
Мемлекет басшысы қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін ескертті. Сөйтіп энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атап өтті. Ғылым мен өндіріске бетбұрыс жасап, озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға кірісіп жатқан елміз. Президент аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән беруге шақырды. Қытайдың ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытып, жуық арада келісімге қол қоюға дайын екендігімізді жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірленуін қолдаймыз. Президент ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын жеткізді.
Қайрат БАЛАБИЕВ, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі