in

Құрбанды онлайн шалуға бола ма?

Бүгін мұсылмандардың діни мерекесі – Құрбан айт басталды. 3 күнге созылатын бұл мейрамның басты атрибуттары – айт намазы, құрбан шалу, қайырымдылық шаралары және мерекелік дастарқан. Мереке қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы Құрбан айттың 6 маусымда басталатынын ресми түрде жариялаған болатын. Сол кезде Діни басқарма құрбанды онлайн шалуға болатынын айтты, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. 

– Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Егер өзі бара алмаса, бір кісіге өтініш жасап, құрбан шалуға рұқсат етілген. Демек, онлайн форматта құрбан шалуға тапсырыс бере аласыздар, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оның айтуынша, мұндай құрбандықтан түскен ет мұқтаж жандарға жеткізіледі.

Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы төлем жасай алады. Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға SMS хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.

Сондай-ақ ҚМБД мұсылман жамағатқа мынадай маңызды ескерту жасады.

– Құрбан айт мерекесі кезінде өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асыру үшін кейбір белгісіз азаматтар мен ұйымдар жалған құрбандық сайттарын ашып, халықты адастырып, құрбандыққа аударған қаражаттарын өзге мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан баршаңызды абай болуға шақырамыз, – делінген хабарламада.