in

Үнзила Шапақ, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Қылмыстың түп-тамыры әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі

Бұл бастама қылмыспен күреске қатысты қоғам көзқарасын түбегейлі өзгертуді көздейді. Өйткені бұрын құқық қорғау жүйесінің басты мақсаты жазалау болса, бұдан былай құқықбұзушылықтың алдын алу болып отыр. Ендігі сұрақ заңның қағаз жүзінде қалып қоймай, өмірде қалай жүзеге асатынында. Осы жөнінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ тарқатып айтып берді.

– Жалпы отырыста профи­лактикалық қызметті айқындай­тын онға жуық заң бар екенін айт­тыңыз. Ендеше құқықбұзу­шы­лықтардың алдын алу бойын­ша бірыңғай заң қабылдау не үшін қажет болды? Сонда қазіргі заң­дар бұл мәселені шешуге қауқар­сыз болып отыр ма?

– Бүгінде елімізде профи­лак­тикаға қатысты онға жуық заң бар деп айтқаным рас. Бірақ олар­дың әрқайсысы өз саласына қарай бөлек жұмыс істейтінін естен шығармайық, себебі олар бір жүйеге біріктірілмеген. Нәтижесінде, ведомстволардың іс-қимылы көбіне өзара үйлес­пей жатады. Бұл дегеніңіз про­фил­актика тиімділігін төменде­тетін негізгі себептердің бірі. Мысалы, ішкі істер органдары құқықбұзушылық жасаған адам­ды тіркеп, бақылауға алуы мүм­кін, бірақ оның әлеуметтік жағ­дайы, отбасылық мәселесі не­ме­се психологиялық күйі бас­қа құрылымдардың назары­нан тыс қалады. Мұндай жағдай­да адамды жазалау жағы қарас­тырылғанымен, оны қоғамға қай­та бейімдеу тұрғысынан келгенде қол қусырып қаламыз.

Ал жаңа заңның басты ерек­ше­лігі – осы бытыраңқылықты жою. Яғни, құқықбұзушылықтың алдын алу ісі тек полицияның емес, бүкіл мемлекеттік аппарат­тың, тіпті қоғамның ортақ мін­деті ретінде айқындалады. Демек, енді әлеуметтік қызмет­керлер, психо­логтар, білім беру мекемелері, қоғам­дық ұйымдар мен жергілікті билік бәрі бір бағытта, бірыңғай жоспармен жұмыс істейді.

Азаматтардың қауіпсіздігі мем­лекеттің ең басты міндеті екені бәрімізге мәлім. Бірақ соң­ғы жылдары қылмыстың түрі де, сипаты да өзгерді. Бұрын құқық­бұзу­шылық тек көшедегі тәртіп­сіздік пен ұрлық деп қарасақ, бү­гінде оның ауқымы кеңейіп, әлеуметтік, экономикалық, тіпті цифрлық салаға дейін еніп кетті. Сәйкесінше, мұндай жағдайда тек полицияның немесе жеке­ле­ген мемлекеттік органдардың күшімен мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан да құқықбұзу­шылықтардың алдын алуға ба­ғыт­талған бірыңғай заң қабылдау уақыт талабы болып отыр.

Жаңа заң – қоғамның өз қа­уіп­сіздігіне деген көзқарасын өзгер­тетін құжат. Ол тек жаза­лауға емес, алдын алуға, тәрбие­леуге, қайта әлеуметтендіруге ба­ғыт­талған. Бұл – кез келген өркен­иетті ел ұс­танатын жол. Қыл­мыс­тың азаюы тек заңның қатаң­ды­ғымен емес, адамдардың өзара сенімі мен қолдауына байлан­ысты екенін түсінетін уақыт жетті.

Сондықтан бірыңғай профи­лактика заңы – бұл жай ғана құ­қық­тық құжат емес, қоғамның са­насын жаңғыртатын идеоло­гия­лық қадам дер едім. Ол әр аза­­мат­тың бойында «қауіпсіз орта – бәріміздің ортақ жауап­кер­­шілі­гіміз» деген түсінік қал­ыптас­тырады. Тек осылай ғана біз құқық­бұзушылыққа төзбеуші, әділ әрі қауіпсіз қоғам құра аламыз.

