in

Ұлттық жоба салаға серпін береді

Қай кезде де ұлт саулығы мемлекеттің негізгі капиталы болып табылады. Сон­дық­тан да саланы өркендетуде бірінші кезекте денсаулық сақтау саласын дамы­туға бағытталған кешенді шараларды нә­ти­желі жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр. 

Мемлекет басшысының тапсырма­сы­мен елді мекендердегі ақ халаттылар­дың әл-ауқатын арттырып, медициналық қызметтің аясын кеңейтуге бағытталған ұлттық жобаның Қызылорда облысында атқарылу нәтижесі көз қуантады. Мәлі­метке сәйкес, соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына барлығы 440 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, халық­­тың сұранысына сәйкес түйіткілді мәселе­лер шешімін табуда. Соның ішін­де «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық аудандар­ын­да құны 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салыныпты.

Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау бақармасының хабарлауынша, ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасын­да жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылған. Сол сияқты облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге емханасы мен онколо­гия­лық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталса, ұлттық жоба аясында құны 4 млрд 500 млн теңгеге 4 көпбейінді аудандық орта­лық аурухана жанынан қосымша ғимарат қүрылыстары қарқын алған. 

«Аймағымызда халықтың медицина­лық қызметке қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соңғы үш жылда 6 млрд теңгеге 24 медициналық нысан күрделі жөндеу­ден өтіп, халықтың игілігіне жұмыс жасауда. Сонымен қатар құны 1 млрд 200 млн теңгеге 44 денсаулық сақтау ғи­ма­рат­тарының жылу жүйесі газға ауыс­ты­рылған. Жалпы, соңғы жылдары меди­циналық қызметтің сапасын арт­тыру мақсатында 15 млрд теңгеге меди­ци­на­лық құрал-жабдықтар сатып алын­ды. Соның негізінде емдеу орындарының медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға арып отыр. Өңірде жедел жәр­дем қызметіне қолжетімділік бар. Соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 дана жаңа санитарлық автокөліктер алынып, барлық елді ме­кен­деріндегі денсаулық сақтау ұйым­дарына табысталды. Сол сияқты халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қам­та­масыз етілді. Осылайша, елді мекен­дерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты. Аймақта медицина саласын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. Біз «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қорымен тұ­рақ­­ты әріптестік байланыста жұмыс жа­сап жатырмыз», – дейді Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Олжас Искаков. 

Аталмыш қор соңғы екі жылда өңір­дің денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бағыттапты. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы аш­ыл­ған. Жақын күндері облысқа қарасты Арал ауданында да дәл осындай орталық ашу жоспарда тұр.

Сонымен қатар қордың ықпалымен облыстық Онкология орталығы құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медици­налық кешенмен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда кешен өңіріміздің шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға үздіксіз сапалы қызмет көрсетіп келеді. Аймақ жұртшылығын сирек кездесетін дертке қарсы дәрі-дәрмектермен қамту бағы­тын­д­а да түйткіл жоқ.

«Сыр өңірінде медицина саласына тың серпін беретін байыпты бастамалар мұнымен шектелмейді. Соның айға­ғын­дай, өңірде медицина саласындағы қыз­меткерлерді әлеуметтік қолдау, кадр­ларды тұрақтандыру мақсатында 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пәтер кілт­тері табысталады деп күтілуде. Осы орайда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін дәрігер мамандар­дың біліктілігін арттыру мәселесі на­зар­­дан тыс қалған емес. Бұл тұрғыда былтыр 10 реаниматолог, 5 кардио­лог маман Түркияның жетекші ме­ди­­ци­на­лық кли­ни­касында білім­дерін жетіл­дірсе, биыл 41 медицина қызмет­кері Германия, Ре­сей, Литва, Беларусь ел­деріндегі ал­дыңғы клини­калық база­ларда өз білік­ті­лігін арт­тырған. Осы­лай­­ша, халық­аралық байланысты ны­­ғайта отырып, болашақ тәжірибелі маман даярлау ісін­де ілгерілеушілік бар», – дейді бас­қар­ма басшысы Олжас Ермекұлы. 

Қазіргі уақытта өңірге аса қажетті медицина мамандықтар бойынша 176 резидент облыс әкімінің гранты­мен білім алуда. Бұған қоса, «Жалпы тәжіри­бе­лі дәрігер» мамандығы бойын­ша ма­ман­­дар даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлініпті.

Осы сияқты саланы дамытуға бағыт­талған ауқымды жұмыстар нәтиже­сінде өткен жылмен салыстырғанда өңірде сә­билер өлімі 17 пайызға, қатерлі ісік­тер­ден болатын өлім-жітім 9 пайызға, қан айнал­ым жүйесінен орын алатын адам өлімі 1,5 пайызға төмендеген. 

Қалай дегенде де, Сыр өңірінде жүр­гізіліп жатқан кешенді шаралар жоғары нәтижеге ие. Алдағы уақытта да ұлттық жоба шеңберінде атқарылар жұмыс­тардың ауқымы кең.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы