2 сәуір күні сағат 15:00-де Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ұйымдастырған «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрменің ашылу рәсімі өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Экспозиция Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді. Жобаның басты ұстанымы – аутенттілікті сақтау және түпнұсқаны қорғау.
Арт-объектіде ежелгі петроглифтер «Бабалар коды» ретінде ұсынылады. Бұл – көне дүниетаным мен мифологияны, табиғат пен ғарыш туралы білімді жеткізетін ерекше символдық тіл. Иммерсивті мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістіктің ерекше атмосферасын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ келушілерге көрме каталогы мен петроглифтер негізінде әзірленген авторлық сувенирлік өнімдер ұсынылады.
Көрменің ашылуына Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның өңірлік өкілдері, жартас өнерін зерттейтін шетелдік жетекші мамандар, Бүкіләлемдік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ отандық археологтер, тарихшылар, этнологтер, мәдениеттанушылар, музей саласының мамандары, жалпы орта және жоғары білім беру ұйымдары мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысады деп күтілуде.
Көрме «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