– Өзіңіз айтқандай, қазір про­фи­лактикалық жұмыстар көбіне полиция арқылы жүргізіледі. Ал жаңа заң бұл тәсілді қалай өзгерт­пек?

– Бүгінге дейін құқықбұзу­шы­лықтың алдын алу ісі көбіне полицияның мойнында болды. Тәр­тіп сақшыларының басты мін­деті – заңды бұзған адамды табу, жауапқа тарту, жазалау. Бірақ қоғамды тек жазамен түзе­ту мүмкін емес. Егер аурудың себебін емдемей, тек салдарымен күрессек, ол қайта пайда бола береді. Сол сияқты құқықбұзу­шы­лықтың түп-тамырын зертте­мей, тек оқиға болған соң әрекет ету – нәтижесіз тәсіл.

Міне, жаңа заң осы қағиданы өзгертпек. Ол полицияны тек «жаза­лаушы орган» емес, қоғам­мен серіктес, алдын алу жүйесі­нің теңқұқылы мүшесі ретінде қа­растырады. Яғни, полиция­ның рөлі қатаң бақылаушыдан гөрі бағыттаушы, үйлестіруші, хал­ықпен диалог орнатушы қыз­метке айналады. Бұл мүлде жаңа философия. Мәселен, бұрын отба­сындағы зорлық-зомбылық фак­тісі тіркелсе, оған көбіне учас­келік инспектор ғана ара­ла­сатын. Енді мұндай жағдайға әлеуметтік қызметкер, психолог, тіпті мектеп пен денсаулық сақ­тау мекемесі де қатысады. Олар бірге отырып, мәселенің себебін анықтайды, көмек көрсетеді, яғни қылмыстың қайталануына жол бермейді.

Полицияның өзі де жаңа фор­­матта жұмыс істейді. Ол тек хаттама толтырумен немесе жа­за­лау шараларымен шектелмей, про­фи­лактикалық есептегі адам­­дар­мен тұрақты байланыста болады. Мысалы, тәуекел тобын­дағы жасөспіріммен тек учас­ке­лік емес, педагог пен психолог бір­ге жұмыс істейді. Бұл  адамды қо­ғамнан шеттетпей, қайта бейім­деуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге құқықбұзу­шы­лықтың алдын алу бұл тек тәр­тіп емес, мәдениет мәселесі дер едім. Ал мәдениет күшпен емес, түсіністікпен, келісіммен қалып­тасатыны бәрімізге мәлім. Сондықтан жаңа заң қабылдан­ған соң полицияның қоғамдағы бейнесі де өзгереді: ол қорқыныш тудыратын емес, сенім ұялататын құрылымға айналуға тиіс. Бұл үшін ішкі істер органдарының кадр саясаты, қызметкерлердің даяр­лығы мен халықпен байлан­ыс әдісі де жаңаша құрылмақ.

Яғни, жаңа заң – тек құқық­тық реформа емес, полиция мен қоғам арасындағы көпір. Ол күшке емес, бірлікке, қорқын­ышқа емес, сенімге сүйенетін жаңа модель қалыптастырады. Сонда ғана профилактика шы­ны­­мен нәтижелі болмақ.

– Отырыста халықаралық тә­жірибеде қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлесіп тиімді жұ­мыс атқарғаны сөз болды. Бұл тәжірибе елімізде қалай жүзеге асырылмақ?

– Иә, қылмыстың түп-тамы­ры әлеуметтік ортада жатқанын бүгінде халықаралық тәжірибе көр­сетіп отыр. Жұмыссыздық, тұрмыстық қиындықтар, білім мен мәдениеттің төмендігі, мас­күнемдік, құмар ойын – осылар­дың барлығы адамды құқықбұзушы­­лыққа итермелейтін фак-­тор­лар. Сондықтан бұл мәсе­леге кеш­енді түрде қарау қажет. Мысалы, Франция мен Канадада профилак­тикалық бағдарламалар полиция­ның қатысуынсыз-ақ жүзеге аса­ды: әлеуметтік қызмет­кер­лер қау­іпті топтағы азамат­тармен жұ­мыс істейді, психо­лог­тар балалар мен жасөспірімдерге көмек көр­сетеді, жергілікті қо­ғам­дастықтар бос уақытты тиімді өткізу жоба­ларын ұйымдас­тырады.

