Қарағандыда пойыз жол апатына ұшырап, үш адам мерт болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға Ақадыр – Қарағанды учаскесінің Жарық-Дария аралығындағы күзетілмейтін, реттелетін теміржол өткелінде болған.
ҚТЖ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, 92 км/сағ жылдамдықпен жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі Mazda маркалы жеңіл автокөліктің жолға шығуына байланысты шұғыл тежеуді қолданған. Бірақ соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Автокөлік жүргізушісі мен екі жолаушы ауыр жарақаттан көз жұмды. Оқиға туралы ақпарат құқық қорғау органдарына берілді.
«ҚТЖ «ҰК» АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады және жол қозғалысының барлық қатысушыларын теміржол өткелдерінде жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Түнде апат қаупі артқан кезде ерекше назар аудару қажет, – делінген мәліметте.