in

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

Бүгін елімізде Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран күні.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Ту,  Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғары бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде  Qazaqstan  деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ   Qazaqstan  деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Әннің авторы – Шәмші Қалдаяқов.

Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан өз егемендігін жария­лаған кезде рәміздерді ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекіткен.

Маржан ОМАРОВА

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.