Сонда Кетбұға домбырасын алып, күй тартып отырып, күй арқылы Жошының қазасын білдіреді. Күйдің ішкі мұңы мен драмалық иірімдерінен Шыңғыс хан ұлының қазасын түсінеді. Бұл күй кейін «Ақсақ құлан» деп аталып кеткен. Осылайша, күймен түсініскен ата-бабаларымыз үшін домбыра– қазақтың жанына, күй – мұрасына айналған. Біз қазақтың жоғалған күйлерін зерттеп жүрген белгілі күйші Ардаби Мәулетұлымен сұхбаттастық.
– Атаңыз бен әкеңіз де құсбегі, ел аузында аты аталған халық күйшісі болыпты. Сіздің өнер жолын таңдауыңызға не әсер етті?
– Мен атамды көрмедім. Бірақ атамның көзін көргендер «сенің атаң керемет күйші еді» деп тамсанып айтады. Сонымен қатар әкеме құсбегі өнері атамнан және арғы нағашыларынан беріліпті. Бұл өнер атадан балаға жалғасқан дүние болғандықтан, бізге дарыды деп ойлаймын. Қазір ағам Жетісу облысы, Ақарал ауылында құс салып, саятшылықпен айналысып жүр. Қаршығасын жыл бойы қолынан тастамайды. Қаршыға немесе бүркітті түзден ұстап әкелген кезде ұйықтатпай баптайды. Мұны құстың «ұйқысын алу» деп атаймыз. Құсты арқанмен байлап, ұйықтай бергенде сол арқанды қайта-қайта қозғап, ұйықтатпайды. Міне, құсбегілікте де осындай қиындықтар бар. Соның бәріне шыдау да ерлік. Ал құс салмаса ағамыз ауырып қалады. Жалпы, өнер мен құсбегілік адамға қонса, оны балаша аялап ұстау керек. Сондай ортада өскеннен кейін күйші болмау мүмкін емес қой. Әкем де домбыраны, аккордеонды керемет тартатын. Бала күнімізде татардың халық әндерін нақышына келтіріп жырлайтын. Ауылдағы тойдың бәрінде біздің әулеттен бір адам міндетті түрде күй тартатын. Мен өскен ортаны сипаттасам, көз алдыңызға XVIII ғасырдағы көшпелі мәдениет елестейді. Өнерге, мәдениетке келуіме орта да әсер етті.
Күй – адамзаттың жанды мұрасы
– Қазақ халқының күй өнерінде бес негізгі күй мектебі қалыптасқан. Әрқайсысының өзіне тән орындаушылық ерекшелігі, тілдік мәнері, тақырыптық сипаты бар. Жалпы, күй мектебі сол өңір халқының дүниетанымымен байланысты ма?
– Қазақта күй мектебін академик Ахмет Жұбанов бастап жазды. Ақселеу Сейдімбек ағамыз да докторлық дисертациясын күйшілік туралы қорғаған. «Қазақтың күй өнері» деген еңбегі бар. Күйтану, өнертану саласы бұл кітапты әлі күнге дейін пайдаланып жүр. Сол ғалымдарымыз зерттеген 5 күйшілік мектеп қазір 7 мектеп болып қалыптасты. Қазақтың этникалық рулық қоныстану ерекшелігі бар. Қазақстанның қай территориясын қарасаңыз да рулық қоныстануды айқын байқайсыз. Батыста кіші жүз, Жетісуда ұлы жүз көп дегендей. Бесік жырдан бастап, тұрмыста айтылатын кез келген әндер біздің кәсіби өнерімізге әсер еткен. Орта, табиғат, төрт түлік сынды қазақпен қатар өмір сүрген факторлардың барлығы күй өнеріне ықпал еткен. Мысалы, Моңғолия, Қытай, Шығыс Қазақстандағы қазақтың күйлерінде тау, жылқы, жан-жануар, аң-құс туралы «Ақсақ марал», «Кербұғы», «Ақсақ аю», «Жорға аю» сынды өздері қоныстанған өңірлік ерекшеліктеріне байланысты туған күйлер бар. Тақырыптық және мазмұндық жағынан да сондай. Тіпті, «Бүркіт», «Аю» биі де бар. Мысалы, Өзбекстанда, Маңғыстауда өмір сүретін қазақтарда түйеге, құмға байланысты күйлер бар. Мағыстаудың күйлерінен соғыстың, көтерілістің қайғы-қасіреті бірден білініп тұрады. Көкшетау, Арқа жерінде өмір сүрген Ақан Сері, Біржан салдың әндері кең жазира сахарада шыққаны білінеді. Міне, музыкаға адамның өмір сүрген аймағы осылай әсер етеді.
