in

Құдірет бар Домбыра ішегінде

Көрменің негізгі мақсаты – өлкетану музейінің қорында сақ­талған, еліміздің белгілі ақындары мен өнер қайраткерлеріне тиесілі жеке домбыралар арқылы қазақ халқының ұлттық рухани мұрасын кеңінен таныстыру, домбыраның өнер мен мәдениеттегі ерекше орнын айшықтау.

Көрме барысында келушілер тарихи тұлғалар пайдаланған дом­быра­лармен танысып, олардың шығармашылық жолы мен мәде­ниетке қосқан үлесі туралы мол мағ­лұмат алды. Экспозицияда ұлт­тық аспаптың әртүрлі үлгілері мен ерекшеліктері көрсетіліп, домбыраның қазақ күй өнері мен ән дәстүріндегі маңызы айтылды.

– Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухани байлығын, төл өнерін ұлықтайтын мереке. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала үнісің сен, домбыра!» атты көрменің мақсаты – қазақтың киелі аспабы арқылы ұлттық мә­ден­иетті насихаттау. Бұл көрме – бір ғана музыкалық аспапты көр­сету емес, бұл – тұтас бір дәуір­­лердің, тарихи тұлғалардың рухын сезіндіру, жастарға өнеге беру. Ата-бабалардан мирас болған асыл өнер арқылы біз жас ұрпақтың бо­йына ұлттық құндылықтарды сіңіре аламыз. Домбыра – халқы­мыз­дың үні, шежіресі, тектілігінің нышаны. Осындай рухани-мәдени шаралар арқылы біз төл өнерімізге деген құрметімізді көрсетеміз. Көр­меге арнайы келіп, атақты күй­шілер мен өнер саңлақтарының домбыраларын көруге келген барша жұртшылыққа алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев.

Көрмеге Абай дәстүрінің жал­ғас­тырушылары Сапарғали Әлім­бетов, Тәңірберген Әміренов, дүл­дүл әншілер Жәнібек Кәр­менов, Болат Сыбанов, Келденбай Өлмесеков, Мейрамбек Ахметов, Кентау Назарбек, Берік Омаров, ақындар Ақылбек Манабаев, Дә­меткен Омарбаева, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов, композитор әрі күйші Рахымбек Ноғайбаев, белгілі ғалым Амантай Исин және басқа да өнер қайраткерлерінің домбыралары қойылды.

Сонымен қатар 30 маусым күні Абай облысында ерекше флешмоб ұйымдастырылды. 200 полицей бір уақытта бірдей «Адай» күйін орын­дады. Іс-шара Семей қаласындағы Абай музейінің алдында өтті – бұл халқымыздың рухани құндылық­тары тоғысатын қасиетті мекен.

Осылайша, Құқық қорғау сала­сының өкілдері әйгілі Құрман­ғазының күйін оркестр болып ор­ын­дап, ұлттық мұрамызға деген құрметтерін көрсетті. Домбыра үні халықтың жүрегіне жол тауып, көрермендерге ерекше әсер сый­лады. Бұл – полиция қызметкер­лерінің заң мен тәртіп қана емес, ұлт­тың рухани болмысына да жа­қын екенін білдіретін жарқын белгі.

Ал Абай облысы бойынша ҚАЖД №19 мекемесінің қызмет­кер­лері қазақ музыкалық мәде­ниетінің басты символы Домбыра күніне арналған ерекше және ша­быт­тандыратын Jam session музыкалық іс-шарасын өткізді. Шараға олар өңірдегі әйгілі «Үш қыран» тобының құрамынан дәс­түрлі әнші Қуанышбек Ахмет­бекұлын шақырды. Ол қызметкер­лерге Jam сессиясын өткізу тәрті­бін үйретті. Іс-шараның бастама­шы­лары мекеменің өнерге бей-жай қарамайтын қызметкерлері болды, олардың арасында көпте­ген талантты орындаушылар бар. Импровизацияланған концерттік аймақта Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың әйгілі күйлері, сондай-ақ авторлық аранжи­ров­кадағы заманауи композициялар шырқалды. Музыкалық кездесу атмосферасы ата-баба рухына, тарихты құрметтеуге және елдің мәдени мұрасына деген мақта­ныш­қа толы болды. 

– Мен бұл шараға шақырту ал­ған кезде қатты таң қалдым. Бұл музыканттар жиналып, дайын­дықсыз және белгілі бір келісімсіз ойнайтын бірлескен музыкалық сессия. Мұндай оңай емес жұмыс істейтін қызметкерлер домбырада жақсы ойнай алатыны қуантарлық жағдай, – дейді дәстүрлі әнші Қуанышбек Ахметбекұлы.

Еске сала кетсек, Қазақстанда жыл сайын шілде айының алғаш­қы жексенбісінде ұлттық Дом­быра күні атап өтіледі. 2018 жылы Пре­зи­денттің бастамасымен бекі­тіл­ген бұл мереке ұлттық біре­гейлікті ны­ғайтуға, жастардың дәстүрлі мәдениетке қызығушы­лығын оя­туға және ұрпақтар са­бақ­тастығын насихаттауға бағыт­талған. 

 

Кербез ЕСІМ