24 маусым — Қазақстанда Судья және сот жүйесі қызметкерлерінің күні.
Бұл кәсіби мереке 2022 жылдың 31 наурызында Үкімет қаулысымен бекітілген. Мереке күні кездейсоқ таңдалмаған – 1992 жылдың 24 маусымында «Қазақ КСР-індегі сот жүйесі туралы» Заңға өзгерістер енгізілген болатын. Бұл оқиға еліміздің тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасу жолындағы маңызды қадам болды.
Еліміздің сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды. Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.
Сот беделі – мемлекеттің беделі.
Судьялар мен сот саласы қызметкерлерінің білімі, іскерлік қабілеті, күш-жігері халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.