Соңғы кезде батыстың күйі тек рухты, жауынгерлікке жақын деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Күйдің түпнұсқа орындауларын тыңдасаңыз сол күйлер сабырлы, баппен, филасофиямен, асықпай көңілге қонымды етіп тартылған. Қазір оркестордың нұсқасын тыңдап, соған құлағы үйренген адам батыстың күйін басқаша түсініп жүр. Динаның, оркесторға дейін сол күйлерді жеке орындауда жеткізген күйшілердің орындауы мүлдем өзге. Мысалы, «Адай» күйі қызға арналған деген тарих та бар. Оркестор мәдениеті келгелі, халық күйде «ұрда-жық» деп қабылдап жүр. Батыстың қазағы тек аттың үстінде жүріп, басқа жақтағы қазақ үйде жатты деген қисынсыз. Осы даланың барлығы да жаугершілікті бастан кешірген. Бір күйде Динаның орындауында, кейін оркестордың орындауында тыңдасаңыз да өзіңіз айырмашылықты бірден байқайсыз.
– Ал шетелдегі қазақ күйі несімен ерекшеленеді? Ол жақта да қазақ күй мектебі қалыптасқан ба?
– Әрине, қалыптасқан. Мысалы, Қытайдағы қазақтардың ресми саны осыдан отыз жыл бұрын 1,5 миллион болатын. Сол статистика қазір де өзгермей 1,5 миллион болып тұр. Не өшпейді, не өспейді. Бірақ мен Қытайда 4,5 миллион қазақ бар деп естимін. Өйткені соңғы отыз жылда ол жақтағы қазақтар жаппай шежіре шығарды. Сондай бір қауым елде ежелден қалыптасқан үлкен мәдениет, өнер бар. Ол жақтағы ағайынның күй өнерінің өзі Алтай, Тарбағатай, Іле деп үш аймаққа бөлінеді. Ал Моңғолиядағы қазақтарда сыбызғы күйлері де жеке мектеп ретінде қалыптасқан. Қазақтың әр аймағынан шыққан күйдің айтар ойы, өз тарихы бар. Біреуін артық, біреуін кем көру сауатсыз адамның пікірі. Сондықтан күйге тұтас ұлттық бірегейлік тұрғысынан қарауымыз керек. Күй – қазақтың музыкалық байлығы. Күйдің фактурасына, орындау мақамына, құрлысына байланысты бір-біріне ұқсамайтын ерекшелік көп. Соңғы кезде «шертпе күй деген жоқ» сынды алыпқашпа әңгімелер шығып жүр. Бұл да қате пікір. Күйді орындау ерекшелігіне байланысты «шертпе күй», «төкпе күй» деп бөліп қараған. Одан ешкім ұтылмайды. Керісінше, қазақ күйінің осындай тарихының, түрінің алуандығы ешкімге зиянын тигізіп жатқан жоқ. Мысалы, әлемде бірнеше нәсіл, жүздеген ұлт болса да, барлығы – адам. Сол сияқты күй қай өңірден шықса да, қалай орындалса да ол – күй. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасына қазақтан 14 элемент кірген. Соның бірі – күй. Соны олар «адамзаттың жанды мұрасы» дейді. Күй– тірі өнер.