Біздің елімізде де осы бағытты дамыту көзделіп отыр. Бірыңғай заңның арқасында профилактика бір орталықтан басқарылатын болады. Бұл әрбір ведомствоның жауапкершілігін нақтылайды әрі ресурстарды тиімді бөлуді қамта­масыз етеді. Ең бастысы, күштік әдіс­термен шектелмей, адам тағ­дырына әлеуметтік көзқараспен қарау мәдениеті қалыптасады.

Мысалы, дамыған елдерде құқықбұзушылықтың алдын алу үш деңгейде жүзеге асады: мем­лекет, қоғам және отбасы. Мем­лекет заң мен жүйені құрады, қоғам түсіндіреді, отбасы тәр­бие­лейді. Ал бізде осы тізбек жиі үзіліп қалып жататынын көріп жүрміз. Бірі жауапкершілікті екіншісіне артуға әуес. Жаңа заң осы үзілісті жалғап, бәрін ортақ жүйеге біріктірмек.

Мәселен, жергілікті басқару­шы билік енді өз аймағындағы әлеу­меттік ахуалды бақылауға алады. Жұмыссыздық, тұрмыс­тық зорлық, жастар арасындағы агрессия секілді мәселелердің ал­дын алу үшін нақты бағдарла­малар әзірленеді. Білім беру ұйым­­дары балалар мен жасөс­пірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтап, пси­хо­логтармен бірлесе жұмыс іс­тейді. Ал қоғамдық бірлестіктер мен волонтерлер тәуекел тобын­дағы азаматтарға көмек көрсетуге атса­лысады. Ең бастысы, қоғам­ның енжарлығын жою. Әр азамат «мен­ің қауіпсіздігім өзіме де бай­ла­н­ысты» деген түсінікті бойына сіңіргенде ғана нәтиже болады. 

– Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы жаңа заң қоғам мен мемлекет үшін қандай нақты нәтижелер береді деп ойлайсыз?

– Бұл заң қабылданса, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін арт­тыруға бағытталған бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізе­міз деп ойлаймын. Атап айт­қан­да, ең бірінші, құқықбұзушылық­тардың алдын алу шараларының тиім­ді­лігі артады. Яғни, қылмыс жаса­ған адамдардың оны қайта қайта­лау ықтималдығы азаяды. Екінші­ден, профилактикамен айна­лысатын түрлі мекеме мен ұйым­ның жұмысы жақ­сармақ. Себебі бұрын әрқай­сысы өз бетінше әре­­­кет етсе, енді олар­дың жұмы­сы ортақ мақсатқа ба­ғыт­талады. Одан кейін қоғам­ның құқық қор­ғау органдарына сенімі күшеюі мүмкін. Себебі азаматтар профи­лактикалық жұмыстың ашық, әділ және тиімді жүргізіліп жат­қанына куә болады. Төртін­ші­ден, заңға құр­метпен қарау мә­дениеті қалып­тасып, адамдар арасында зор­лық-зомбылық пен заң­бұзу­шылық­қа төзбеу көзқара­сы орны­­­ғады. Жал­пы алғанда, бұл жаңа заң – барлық қолданыс­тағы ере­желер мен салалық заң­дар­ды бір­ік­тіріп, халықаралық тә­жіри­беге сүйене отырып жасал­ған құ­жат. Ол елі­міз­дің құқық­бұзу­­шы­лықтың ал­дын алу жүйе­сін жаңа деңгейге көтереді. Заң қа­былданған соң құқықтық тәр­тіп­тің бірлігі қамта­масыз етіледі, ал мемлекет пен қоғам арасын­дағы байланыс күшейеді. Бұл өз кезе­гінде елімізді қауіпсіз, әділ және тұрақты мем­лекетке айнал­дыру жолындағы үлкен қадам болмақ. Әрине, мұндай маңызды баста­ма­ның әрбір тетігі жан-жақ­ты талқыла­нып, жетілдіру кезеңі­нен өтті. Осы­лайша, жұмыс тобы заң жоба­сын талқылау кезінде депут­аттар мен заңгерлердің ұсын­ыс­тарын толығымен қарас­тырды. Нәтижесінде, барлық негізгі ко­митеттер бұл бастамаға оң қоры­тынды беріп, қолдау білдірді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Кәмила ДҮЙСЕН