Мерекелер қатарына 2018 жылы қосылған бұл мейрам қазақпен бірге жасасып келе жатқан, дала өркениетінің ажырамас бөлшегіне айналған көне аспаптың жаһанға танылуына қызмет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға ортақ құндылыққа айналған домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды екенін атап өткен еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауында: «Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр», – деген еді. Расында да домбыра қарапайым музыкалық аспап емес. Ол ұлт жадын жаңғыртатын, ауызша тарих пен этнографиялық мұраларды қадымнан бүгінге жеткізетін, ұлттың ұланғайыр музыкалық мұрасының басым бөлігін бойына жинақтаған аспап. Тіпті, домбыраны аспап дегеннен көрі құндылық деп атаған әлдеқайда жарасымды сияқты. Ол ұлттық бірегейліктің негізгі ұстындарының біріне айналып кеткен құрал. Сондықтан мемлекет домбырада күй тарту өнерін UNESCO-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасын тізіміне енгізуге қол жеткізді. 2014 жылдың 26 қарашасында халықаралық ұйым тізімін осы күй өнері толықтырды.
Қызығы сол, домбыра аспабы ғасырлар тереңінен келе жатқан, әр дәуірдегі өзгерістер мен жаңашылдыққа ыңғайлы әмбебап аспап. «Тоғыз перне, екі ішекті» деп саналған көне аспап қазір заманауи оркестерлерде де қолданылып жүр. Тіпті этно-рок, неофолк, электронды музыка сияқты ең заманауи бағыттармен де үйлеседі. 2000-жылдардың басында «Ұлытау» тобының домбыраны эстрадаға алып келгені елдің есінде. Ал қазір домбыраны заманауи музыка құралдарынан бөліп қарастыру да қиын. Отандық талай өнерпаз халықаралық сахналарда домбыраның сүйемелдеуімен ән салды. Домбыра Димаш Құдайбергеннің де серігіне айналды. Әлем жұрты қазір қазақтың осынау аспабының мүмкіндіктерін әбден мойындады. Бұл дегеніңіз – ұлт мәдениетін мойындау деген сөз. Мысалы, жапон музыканты Акира Такегучи Ыстамбұл қаласында домбырамен танысып, қазір Жапонияда тұрақты қойылымдар ұйымдастырып, ұлттық аспап пен Қазақстанға қызығушылық танытып жүр. Британиялық Сабина Мастерс күйеуімен бірге Атырау қаласына көшіп келіп, қазақ тілін үйреніп, домбыра ойынын меңгере бастады. Кейін ол Ұлыбританияға екі домбыраны әкетіп, қазір Англияда студенттерге бағдарлап Құрманғазының күйлері мен рөлі туралы диссертация жазуды жоспарлап отыр. Америкалық Джефф Герш өз жұмысында домбыраны рок-н-ролл бағытымен үйлестіре отырып қолданады. Қазақстандық музыкант Әйгерім Мырзахмет негізін қалаған World Dombra Academy жобасы шетелдіктерге домбыра шертуді үйретіп жатыр.
Айтпақшы, жаһандану дәуірі домбыраға ұлт жастарының да көзқарасын өзгерткен. Бұрын үйдің төрінде ғана тұратын аспап, қазір нағыз бұқаралық музыка құралына айналды. Қазақ жастары көшеде гитара шертіп, ән салып өскен аға буынның «мұрасын» өзгертті. Ел қалаларының көрікті жерлеріне, саябақтарға домбыраны алып шықты.
