in

300-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады

Еліміз бойынша 2 мыңға жуық ауыл әкімі «Әкімдер мектебі» жобасы аясында білім алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Төрт ай бұрын басталған «Әкімдер мектебі» жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде  еліміздегі әр үшінші ауылда инвестициялық бастамалар қолға алынған. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам инвестициялық бастама іске асырылуға дайын, олардың жалпы құны 600 миллиард теңгені құрайды. Барлығы 1 783 ауыл әкімі оқудан өтіп, бүгінде алған білімін жұмыс барысында тиімді пайдаланып жүр. Енді олар тұрғындармен бірге кооперативтер құрып, өнім өткізу жолдарын қалыптастырып, жергілікті экономиканы дамытуға атсалысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тікелей сайлау арқылы келген жаңа буын әкімдер жайында айтып, олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және бұрын мемлекеттік қызметте болмаған өзге де мамандар көп екенін атап өткен болатын. Сондықтан Президент «AMANAT» партиясының тәжірибесіне сүйене отырып, «Әкімдер мектебі» атты оқыту жобасын жүзеге асыруды тапсырған.

2021 жылы енгізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау – елдің біртіндеп демократия жолына бет бұрғанын білдіретін маңызды қадам. Бұл өзгеріс азаматтардың белсенділігін арттырып, сайланған әкімдермен бірге ауылдағы түйткілді мәселелерді шешуге жол ашты. Соңғы төрт жылда 2 мыңнан астам ауыл әкімі сайланып, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңарды. Олардың көпшілігі – «AMANAT» партиясының мүшелері. Соның ішінде 60%-дан астамы әкім болмаған, мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар.

Жаңа келген басшыларға қолдау көрсету мақсатында «AMANAT» партиясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырып келеді. Төрт айдың ішінде 1 783 ауыл әкімі жобаны аяқтап, ауыл экономикасының бағытын айқындау, нақты табыс әкелетін салаларды анықтау, өнім көлемін бағалау секілді маңызды дағдыларды меңгерді. Жоба аясында мамандармен бірлесіп 2 184 ауылдық округте 12 мыңнан аса инвестициялық жоба әзірленді. Бұл бастамалар өңдеу, кооперация, инфрақұрылымды дамыту сияқты бағыттарды қамтып, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған.

«Кедейлікті азайту дегеніміз – тек қаржы үлестіру емес, сана-сезімді өзгерту, дағды беру, нақты мүмкіндіктер ашу. Осы мақсатта партия үш ірі жобаны қатар бастады. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылыққа баулыса, «Ауыл аманаты» – табыс табу жолдарын көрсететін нақты әдістеме, ал «Әкімдер мектебі» – осы бастамаларды жергілікті жерлерде жүзеге асыратын көпір. Бұл жобаның түлектері тек білім алып қоймай, бүгінгі күні ауылдастарына кооперативтер құруға, нақты іспен айналысуға көмектесіп жатыр», – дейді партия хатшысы Эльдар Жумагазиев.

Енді жобаның келесі кезеңінде әкімдер ауылдық кооперативтер құруға кірісті. Көптеген тұрғын «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% жеңілдікпен несие алып, өз кәсібін аша алады. Әкімдер ауыл азаматтарын біріктіруге, өнім өткізу желілерін, логистиканы және қызметті үйлестіру жүйесін жолға қоюға көмек көрсетеді. Бұл кезең – жай оқыту ғана емес, нақты жобаларды жүзеге асыруға бет бұрған тәжірибелік саты.

Партия ауыл әкімдеріне қолдау ретінде кооперация жөніндегі арнайы үйлестірушілерді дайындап, өңірлерге жіберді. Олар ауылдарды аралап, халықпен және бастамашы топтармен кездесіп, жобалардың іске асырылу барысын бақылап, құжат жинауға, кооперативтерді әділет органдарында тіркеуге көмектесіп жүр.

Жобаның нәтижесі ретінде 300-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Бұл кооперативтер жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде дамытуға сеп болады.

Айта кету керек, бұған дейін «AMANAT» партиясы жанынан Өңірлік саясат жөніндегі үкіметтік жобалық кеңсенің Аналитикалық орталығы құрылған болатын. Бұл орталық «Әкімдер мектебі» жобасын іске асыру, басқару ісін цифрландыру және кооперативтік жобаларды сүйемелдеумен айналысады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.