in

“Құбырлар ауыстырылып жатыр”: «AMANAT» партиясы жылу жүйесінің жаңартылуын бақылауда

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Тараз қаласындағы жылу жүйесін жаңарту жұмыстарын қадағалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Комиссия мүшелері Жамбыл даңғылы бойындағы (Төле би даңғылы мен Қазыбек би көшесінің аралығы) құрылыс жұмыстарын аралап, құбыр жүйесін салу барысымен танысты. Бүгінде аталған аумақта 340 метр астыңғы науа мен құбырлар төселген. Жұмыс биыл 14 маусымда басталған. Мердігер компанияның мәліметінше, жұмысты қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Аталған жұмысқа облыстық бюджеттен бөлінген қаржының 30%-ы (27,5 млн тг), республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың 19,7%-ы (162,8 млн тг) аванс ретінде төленді. Алайда, мамыр айына жоспарланған республикалық трансферттің түспеуіне байланысты, 85 млн теңге берілген жоқ.

Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 55,4 млн теңге қайта алынуына байланысты, қалалық бюджетке өтінім берілді.

«Қазірде құбырлары ауыстырылып жатқан көше бойында көлікпен жүру қиындады. Қала орталығына жақын көше болғандықтан кептеліс те көбейді. Тұрғындардың қазірге талап-тілегі – Төле би және Қазыбек би көшелеріндегі жұмыстарды барынша тезірек аяқтап, асфальт жабындысын төсеу. Одан бөлек, шағын бизнес ошақтарының да жұмысы осы жолдың қазылуына байланысты тоқтап тұр», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Жұмахан Тәңкебаев.

Жұмыс алдағы уақытта да партияның жіті назарында болады.