Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Тексеру барысында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданып, жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілген.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың І тоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 20 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 заңбұзушылық анықталып, 10 ұйғарым шығарылып, 13,3 млн теңге сомасына 133 әкімшілік айыппұл салынды. 2024 жылы бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заңбұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды. Жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.
«10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар Су кодексіне сәйкес, Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.