in

Ата Заң жобасындағы «Заң мен Тәртіп» қағидатының конституциялық мәртебесі талқыланды

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты ұжымымен кездесіп, жаңа Коституция жобасында айқындалған нормаларды талқыға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz референдум сайтына сілтеме жасап.

Кездесуді ашқан өңірлік коалция жетекшісі Ербол Данағұлов Ата Заң жобасындағы «Заң мен Тәртіп» қағидатының конституциялық мәртебесіне тоқталды.

«Конституция – мемлекеттің іргетасы әрі қоғам дамуының басты бағытын айқындайтын құжат. Құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясымен қатар «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік және қоғамдық дамудың негізгі құндылығы ретінде бекітіледі. Сондықтан болашақ заңгерлер ұсынылып отырған өзгерістің мәнін түсініп, қоғамдық өмірге белсенді араласуы өте маңызды», – деді Ербол Данағұлов.

Адвокат Абдухат Мырзалин жаңа Конституция жобасындағы мазмұндық өзгерістерге кеңінен тоқталды.

«Жаңа Конституция ережелерінің шамамен 85 пайызы жаңартылып отыр. Бұл елдің құқықтық жүйесінің айтарлықтай жаңғырып жатқанын көрсетеді. Егер Тәуке хан мен Есім ханның дала заңын еске алсақ, онда әділдік пен адамды қорғау қазақ құқықтық дәстүрінің негізі болғанын көреміз. Бүгінде бұл қағидаттар заманауи құқықтық тұрғыда жалғасын табуда», – деді ол.

«Ақтөбе ТВ» телеарнасының шеф-директоры Бибігүл Биманова конституциялық өзгерістердің әлеуметтік маңыздылығын атады. 

Оның айтуынша, жаңа Конституцияны болашақ ұрпақ үшін маңызды. Әсіресе, адам құқығын қорғау, цифрлық ортаны дамыту және отбасы институтын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін айтты.