in

Әлем кубогы – Астанада

Бұл – еліміздің World Boxing ұйымына кірге­лі өткізген алғашқы турнирі. 30 маусым-6 шілде ара­лығында өтетін дүбірлі додаға 30 елден 300-ге жуық боксшы келген. Байрақты бәсекеге дайындық барысында әйелдер құрамасы Ресей спортшыларын шақырса, ерлер құрамасы бірнеше ел өкілін шақырып, қолғап түйістірді. 

Тастүйін дайындық

Иә, бұл – боксшылар үшін әлем чемпионаты алдындағы соңғы дода. Спорт журналисі Қанат Байұзақтың айтуынша, сондықтан Астанаға келген спортшылардың қарасы көп. Әлем кубогының алғашқы кезеңі 30 наурыз-5 сәуір аралығында Бразилияда өтті. Оған 19 ел қатысса, Польшада (12-16 мамыр) 24 ел өзара бақ сынаған. 

«Астанадағы ірі турнирде бірінші рет Әзербайжан, Канада, Иран, Қырғызстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Доминикан Рес­публикасының өкілдері жүлдеге таласады. Ел құрамасы барлық 20 салмақта (ер және әйел) ең үздік боксшысын қатыстырады. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары да бар. Әлем кубогының екі кезеңіне тоқталсақ, Бразилияда жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде алды. Ал Польшадағы Феликс Штамм халықаралық турниріне санаулы күн қалғанда ғана «Әлем кубогы» мәртебесін берген соң, Қазақстан құрамасы қатыспады», – дейді Қанат Байұзақ. 

Бокстан ерлер құрамасы әлем кубогы алдында біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оған 12 елден 71 спортшы келеді деп жоспарланған. Ұлттық құрамадан бірінші және екінші нөмірлі боксшылар қатысты. Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырған ашық жаттығу жиынында Моңғолия боксшысы Бекнұр Қалиұлына назарымыз түскен. Ол командаластарынан 10 күн бұрын елордаға табан тіреп, біріккен жаттығу жиынына қатысты. Оның айтуынша, Қазақстанда жоғары салмақ дәрежесінде бәсеке жоғары. Сол үшін өзі де шеберлігін шыңдауға асыға жеткен. Әлем кубогына дайындығы жақсы екенін, алдағы турнирде барын салатынын жеткізген-ді. Оған бала кезден Серік Сәпиевтің бокс мәнеріне, жоғары салмақтағы боксшылардан Мұхтархан Ділдәбековтің рингтегі тәсілдеріне қайран. Ал қазір шаршы алаңда жүрген боксшылардан Абылайхан Жүсіповті, Нұрбек және Айбек Оралбайды атап өтті. Қазақша қиналмай сұхбат берген боксшыға біз де сәттілік тіледік. 

Айтып-айтпай не керек, ұлттық құрама ұландарын жалпы дене дайындығы бойынша ағайынды Камочолар баптады. Кезінде Геннадий Головкинді баптаған білікті мамандар Астанаға алғаш рет келген. Осыдан-ақ бапкерлік құрам бұл турнирдің қаншалықты маңызды екенін аңғартқандай. Жалпы, дене дайындығының маңызды екенін ескерсек, боксшылар масса жинап, шыныға түсті. 

Ал әйелдер құрамасы Алматы маңындағы базада Ресей құрамасымен біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Күш сынасып, артық-кемді түзеген. Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин әр салмақ дәрежесі бойынша спаринг өткізген. 54 келіде өнер көрсететін Жайна Шекербекова жарақатына байланысты жарыстан босатылған. Осы салмақтағы Елена Базарова алда кәсіпқой бокстан рингке шығатын болған соң, ол да турнирге қатыспайды. Сымбат Әлиасқар болса, Қытайда өтететін турнирде бақ сынайды. Сол үшін әлем кубогында 54 келі салмақта ел намысын Әнел Сақыш қорғайды. Ал 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жарақатына байланысты турнирден шет қалып, оның орнына Айдана Сағымбекова қатысады. 75 келіде Валентина Хальзованың жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпаған соң, оның орнына Надежда Рябец қатысады. 

