Aikyn.kz жаңа дизайн үлгісі «сұйық әйнек» стилін techradar.com материалына сүйеніп, түсіндіреді.
ChatGPT-тің ақылы тарифтік жоспарларына (Plus, Pro, Teams және Enterprise) жазылған барлық пайдаланушылар енді жаңа дауыстық режимнің мүмкіндіктерін қолдана бастады. Бұл жаңартудан кейін ChatGPT-дің дауысы әлдеқайда табиғи және адамға жақын болып естіледі.
OpenAI бұл жақсартуларды «елеулі» деп сипаттайды. Өйткені олар ChatGPT-дің кеңейтілген дауыстық режиміндегі дауыс интонациясы мен табиғилығын жақсартады. Бұлар – ұсақ өзгерістер. Бірақ осындай ұсақ-түйек шынайы компьютерлік дауыс жасау жолындағы шешуші фактор болуда.
Қазір тыңдасаңыз, ChatGPT-дің дауысында нәзік интонация мен табиғи ырғақты (каденцияны) байқайсыз. Ол екпін түсіру үшін кідірістер де жасайды. Сонымен қатар, эмоцияларды – мейлі ол эмпатия болсын, мейлі сарказм болсын – бұрынғыдан да шынайырақ жеткізеді.
Дауыстың сапасын жақсартумен қатар, OpenAI тілдер арасындағы аударма функциясын да жетілдірді. Енді сіз: «Мұны испан тіліне аудара аласыз ба?», – деп сұрасаңыз, ChatGPT айтқандарыңыздың бәрін испан тіліне аударады. Бұл процесс сіз оған «тоқтат» демейінше жалғаса береді.
ChatGPT-ден бірдеңені сарказммен айтуын сұрасаңыз, ол жаңа тональдық диапазонды, кідірістерді пайдаланып, әсерлі сөйлейді. Фото tecknexus.com сайтынан алынды. Авторлығы: OpenAI
Әрине, мұндай мүмкіндіктері бар қолданбалар бұрыннан бар. Мысалы, Google Translate. Бірақ осының барлығын ChatGPT қосымшасы арқылы телефонда жасау өте ыңғайлы әрі тиімді. Сіз ChatGPT-ден бірдеңені сарказммен айтуын сұрасаңыз, ол жаңа тональдық диапазонды, кідірістерді пайдаланып, әсерлі сөйлейді. Сондай-ақ ChatGPT-дің тегін және ақылы нұсқаларындағы дауыс сапасын салыстыру да қызық. Бұлардың арасындағы айырмашылық – аспан мен жердей.
Жаңартылған ChatGPT-тің дауысы адамға ұқсас екені сөзсіз. Бірақ оны шынайы адам деп шатастыратындай деңгейге жетті деп айтуға әлі ерте.
Дауыстық режиммен жұмыс істегенде кейде компьютерлік «біртүрлілік» байқалып тұрады. OpenAI бұл туралы хабардар және жаңартудың шектеулері туралы арнайы ескерту де жариялады:
«Біз тестілеу барысында бұл жаңарту кейде дыбыс сапасының аздап төмендеуіне әкелетінін байқадық. Соның ішінде тон мен биіктіктің күтпеген өзгерістері кездесуі мүмкін. Бұл ақаулар кейбір дауыс нұсқаларында көбірек байқалады. Біз уақыт өте келе дыбыс үйлесімділігі жақсарады деп күтеміз».
Сондай-ақ галлюцинациялар туралы ескерту де бар:
«Бұл жаңартуда дауыстық режимде сирек кездесетін галлюцинациялар сақталып отыр. Олардың нәтижесінде жарнамаға ұқсас, мағынасыз немесе фондық музыка сияқты күтпеген дыбыстар пайда болуы мүмкін. Біз бұл мәселелерді зерттеп жатырмыз және оларды шешу үшін жұмыс жүргізудеміз».
Бұл жаңарту қазірдің өзінде қолжетімді. Оны пайдалану үшін: телефоныңыздағы ChatGPT қолданбасын ашыңыз; хабарлама жазу терезесінің оң жағындағы дауыстық редактор белгішесін басыңыз. Сонда сіз кеңейтілген дауыстық режимнің жаңартылған мүмкіндіктерін пайдалана аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.