2012 жылы басталған Dombyra party деп аталатын дәстүрлі іс-шара – соның айғағы. Бір топ блогердің ұлттық аспаптарды, мәдениетті, игі дәстүрлерді сәнге айналдыруды көздеген бастамасы бүгінде әлемге таралған флеш-моб үлгісіндегі қозғалысқа айналды. Тек 2012 жылдың жазында Dombyra party іс-шарасы Астанада, Алматыда, Атырауда, Шымкентте, Петропавлда, Жаңаөзенде, Оралда және басқа да қалаларда өткен. Флеш-мобты Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы қазақтар іліп әкетті. Сөйтіп сол елдің астанасы Ұланбатырда Dombyra party өтті. Түркия қазақтары мен сонда оқитын қазақ жастары Ыстамбұлда, Анталияда, Анкарада осындай іс-шара ұйымдастырды. 2013 жылы Dombyra party Лондонда, Лиссабонда, АҚШ-тың бірнеше қаласында өтті. Кейін әлемнің көптеген аймағын қамтитын іс-шараға айналып кетті. 2012 жылдың 16 тамызында Астанадағы Бәйтерек монументінің жанында домбырамен ән салған Аршат Оразов, Алдан Жылгелді, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай және Нұрберген Мақым атты сегіз жігіттің бастауымен дүниеге келген, домбыраны насихаттайтын шара қазір мемлекеттік идеологияның ажырамас бөлшегіне айналған. Жылдар өтсе де жаңғырып, қанатын кеңге жайып келеді.
Қазақ жастарының бұлай белсенуіне ешкім нұсқау берген емес. Тәуелсіз ұрпақ санасында қалыптасқан идеядан басталды. Өзара ұйымдасты, игі істі бастады. Мұның өзі домбыраның ұлт ынтымағын арттыруға, жастар санасын трасформациялауға да қабілетті аспап екенін көрсетсе керек. Ал Мемлекеттік ұлтпен тағдырлас аспап үшін арнайы атаулы күн, айырықша мереке тағайындауы домбыраның мәртебесін асырып, танымалдығын арттыратын қадам болғаны сөзсіз.
Алмас АЛТАЙ,
блогер:
Ұлттық аспапқа ғажап құрмет
Бұл таза аяқ астынан, тіпті «арты бұндай қозғалысқа ұласып кетеді екен-ау» деп «күдіктенбестен» басталған шаруа еді. Өзіміз тығыз араласатын азаматтар – «КерекИнфо» деген сайттың қолданушылары жиылып отырып, сол жиыннан соң көшеге шығып кете салған едік…
«Басы қараның бәрі игі» демей ме қазақ, ұлтқа қызметтің үлкен-кішісі болмайды ғой – Dombyra party да өз әлінше бір тетік боп әсер еткен шығар. Артынша Асық Party дегенді бір жігіттер ұйымдастырып жүрді. 2012-жылдары Астана қазіргіден біршама орысқол еді ғой, сол тікбақай қалаға сәл-пәл қазақылық сыйлаған шығар осындай шаралар. Дегенмен домбыраны танымал еткен, ұлықтаған, қастерлеген – ол «Домбыра күні» деп арнайы атаулы дата белгіленгені болды деп түйемін. Біздің өткізіп жүрген шараларымыз халық ішінде, ел арасындағы қадірін арттырар, ал Ұлттық аспапқа арнайы мәртебе беріп, күн белгілеу – ол бір ғажап құрмет болды.
Нұрғиса АСЫЛБЕКОВ,
аудармашы:
Мені «патимэн» деп те атаған
2012 жылы бір топ азамат, «КерекИнфо» дейтін сайттың әкімшілері мен қолданушылар Астанадағы Нұржол бульварында, «Керуен» ойын-сауық орталығының алдында отырып домбыра тартып, ән салуға уағдаласқанымыз бар. Сөйтіп тамыздың аяғында бастадық. Ешқандай патронажсыз, ешкімнің қолдауынсыз, саяси ұрансыз, өзіміз өткізіп жүрген флешмоб еді. Әкімдіктердің, шенеуніктердің қатысы жоқ, дербес форматта өтетін іс-шара ғой. Әлі күнге дейін солай жалғасып келе жатқан болуға тиіс. Осы бастама кейін жан-жаққа тарады. Басқа қалаларда, елдерде өтті. Өз басым Түркияның Ыстамбұл қаласында, Ұлыбритания астанасы Лондонда, еліміздің 7-8 қаласында осы шараны өткізіппін. Бәлкім содан шығар, бір кездері мені «патимэн» деп те атаған.
Амангелді ҚҰРМЕТ