in

46 отбасы баспаналы болды

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлы жұмыс жалғасуда. Соның аясында Асар-2 шағынауданында 46 отбасына жалдамалы пәтер кілті табысталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл пәтерлер қаланың коммуналды тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріліп отыр. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін отбасылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін маңызды оқиғамен құттықтады, бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.

«Азаматтарды қолжетімді және сапалы үйлермен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Баспаналы болу – әр отбасы үшін жай қоныстойы ғана емес, тұрақтылықтың, болашаққа сенімнің және әл-ауқаттың негізі», – деді қала әкімі.

Жалпы, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін нарықтан 1 529 пәтер сатып алынды. Қазіргі уақытта олардың бір бөлігі балансқа қабылданып, қалғандарын тіркеу рәсімдері мен пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 117-сі тұрғындарға берілді. Бүгін тағы 46 отбасы пәтерлі болды, қалған пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға жуық арада беріледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.