in

Үндістан мен Кореяға сапар: Тоқаевтың алдағы бірнеше күнге жоспары жарияланды

Алдағы күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанға жұмыс сапарымен және Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Ақорда.

12-13 қыркүйек күндері Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Үндістанға жұмыс сапарымен барады.

Президент Нью-Делиде "Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту" тақырыбына арналған "аутрич"/"БРИКС+" форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді.

Сапар аясында Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізу, сондай-ақ бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездесу жоспарланған.

Ал 14-16 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барады.

15 қыркүйекте Сеулде жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін нығайту перспективасы талқыланады. Бұдан бөлек, президент Кореяның ірі компаниялары жетекшілерімен кездеседі.

16 қыркүйекте Мемлекет басшысы "Орталық Азия – Корея Республикасы" бірінші саммитіне қатысады.