in

UFC Қазақстанға қашан келеді және бұл не үшін қажет?

Қазақстандық OCTAGON промоутерлік ұйымының президенті Нұраддин Садықов Zamandas подкастында UFC турнирін Қазақстанда өткізу туралы өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, бұл — елдің спорттық беделін көтеріп, халықаралық аренада имидж қалыптастырудың нақты жолы.

Н. Садықовтың пікірінше, Шавкат Рахмонов пен Бекзат Алмахан UFC 315 турнирінде бірге өнер көрсеткенде, бұл Қазақстан үшін тарихи әрі триумфты түн болар еді.

“Тіпті бір қолы немесе бір аяғы жоқ Шавкаттың өзі сол күні Белал Мухаммадты жеңер еді”, — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, дәл сол кеште Белалдың дайындығы төмен болған, ал Шавкат жеңіске жетсе, чемпиондық белбеу Қазақстанға келер еді. Бұл нәтиже бүкіл аймақтық MMA индустриясының болашағын өзгертер еді. Садықовтың сөзінше, чемпиондық белбеудің болуы UFC-ді Қазақстанға тартуда үлкен артықшылық болмақ.

“Егер бізде Шавкат секілді чемпион болса, Алматы мен Астанада дайын инфрақұрылым тұрса, UFC-ге: ‘Келіңіздер!’ деп айта аламыз”, — дейді ол.

Сондай-ақ, Н. Садықов Қазақстанда қымбат имидждік шараларға кететін қаражаттың орнына, Шавкат пен Геннадий Головкин сияқты спортшыларды қолдаған әлдеқайда тиімді болар еді деп есептейді. Оның айтуынша, әлем жұртшылығы Қазақстанды алғаш Головкин арқылы таныса, қазір сол рөлді Шавкат атқарып отыр. Бұл екі спортшының үлесі кейбір шоу-жобалардан әлдеқайда жоғары.

Спикерді айтуынша, UFC-ді Қазақстанға тарту үшін мемлекеттік кепілдік қажет. Бұл – министрлер ауысып кетсе де, турнир тоқтамайтынына сенім беру үшін маңызды. Қаржылай қолдау міндетті түрде бюджеттік шығын болмауы тиіс – мемлекет тек ірі компанияларды жұмылдырып, менеджер рөлін атқаруы қажет.

“Мен де бюджеттен ақша алуға қарсымын. Бірақ елге танымал турнир үшін бизнес өкілдерінен қолдау сұрауға болады”, – дейді Садықов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз