Бес ай Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде білім алған балалар «Аспаз», «Кондитер», «Тігін өндірісі және киім моделі» бағыттары бойынша дағдыланды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев бұл жай ғана әлеуметтік жоба емес, қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасын өзгерту жолында жасалған нақты қадам екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек екенін айтқан болатын. «AMANAT» партиясы Президенттің инклюзивті қоғам құру жолындағы байыпты бағытын ұстанады. Соған сәйкес, әрбір адам, физикалық немесе психикалық ерекшелігіне қарамастан, дамуға тең құқылы. Біз жалаң сөзбен шектелмейміз: «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырамыз, заңнамаларға бастамашылық етеміз, осыған ұқсас жобаларға қолдау көрсетеміз. Сахнаға шыққан балалардың жанарындағы жалынды көріп, қолға алып жатқан жұмысымыздың мәні мен маңызына көз жеткізіп отырмыз», – деді ол.
«Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының мақсаты – дағдыландыру ғана емес, дамуында ерекшелігі бар жасөспірімдерге өздерін сұранысқа ие әрі тәуелсіз сезінуге көмектесу. Оқу барысында олар қолөнерді игерді. Ең бастысы, олардың өз-өзіне деген сенімі пайда болды. Оқытушыларымен және құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауды үйренді.
Bolashak Charity қорындағы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан бүгінде ақыл-ой кемістігі бар жасөспірімдерге кәсіптік білім беру мәселесі өте өзекті екенін атап өтті. Себебі тоғызыншы сыныптан кейін олардың басым көпшілігі оқуын жалғастыра алмайды. Өйткені колледж бағдарламалары мұндай ерекше балаларға арналмаған.
«Соған байланысты, қор серіктестермен бірлесіп колледждер базасында оқу-өндірістік комбинаттардың моделін қолға алды. Онда ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдер мен ересектер тәжірибе арқылы түрлі мамандықты игереді. Бір жарым жылда 70-ке жуық адам оқытылды. Ақыл-ой кемістігі бар адамдарға арналған кәсіптік білім беру ісін дамытуға ТжКБ-дағы оқу бағдарламаларын бейімдеу қадамы айтарлықтай көмек болар еді. Яғни, білім алушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, біздің ОӨК моделіне сәйкес, теориялық бөлімді қысқарту, оқу бағдарламаларын тәжірибеге негіздеу қажет», – деді ол.
«Наубайшы» бағыты бойынша оқыту курсынан өткен аутизмі бар түлектің әкесі Елдос Иманбаев өз оқиғасымен бөлісті. Ол ұлының сабаққа ерекше құлшыныспен барғанын, пісірген нанын үйге шын мақтанышпен алып келгенін және осы уақыт аралығында қаншалықты өзгергенін айтты.
«Бұл – жай курс емес, мектеп пен ересек өмір арасындағы көпір. Ұлым тек тағам пісіруді ғана емес, сонымен қатар команданың бір мүшесі болуды, тыңдауды, тапсырма орындауды үйренді. Өз-өзіне деген сенімі пайда болды. Біз, яғни ата-аналар үшін бұл баға жетпес бақыт», – деді ол.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық мекемелердің электрондық құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу үдерісі заңнамалық түрде бекітілді; мүгедектігі бар адамдар үшін тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беруге арналған Aleumet қосымшасы іске қосылды; ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды; дамуында ауытқулары бар және олардың пайда болу қаупі бар кішкентай балаларға арналған 8 ерте араласу орталығы ашылды; мектептерде 63 инклюзияны қолдау кабинеті жұмысын бастады. Партиялық рейдтер нәтижесінде Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам әлеуметтік нысанның 44%-дан астамы бейімделді. Сонымен қатар биыл 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтілді.
Еске сала кетейік, «Ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы 2024 жылы бастау алды. Сол жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар 34 жасөспірім оқыту курсының түлегі атанды. Олардың арасындағы 10 түлек колледжге түсіп, оқуын жалғастыруда. Ал 8 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, олардың 3-і жұмысқа орналасты.