Рухани мұрамыз кешенді түрде жиналмады
– Музыкатану ғылымына белгісіз болып келген Абай Құнанбайұлының «Ақтолқын», Бейсенбі Дөненбайұлының «Кеңес», Әшім, Тергеусіз Бәлекейұлының «Теріс қақпай» қатарлы көптеген күйін қайта жаңғырттыңыз. Сол жайлы айтып беріңізші?
– Абайдың әндерін бүкіл қазақ ұйып тыңдайды. Бірақ сол адамдар Абайдың әнін түсінбесе де, түсінгенсіп пікір айтады. Ән жазған Абай – музыкант. Музыкадан хабары бар адам. Бірақ көп адам Абайдың күйіне күмәнмен қарайды. Ол заманда Абайдың ауылында рояль, фортепионо да болмаған. Ол барлық әнді домбырамен шығарған. Домбыра тартып, ән шығарған Абайдың күй шығарғанына күмәнмен қарайтын адам көп. Егер Абайдың музыкадан мүлдем хабары жоқ адам болса, күмәндансақ болады. Ал ән шығарған адам, күй де шығара алады. Бұл дәстүр Кенен Әзірбаевтан, Манарбек Ержановтан басталған жоқ. Арғы тарихымызда ән де, күй де шығарған адам көп болған. Абайдың «Ақтолқынын» Қытайдағы қазақтардың арасынан таптым. Әшім сынды күйшілер ХІХ ғасыр мен ХІХ ғасырдың бас кезінде Іленің бойында өткен күйшілер. Сол Әшім тартқан Абайдың «Ақтолқын» деген күйі болыпты. Оны осыдан он жыл бұрын экспедицияда жүргенде Әшімнің өзінен үйренген шәкірттерінен видео жазып алып, ютубқа жүктеп қойыппын. «Абай қайда? Іледегі қазақ қайда? Бұл күй ол жаққа қалай жеткен?» деп күмәнмен қарайтындар да бар. Абайдың інісі Шәкәрімнің Зият деген баласы сол Қытай топырағында қайтыс болған. Ол мәдениет таратты, өнер таратты, ағартушылықпен айналысты. Әсет Найманбаев та сол жаққа барып күй тартқан. Өзі де сол топырақта жерленген. Сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және Райымжан Марсековтардың Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өтіп, Жайырдағы елге барғанын да білеміз. Адам барған жерге өнер де бармай ма? Осы күйді тауып 2020 жылы Egemen Qazaqstan газетіне жарияладым. Жалпы, газет тарихында нота баспаған екен. Бірақ Абайдың мұрасы болғандықтан, Egemen Qazaqstan-ның сол кездегі басшысы Дархан Қыдырәлі нота басты. «Мен «Ақтолқынды» Абайдың басқа күйлерімен салыстырып талдаулар жасадым. Бірақ күмәнмен қараған адам көп болды. Қазақтың ежелгі күйлерінің ешқайсы қолжазбамен тараған жоқ. Құрманғазы мен Динаның да қолжазбасы қалған жоқ. Олардың күйі шәкірттері арқылы жеткен. Сондықтан мен Абайдың күйіне күмәнмен қарайтын адамдарды, әніне де күмәнмен қарайды деп есептеймін.
Жоғарыда айтқанымдай, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан. Әр өңірдің өз күй мектебі мен күйшілері бар. Күйлері Алтай өңірінде тараған. Бірақ Санжы облысына жасаған экспедициямда Бейсенбі Дөненбайұлының күйлерін таптым. Бейсенбінің күйлері «Кеңес 1», «Кеңес 2» деген атаумен жалғаса береді. Сол «Кеңестердің» ішінен диапозоны кең, фактурасы жақсы сақталғаны осы Құтыби жерінен келген Әбікен Халелұлынан Текеліде жазып алғаным. Ал Тергеусіз Бәлекейұлының Іле бойында өмір сүріп, болыс болған, мектеп ашқан. Күйші Әшімнің жолы Тергеусізден кіші болса да, екеуі сыйлас болыпты. Абайдың «Ақтолқынын» осы Тергеусіздің баласы Қуанышбай Тергеусізұлы сексенінші жылы шертіп, магнитафонға сақтап кетіпті. Ол жерде «Кенесары», «Наурызбай» күйлері де бар. Қуанышбай арқылы әкесінің «Теріс қақпай» күйі де бізге жетті. Ал мен бұл күйді Өмірбек Садырбайұлынан жазып алдым.
