Жетісу облысында ауылдық жерлерде тұратын 84 отбасы баспаналы болды. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында және Ақсу ауданының Жансүгіров ауылында кезекте тұрғандарға жаңа пәтердің кілті тапсырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында жеке құрылыс салушылар есебінен көпқабатты үй салынып, бұл үй апатты үйлердің мәселесін шешу үшін бюджет қаржысына сатып алынды. Көпқабатты үйде 30 үш бөлмелі, 15-тен бір және екі бөлмелі пәтер бар. Сөйтіп, апатты үйлердің тұрғындары ретінде кезекте тұрған 60 отбасы жаңа пәтерге ие болды.
– Апатты үйде отбасымызбен тұрып жатқанымызға 22 жыл болды. Екі бөлмелі пәтерде жеті адам тұрдық. Кезегіміз келіп, үш бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткізіп, бүгін Балаларды қорғау күнінде қоныстойын тойлап жатырмыз. Бұл – балаларым мен немерелерім үшін, бүкіл отбасымыз үшін – үлкен қуаныш, – дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Клара Шканова.
Атап өтсек, облыс құрылғаннан бері Кербұлақ ауданында 320 отбасына үй берілді. Бұл ретте биыл ауданда жоғарыда аталған 60 жаңа қоныс иесін қоса алғанда, 400-ге жуық отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланған.
Мерекелік қуанышты Ақсу ауданы Жансүгіров ауылының тұрғындары да атап өтті. Мұнда 24 пәтерлі көпқабатты үйдің кілті кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағыларға, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға табысталды. Олардың ішінде төрт баланың анасы Анаргүл Бижанова да бар:
– Тұрғын үйге кезекте 5 жыл тұрдық. Төрт баламыз бар. Бүгін отбасымызбен өз баспанамызға ие болдық. Пәтер кілтін Балаларды қорғау күнінде қолымызға алып отырмыз. Бұл мемлекеттің өскелең ұрпаққа деген қамқорлығының айқын үлгісі деп білеміз, – деп ой бөлісті А. Бижанова.
Осы орайда 3 жыл ішінде Ақсу ауданының Жансүгіров, Қапал және Матай ауылдарында 117 отбасы жаңа қонысқа кірді.
Облыс құрылғаннан бері өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен шамамен 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында кезекте тұрған 5 735 азамат жаңа қонысқа ие болды, бұл ретте биыл тағы 2 026 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.