Қазақ халқының күй өнері тарихи оқиғалармен тығыз байланысты, халықтың ойы мен сезімін жеткізетін өнер түрі. Әр кезеңде туған күйлер қоғамда болған өзгерістер мен қиындықтардың айнасы болып келеді. ХХ ғасырдағы сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақтың зиялы қауымы мен өнер адамдарына ауыр зардап әкелді. Сол жылдары жазаға тартылғандар көп болды. Сол тарихи жағдайда туған «58-статья» күйі жай ғана музыкалық шығарма емес, сол кезеңнің ауыр шындығын жеткізетін маңызды туынды болмақ.
Бұл күй жайлы ақпарат іздегенде, әуелгі көзге түскені Күләш Сардарбектің «58-статья зарзаман» (Алматы, 2007) атты еңбегі. Өлкетанушы, журналист К. Сардарбек өз зерттеуінде кеңестік биліктің ең қатігез репрессиялық құралы болған КСРО Қылмыстық кодексінің 58-бабының мәнін аша отырып, оның қазақ даласында тудырған рухани жарасымен байланыстырады. Бұл күйді ол халық жадында сақталған тарихи-музыкалық естелік ретінде сипаттайды.
«58-статья» деген атауы ХХ ғасырдағы Кеңес Одағындағы жаппай репрессия кезеңінің символына айналған ұғым сияқты көрінеді бізге. Бұл атау КСРО Қылмыстық кодексінің 58-бабынан шыққан. Толық атауы «Контрреволюциялық әрекеттер туралы» бап. 1927 жылдан бастап кең қолданысқа енген бұл заң болса керек. Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған кез келген әрекетті қылмыс ретінде бағалап, аса ауыр жазаға тартуға негіз болған екен.
Аталған баптың мазмұны тым кең болғаны сонша, қолына қалам мен домбыра ұстаған, өз ойын айтқан, қарапайым сауатты адамның барлығы күдік тудыруы мүмкін еді. Осы баптың негізінде мыңдаған адам тұтқындалып, лагерьлерге айдалды немесе ату жазасына кесілді. Бұл заңсыз жаза, ең алдымен, ұлттық зиялы қауым өкілдерін, интеллигенцияны қамтып кетті. “Халық жауы” ретінде қараланып, жазаға ұшырады.
«58-статья» күйі қазақ күйшілік дәстүріндегі ерекше тарихи туындылардың бірі. Бұл күйдің музыкалық табиғатын түсіну үшін оның пайда болу уақыты мен тарихи ахуалды дұрыс бағамдау қажет. Күләш Сардарбек өз еңбегінде бұл күйдің шығу тарихына қатысты деректерді алғашқылардың бірі болып жинақтап, оның Балқаш өңірінде таралған нұсқалары мен орындаушылардың естеліктерін негізге ала отырып талдайды.
Күләш Сардарбектің жазуынша, бұл күй кеңестік кезеңде «халық жауы» атанып, саяси қуғынға ұшыраған азаматтардың азалы тағдырын, үні шықпаған мұңын домбыра арқылы жеткізудің бір түрі болған.
Күйдің авторы – Ахметжан Сармантайұлы. Күй алғаш Балқаш өңірінде, кейін жалпы Арқа даласына таралып, халық жадында құлақтан құлаққа, күйшіден күйшіге аманатталып, сақталып келген.
Ақселеу Сейдімбек “Қазақтың күй өнері” еңбегінде келесідей жазады: “Ахметжан өзінің алдында өткен Тәттімбетке, көзін көрген Тоқаға еліктеп, олардың биік өнерін пір тұта жүріп, өзі де тамаша күйлер шығарған. Осы өңірдің әйгілі тумалары Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақпаев жол түскенде арнайы ат басын бұрып келіп, Ахметжанның күйлерін тыңдайтын болған. Әйгілі күйші-композитор Әбікен Хасенов пен Манарбек Ержанов та кезінде Ахметжанның алдын көріп, арқалы өнерінен тағылым алған. Әбікен: «Мен көрген күйшілердің ішінде Сармантайдың Ахметжанына жететіні жоқ-ау!» деп отырады екен”.
Қазақ күй тарихында күйдің шығу уақыты нақты бір ай-күнмен шектелмейді. Кейінгі зерттеушілердің өз пайымымен ғана, жобалар шығарылған жылын жазуға болады. “Елу сегіз” күйі де осы қатарда. Яғни, репрессия жылдарында өкініштен пайда болғаны анық.
Қарқаралы түрмесінде Ахметжанға «халық жауы», «социализмге жат өнерді насихаттаушы» деген айып жазасын кеседі. Ахметжанның ең соңғы күйі «Елу сегіз» деген атпен түрмеде тартылған. Тоқырауынның қима құлақ домбырашылары Қарқаралы түрмесіне тамақ әкеліп жүріп, «Елу сегіз» күйін үйреніп алып, елге жаяды, – деп жазады Ақселеу Сейдімбек
Енді осы күйді жеткізушілер жайлы тоқталып өтсек. «58-статья зарзаман» еңбегінің соңында К. Сардарбек күйлердің ноталарын ұсынады. Осы күйді шертіп, біздің заманымызға жеткізгендер Рымбек Мәмбетов, Серік Үмбетов, Т. Жүнісов, Әшімбек Әбдіғұлов деп көрсетілген. Бұл есімдерден бөлек Ахметжанның басқа күйлерін жеткізушілер деп – Қабылбек Рамазанұлы, Нұрғазы Жиенханов, Сәнеке Сағындықұлы, Гүлмара Рахымбекқызы сынды өнер иелері жазылған. Сонымен қатар, Ақселеу Сейдімбек “Ахметжанның күйлерін біздің заманымызға жеткізген Әбікен Хасенұлы, Әзіхан Түсіпбекұлы, Изат Тілеуханұлы” деп жазып кетеді.
Қазіргі заманда «58-статья» күйі ұлт жадысын жаңғыртатын символдық құндылыққа ие. Ол өткеннің зобалаңын ұмыттырмай, болашаққа сабақ беріп тұр. Бұл күйді орындау да, зерттеу де үлкен жауапкершілік деп білеміз. Сондықтан ол күй біздің мәдени санамызда тек шертіліп қана қоймай, терең түсінуге тиіс рухани куәлік ретінде өмір сүруі керек.