Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Республика бойынша Құрбан айт намазының кестесін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Белгілі болғандай, Қазақстанда Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келеді. Ал 6 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қасиетті Құрбан айт мерекесіне қатысты жұмыстарды пысықтау бойынша онлайн және оффлайн форматта арнайы жиын өтті.
Жиынға наиб мүфтилер Сансызбай Құрбанұлы мен Ермек Қасболатұлы және ҚМДБ басшылық құрамы, өкіл имамдар мен мешіт қызметкерлері қатысты.
Жиында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Зекет және қайырымдылық қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы және «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Асқарбекұлы, сондай-ақ Цифрлық даму бөлімінің маманы тиісті бағыттар бойынша баяндама жасады.
Ғылымбек Жәдігерұлы құрбан шалу кезінде тәртіппен тазалықтың қатаң сақталуын және ашықтықтың қамтамасыз етілуін қадалағалауға қатысты ақпараттармен бөлісті. Айбек Асқарбекұлы мен Мақсатбек Мақсотұлы барлық өңірде құрбандық шалатын арнайы орындар әзірленіп, қасапшыларға арнайы оқу семинары ұйымдастырылғанын жеткізді. Және де шариғат нормаларын сақтап мал сою – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Бұған дейін Бас мүфти Құрбан айтқа байланысты үндеу жариялаған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.