Алда, 4-14 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында әлем чемпионаты өтеді. Әйелдер және ерлер құрамасы жылдың басты бәсекесін күтіп жүр. Ол үшін «үйде» өтіп жатқан турнирде топ жару керегі тағы бар. Спортшылар елордадағы әлем кубогынан кейін 9-16 шілде денсаулықты қалыпқа келтіреді. 20 шілде-7 тамыз аралығында Алматы қаласында жалпы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиыны бар. Дайындықтың екінші кезеңі де Алматы қаласында 14-26 тамыз аралығында өтеді. 

Шаршы алаңдағы бір күн

Иә, 30 маусым күні Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жарыстың бірінші күні өтті. Жарысты 48 келі салмақтағы Назым Қызайбай бастап берді. Даңқты боксшы рингке көтерілгенше жанкүйер қолдауы тынған жоқ. Қызайбайдың бабы мен бағы қатар шауып, Канада үміті Приянка Диллонды айқын басымдықпен ұтты. 3 дүркін әлем чемпионы білгенінен жаңылған жоқ, кішігірім мастер-класс өткізгендей, ақырын басып алаң сыртына оралды. Ол келесі кезеңде Азия ойындарының чемпионы, өзбек қызы Фарзона Файзоловамен кездеседі. 

Назым Қызайбайдан кейін шаршы алаңда 54 келі салмақтағы Әнел Сақыш шықты. Жоғарыда Әнелдің турнирге қатысу жолы туралы толық жаздық. Сақыш қарсыласын аяған жоқ, 3 рет нокдаунға түсіріп, «турнирге қош келдіңді» өзінше айтты. Германиядан келген Татьяна Обермайер бұлай ойсырай ұтылам деп ойламады, білем. Әнелдің қолын алған соң, басын төмен салып, алаң сыртына беттеді. Ал Әнел Сақыштың келесі қарсыласы – Азия чемпионы, өзбек қызы Феруза Казакова. 

Өкініштісі сол, алғашқы сессияда қыздар бастап берген жеңіс жолын жігіттер жалғастыра алмады. Қырғыз боксшысы Алмаз Оразбеков Абылайхан Жүсіповтен айласын асырды. Асырды деуге келмес, өйткені отандасымыз алғашқы екі раунд қорытындысы бойынша алда тұрған. Алайда үшінші раундта Абылайхан Жүсіповтің қабағындағы жарақаты сыр беріп, жекпе-жекті тоқтатуға тура келді. Ереже бойынша, үшінші айналымдағы Алмаз Оразбековтің соққысынан кейін Жүсіповтің қабағы қайта жарылған соң, жеңіс қырғыз боксшысына берілді. Осылайша, 70 келідегі Жүсіпов үшін әлем кубогы аяқталды. Қос боксшы рингті тастап кеткенше, жанкүйер наразылығы басылған жоқ. Бұған дейін 70 келіде Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповтің бірі бақ сынайтыны айтылған-ды. Жарысқа бір күн қалғанда Абылайхан Жүсіпов қатысатыны белгілі болды. Ал аталған боксшының жеңілісінен соң, жанкүйерлер «бұрыннан жарақаты болса, неге Төрехан Сабырханды шығармады» деп әлеуметтік желіде жарыса жазды. Күні бұрын шешім туралы Төреханның өзінен сұрағанда, бапкер сөзі заң екенін, алда 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында бақ сынайтынын айтқан-ды. 

Кешкі сессияда Виктория Графеева жапон қызы Тагути Аякаға, Наталия Богданова үнді боксшысы Санамача Чану Токчомға қарсы кездесу өткізді. Елордадағы бокс тойына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қатысты. Екеуі де мұндай ауқымды турнирдің елімізде өткізу зор мәртебе екенін, спортшылар халықаралық аренада барын салатынына күмәні жоғын айтты. Ал жанкүйерлер болса, қыздардың жеңісіне қуанғанымен, Абылайхан Жүсіповтің жеңілісіне бас шайқап, үйіне қайтты.

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