– Биыл Ұлы Абайдың туғанына – 180 жыл. Қазір әр адам Абайды өз саласынан іздейді ғой. Бізге Абайдың осы уақытқа дейін жеткен «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы төрт күйі таныс. Осы күйлердің шығу тарихы мен халыққа таралуы жайлы не айтасыз?
– Ұстазым Таласбек Әсемқұлов «Тал түс» романында күйші болып жаралуыма атам Жүнісбай Стамбаев тікелей әсер еткен дейді. Абайдың «Майда қоңыр» күйін осы Жүнісбай күйші жеткізген. 1965 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның фальклорлық лабораториясының қызметкелері экспедициямен Семей облысы, Шұбартау ауданына барып, «Майда қоңырды» Жүнісбай Стамбаевтың өз қолынан жазып алыпты. Мұхтар Мағауин де Жүнісбайдың күйшілігі туралы жазған.
Ал «Май түні» мен «Торы жорға» күйі Ғайса Сармурзиннің орындауында жазып алып, зерттеп-зерделеп жеткізген Уәли Бекенов те қазақтың күй өнеріне бір кісідей төрелік айтқан күйші-зерттеуші екені бәрімізге аян. Бұл күйлер де сол арнайы ел ішінен іздеу-жинау жұмыстары кезінде табылған олжалар. Абайдың заманында үш ішекті домбыра ұстағаны туралы ақынның көзін көрген көнекөздердің тәлімін алған шежіре ақсақал Шәкір Әбеновтың де айтқан деректері бар екені баршаға белгілі.
– Мен Абайдың күйлері бар екенін жақында ғана білдім. Жалпы, көп адам бұдан бейхабар сияқты. Абай күйлері қалай насихатталып жүр?
– Абайдың әнін жалпы қазақ біледі. Тіпті, әлемге танылған. Бірақ Абайдың күйлерін іздеу, зерттеу жағы кезінде ақсап қалды. Қазақ музыкасын шынайы жанашырлықпен зерттеген Б.Ерзаковичтің өзі Абайдың ән-күй мұрасын толығырақ жинап, зерттеу үшін әлі де экспедициялар ұйымдастыру керектігін баса айтқан. Сондықтан Абайдың музыкалық мұрасы қазақпен бірге жасай беретіні анық.
– Күйшілікпен ғылым жолын қатар алып жүрсіз. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясын құрастырушы жұмыс тобының мүшесі де болдыңыз. Күй әлемінде әлі де зерттеуді қажет ететін, тың тақырыптар бар ма?
– Қазақтың күйшілік өнері өзі бір бөлек әлем. Оны зерттеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Өйткені біз үлкен территорияда орналасқан елміз. Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі қазақ күйлерін әлі де зерттеуіміз керек. Соңғы 15-20 жыл бойы жиі экспедицияға шығып жүрмін. Сонда байқағаным, қазақтың рухани мұрасы, қолөнері, жәдігері мен музыкалық мұрасын тәуелсіздік алғаннан кейін де республикалық деңгейде емес, облыс бойынша да кешенді түрде жинау жүргізбедік. А.Затаевичтен бастап әркім, оның ішінде мен де бармын аяғымыз, шамамыз жеткен жерге барып, әр өңірді бір зерттеп жүрміз. Біз мемлекет ретінде, ұлт ретінде кешенді зерттеу жасай алмадық. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында да бұл жұмыстар қамтылмады. «1000 ән, 1000 күй» жобасы «Мәдени мұраға» дейін мұрағатта шаң басып, жиналып тұрған жұмыстың нәтижесінде шыққан. Мәдени саясаттың бір бөлігі ретінде осы мәселені қолға алу керек. Сонда әлі талай күйлеріміздің жарыққа шығатыны анық.
– Айтпақшы, қазақтың күй өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне кіргенін білеміз. Қазір осы тізім өзгерді ме?
– 2014 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне ең бірінші «күй» енді. Кейін киіз үй жасау, сұңқармен аң аулау, асық ату, тоғызқұмалақ, беташар сынды 14 элемент бұл тізімге енді. ЮНЕСКО-ның талабы бойынша 2 жылда 1 элемент осылай, кезең-кезеңімен ұсынылып келеді. ЮНЕСКО-ға кірген 14 элементті «репрезентативті тізім» дейміз. Енді материалдық емес мұралар тізімі бойынша «Қазақстанның материалдық емес мұралары» деген бар. Ол тізімде осы 14 элементті қоса алғанда 79 элемент бар. Болашақта министрліктің бекітуімен бұл тізім әлі де толыға береді деп ойлаймын. 2014 жылы бұл тізім 49 болатын.
– Шертпе күй шеберлерінің күйлерін орындаумен қатар, өз жаныңыздан да бірнеше күй шығарыпсыз. Солар жайлы айтып беріңізші?
– Иә, бірнеше авторлық күйім бар. «Ер аға» деген күйімді елге келгенде ерекше қолдау көрсетіп, өнерімді бағалаған ағама арнадым. Ал екінші күйімді шығарғаннан кейін ұстазым Жанғали Жүзбай нотаға түсіріп беремін деп алды. Әлі аты қойылмаған күйді Жанғали аға «Ардабидің шертпесі» деп атады. Бұл қызым дүниеге келгенде, соның тәтті қылығына қарап арнап шығарған күй болатын. Несіпбек Айтұлы ағамыздың қасында көп жүрдім. «Күй тартып бер, жолдас бол» деп қайда барса да қасында ертіп жүретін. Нес ағаңдай тәуелсіздікті жырлаған, 40-қа жуық поэма жазған ақын кемде-кем. «Бостандық жырдың бозжорғасы» деген аты да бекер емес қой. «Несіпбек» деген күйімді Нес ағама арнадым. Күй аттың желгені сияқты жеңіл, жорға. Ақындықтың болмысын, қасиетін өзімше осы күйге кіргіздім. Ұстазым Таласбек Әсемқұловқа «Таласбекке арнау» деп күй арнадым.
Музыка пәнінің аты бар, заты жоқ
– Интернетте «Ардаби Мәулетұлының домбыра үйрену бейне сабақтары» деп домбыра үйренушілерге тегін сабақ ұсыныпсыз. Жалпы, домбыра үйренудің жас шектеуі бар ма? Әлде, қабілеті болса, кез келген азамат үйрене ала ма?
– Домбыраға қызықпайтын қазақ жоқ. Әр қазақ қолынан келгенше домбыраны қолына алып, бір әуен болса да тартқысы келеді. Қазақпын деген адамды домбыраның үні баурамай қоймайды. Бірақ көп адам домбыраны тарта алмайды. Неге? Себебі күйшілік адамға қанмен берілетін қасиет. Домбыраны шынайы сүйіп, жанын салып, ниеттенсе домбыраны кез келген адам үйрене алады. 5-6 жастан бастап баланы домбыраға берген дұрыс. Ал оған дейін ол домбыраны «ағаш ат» деп ойлауы мүмкін ғой. 30-40-қа келген адамның саусақтағы буындары қатып қалады. Сондықтан домбыраны жастайынан үйренген дұрыс.
– Қазір мектепке домбыра сабағын кіргізу туралы жиі айтылып жүр. Бұған қалай қарайсыз?
– Мектепте салауатты өмір салтын сақтау үшін «дене шынықтыру сабағы» бар. Сонымен қатар баланы ізгілікке ұмтылдыратын, эстетикалық талғам қалыптастыратын «музыка» пәніне де маңыз беруіміз керек. 40-тан астам ұлттық аспаптың бірін осы мектепте үйрете алмасақ, онда музыка пәнінің не керегі бар? Бүкіл қазақ жақсы көретін домбыраны мектепте тегін үйретуіміз керек. Ата-ана ретінде айтам, мектептердің басым бөлігінде музыка пәнінің аты бар, заты жоқ. Баланы өтірікке тәрбиелеп, конкурспен алдап жүр. Шынайы музыка мектепте де, түрлі байқауда да жоқ. Қазақтың күйі консерваторияда, музыкалық жоғары оқу орындарында ғана үйретілмеуі қажет. Эстетикалық талғам әр оқушыға керек. Мұхтар Әуезов: «музыкаға құмар баланың жаны сұлу болып өседі» дейді. Тарихымыздағы небір классиктер де, Қаныш Сәтбаев та тек өз саласымен айналысып қана қоймай, түрлі жиында домбыра да тартқан. Ал күй шерте алмағандары Мұрын жыраудың, Дина апамыздың күйлерін түсіруге көмектесіп, мұрағатқа сақтап отырған. Міне, өнерге деген құрмет осындай болуы керек. Қазіргі мемлекеттік жүйеге жетіспейтін де – осы.
– Қазір домбыраның түрі де, түсі де көп. Дегенмен домбыра таңдағанда неге баса мән берген дұрыс?
–Жоғарыда айтқанымдай, аймақтық орналасуымызға байланысты ән-күйімізде де, ұстаған аспаптарымызда да ерекшеліктер бар. Арқа, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында «Абайдың домбырасы» деп айтылатын қалақ домбыралар кең таралған. Батыс Қазақстан, Сыр бойында үш ішекті, шанақты домбыралар болған. Кейін Ахмет Жұбанов атамыз Құрманғазы оркесторын құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртістерді шақырады. Сонда әр күйші әр өңірдің домбырасымен келіпті. Олардың формасы да, пернелік саны да әртүрлі болған. Содан Ахмет Жұбанов қазақ домбыраларын пернесінің санын 19 етіп, формасын бірыңғайлап оркесторлық жүйеге келтірген. Қазір біз ұстап жүрген домбыра да оркестрлік домбыра. Ал ескі форманы әлі де ұстап, тартып жүрген адамдар бар. Кезінде домбыраға ешкінің ішегінен ішек таққан. Пернелерінің байлануы да қазіргіге ұқсамаған. Пернелер әр дыбысқа сұранып тұратындай жылжымалы болған. Қазір домбыраның ішегінен бастап, мұндай ерекшеліктерінен айрылып барамыз. Қазақтың домбыра жасау әдісінде қақпақтың астында екі жерден бел ағаш болған. Ондай домбыралардың дыбысы жақсы шықса, ғұмыры да ғасырлық болған. Қазір шеберлер домбыраға бел ағаш салмай, сата береді. Күйден хабары жоқ адамға күмбірлеп тұрғандай көрінгенімен, белағашсыз домбыра бөшке сияқты, дыбысы да қорқылдап тұрады. Сондықтан домбыра мәдениетіне де талғам керек. Базарда түрі жылтырап тұрған домбыраны ала беру дұрыс емес. Білмесеңіз, білетін адамға таңдатып алғаныңыз жөн.
– Күй әлеміндегі сіздің ұстазыңыз кім? Ал өзіңіз кімнің ұстазысыз?
– Ұстаз деген сөздің аясы үлкен. Қазақтың күй өнерінде кімдер өтті, соның бәрін өзіме ұстаз тұтамын. Солардың үнтаспасын, мұрағатын тыңдап, тәлім алып жүрміз. Ал көзін көрген ұстаздарым да бар. Ол жағынан жолым болған. Іле бойындағы Камал Мақайұлы, Ұран Ахатай, Алматыдағы музыкалық колледжде сабақ берген Қалдыгүл Бейсенбайқызы, Таласбек Әсемқұлов, Жанғали Жүзбай менің өнердегі ғана емес, өмірдегі де ұстаздарым. Домбыраны үйреніп жүрген оқушылар бар. Бірақ болашақта жүйелі түрде шәкірт тәрбиелеуді ойлап жүрмін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН